Home Жаңалықтар САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ КӘСІПОРЫНДАРДЫ АРАЛАП, БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ ВИЦЕ-МИНИСТРІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ КӘСІПОРЫНДАРДЫ АРАЛАП, БИЗНЕС ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

Daismedia.kz

Түркістан облысына Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында вице-министр облыстық әкімдік өкілдерімен бірге өңірдегі өнеркәсіп орындарының жұмысымен танысып, кәсіпорын иелерімен кездесулер өткізді. Негізгі мақсат – өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту жолдарын талқылап, бизнес өкілдерінің ұсыныстарын тыңдау болды.

Ең алдымен вице-министр «Turan» арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақта орналасқан бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты.

Атап айтқанда, текстиль кластерін іске асырып жатқан «Kazakhstan Lihua» ЖШС-нің өндірісімен танысты. Жоба Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы саласын дамыту және озық агротехнологияларды енгізу бойынша қойған тапсырмаларын жүзеге асыруды көздейді.

Жобаның мақсаты – алқапта мақта өсіруден бастап дайын киім өндіруге дейін өндірістің толық циклін қалыптастыру. Нәтижесінде Отырар ауданы мен Арыс қаласында 60 мың гектар суармалы жер алаңында Орталық Азиядағы ірі мақта өсіру кешенін құру жоспарлануда. 1,4 мыңнан астам тұрақты және 300-ден астам уақытша жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар, вице-министр «ER-QAN GROUP» ЖШС полиэтилен пакетін өндіру өндірісімен танысты. Жоба орамдағы полиэтилен пакеттері мен желім (пластик) ыдыстарын шығарумен айналысуда.

Сауран ауданында орналасқан өндірістік аймаққа барып, онда іске асырылып жатқан өнеркәсіптік тоңазытқыштар шығаратын «UBC Group» ЖШС және пластмас өнімдерін шығаратын «Сауран Пласт» ЖШС қызметтерімен танысып, кәсіпорын иелерімен тілдесті.

Сапардың екінші күні Түркістан қаласындағы «Turan mall» көпсалалы сауда кешеніне барды. Мұнда ғимарат жұмыстары мен сауда инфрақұрылымының даму барысын бақылады. Кешенде жұмыс сапарының қорытындысында Түркістан қаласында ірі импорттаушылар мен сауда саласы кәсіпкерлерімен арнайы кездесу ұйымдастырылды. «Ұлы дала елі» орталығында өткен кездесуге 100-ден астам кәсіпкер қатысты. Жиында саладағы өзекті мәселелер талқыланып, кәсіпкерлердің нақты сұрақтары тыңдалды.

Сапар соңында вице-министр Ордабасы ауданындағы Индустриалды аймаққа барып, онда жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Атап айтқанда, «Altyn bricks» ЖШС құрылыс материалдарын өндіру жобасын және «Central Asia aluminum» ЖШС алюминий өнімдерін өндіру жобасын аралады. Бұл кәсіпорындар өңірдің индустриялық әлеуетін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған маңызды жобалар болып отыр.

Жалпы, Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрінің Түркістан облысына жұмыс сапары өңірдегі инвестициялық ахуалды бағалап, кәсіпкерлермен тікелей диалог орнатуға, сондай-ақ индустриялық және сауда саласындағы жаңа мүмкіндіктерді талдауға мүмкіндік берді. Сапар барысында көтерілген ұсыныстар мен мәселелер алдағы уақытта өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге бағытталған нақты іс-шараларға негіз болады.

You may also like

Leave a Comment