Home Агроөнеркәсіп ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АГРОӨНЕРКӘСІП ЖОБАЛАРЫНЫҢ ІСКЕ АСУ БАРЫСЫ БАСТЫ НАЗАРДА

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АГРОӨНЕРКӘСІП ЖОБАЛАРЫНЫҢ ІСКЕ АСУ БАРЫСЫ БАСТЫ НАЗАРДА

Daismedia.kz

Түркістан облысына ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары іс-сапармен келіп, өңірдегі агроөнеркәсіп саласындағы жобалардың іске асу барысын тексерді. Сапар барысында сенаторлар Келес және Шардара аудандарында болды. Іс-шараға комитет төрағасы Әли Бектаев, комитет мүшелері, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев қатысты.

Сенаторлар алдымен Келес ауданындағы «Ecoculture-Eurasia» ЖШС-ның заманауи жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. Кешен 51,88 гектар аумақты қамтиды және жылдық қуаттылығы 27 мың тонна көкөністі құрайды. Биыл жылыжай кешенінің 21 гектары пайдалануға берілмек. Жобаны іске асыру барысында 800 жаңа жұмыс орны құрылып, қызметкерлерді оқыту мен тағылымдамадан өткізу жүйесі енгізілуде. Негізгі өнім ретінде қызанақ өсіріледі, ал болашақта ірі және ұсақ жемісті сорттарын қатар өсіру жоспарланып отыр. Мұндай инновациялық жылыжайлар өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірісін жаңа деңгейге көтеріп, еңбек нарығына жаңа мүмкіндіктер туғызады.

Сапар барысында сенаторлар Шардара ауданындағы «Казкрахмал» ЖШС-ның жұмысымен де танысты. Бұл зауыт жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеуге арналған және 2026 жылы толықтай іске қосылуы жоспарланған. «Казкрахмал» кешені 550 жаңа жұмыс орнын ашып, крахмал өнімдерін өндіреді. Жобаның негізгі мақсаты – ішкі нарықты қамтамасыз ету, тұрақты экспортты арттыру және өңдеу өнеркәсібін дамыту болып табылады. Қазіргі таңда зауытта жүгеріні қабылдау, кептіру кешенін салу және жүгері дәнін сақтау қоймаларының құрылысы аяқталған.

Облыстық әкімдік пен сенаторлардың айтуынша, аталған жобалар Түркістан өңіріндегі агроөнеркәсіптік секторды дамытудың маңызды қадамдары болып табылады. Жобалардың іске асуы ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын құруға, өңірлік экономикаға тұрақты табыс әкелуге және экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай өндірістер жергілікті фермерлерге өнімді тұрақты түрде өткізу жолын ашып, ауыл шаруашылығын заманауи технологиялармен қамтамасыз етеді.

Сенаторлар сапар соңында жобалардың іске асу барысын қатаң бақылауда ұстайтындарын атап өтті. Олар агроөнеркәсіп кешендерінің уақытылы іске қосылуы мен жоғары өнімділікті қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істейтіндерін мәлімдеді. Түркістан облысы үшін мұндай инвестициялық жобалар өңірді агроөнеркәсіптік салада көшбасшы етуге және ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына үлес қосатыны айқын.

You may also like

Leave a Comment