Арыс қаласында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жаңа жеміс бағын құру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Қала әкімдігі тапсырмасымен «Жасыл Арыс» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 5 гектар жерге 2 000 түп алма көшетін отырғызды. Бұл шара қаладағы жасыл желекті кеңейтіп, тұрғындардың сапалы жеміс-жидекпен қамтамасыз етілуіне бағытталған.
Жеміс бағы үшін өңірде кеңінен сұранысқа ие үш алма сорты таңдалды: «Салтанат», «Бес жұлдыз» және «Золотой превосход». Бұл сорттар мол өнімділігімен, ерекше дәмімен және биіктігі 5-6 метрге дейін жететіндігімен ерекшеленеді. Мамандардың айтуынша, бұл алмалардың ерекшелігі – климатқа төзімділігі мен күтімге икемділігінде.
Жасыл желек жобасын жүзеге асыруға дайындық жұмыстары қатаң түрде жүргізілді. Алдымен жер жыртылып, тегістеліп, арнайы техникамен көшеттер отырғызуға арналған ұялар қазылды. Әрбір түп алмаға қажетті тыңайтқыштар толық көлемде енгізілді, суару жүйесін ұйымдастыру үшін екі үлкен су қоймасы мен су ұңғымасы салынды.
«Қала басшысы жеміс бағын ұлғайту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Біз топырақ құрамын зерттеп, ең қолайлы үш сортты таңдадық. Алдағы уақытта тамшылатып суару жүйесін орнатуды жоспарлап отырмыз. Егер бәрі жоспар бойынша жүрсе, арыстықтардың өз алма бағы қалыптасады», – дейді «Жасыл Арыс» КММ директоры Бақтияр Асилов.
Жаңа алма бағы Теміржолшы елді мекеніне баратын жол бойында орналасқан 50 гектар арнайы аймақта салынды. Аумағы толық қоршалып, инженерлік дайындық жұмыстары толығымен аяқталған. Мамандардың болжамынша, ағаштар алғашқы өнімін 2027-2028 жылдары береді.
Бұл бастама тек қала көркін ғана жақсартып қоймай, жергілікті тұрғындардың сапалы жеміс-жидекке қолжетімділігін арттырады. Сонымен қатар, болашақта алма бағы туризм мен агроөнеркәсіптік әлеуетті дамытуға да үлес қосуы мүмкін. Арыс тұрғындары үшін бұл – тек табиғи өнімге қол жеткізу емес, сонымен қатар жасыл аймақтың кеңеюі мен экологиялық жағдайдың жақсаруына септігін тигізетін маңызды жоба.
