Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ – СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ЕНГІЗУ МЕН «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫН ІСКЕ АСЫРУДА ЕЛ КӨШІН БАСТАП ТҰРҒАН ӨҢІР

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ – СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ЕНГІЗУ МЕН «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫН ІСКЕ АСЫРУДА ЕЛ КӨШІН БАСТАП ТҰРҒАН ӨҢІР

Daismedia.kz

Түркістан облысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен келіп, ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелер – алдағы вегетациялық кезеңге дайындық, су ресурстарын басқару, егіс алқаптарын әртараптандыру және «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы жөнінде кеңейтілген мәжіліс өткізді. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер өңірдің агросекторының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталды.

Су ресурстары – стратегиялық міндет
Вице-премьер өз сөзінде су тапшылығының Қазақстан үшін ең өзекті сын-қатерлердің біріне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, су қорының азаюы халықтың тұрмыс сапасына, ауыл шаруашылығы мен жалпы экономиканың дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және ирригациялық жүйелерді жаңғырту – уақыт талабы.

Түркістан облысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен келіп, алдағы вегетациялық кезеңге дайындық барысы және ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын әртараптандыру мәселесі бойынша мәжіліс өткізді. Сонымен бірге «Ауыл аманаты» іске асырылу барысы да талқыланды. Вице-премьер жауапты министрлер мен облыс әкіміне осы бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсуді тапсырды.

– Су тапшылығы қазірдің өзінде халықтың өмір сүру сапасына және экономиканың тұрақты дамуына тікелей кері әсерін тигізуде, бұл су ресурстарын тиімді басқару және пайдалану тиімділігін арттыру мәселелерін ерекше өзекті етеді. Қауіп-қатерлерді азайту және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында су үнемдейтін технологияларды, суару әдістерін және ирригациялық жүйелердің жағдайын мониторинг жүргізу тәсілдерін кеңінен енгізуді күшейту қажет. Сонымен қатар су ресурстарын заңсыз пайдалану, соның ішінде «қара нарық» жағдайларын болдырмау үшін құқық қорғау органдарының белсенді қатысуымен қарсы шаралар қабылдануы тиіс. егіс құрылымдарын әртараптандыруға, сондай-ақ құрғақшылыққа төзімді және аз су қажет ететін дақылдарды енгізуге ерекше назар аудару қажет. Мұндай тәсіл су ресурстары шектеулі жағдайда ауыл шаруашылығы өндірісінің өнімділігін арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауылдық аймақтардың тұрақты дамуын қолдауға мүмкіндік береді, – деді Қанат Бозымбаев.

Мәжілісте Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірде су үнемдеу технологияларын енгізуге және өндіріс орындарын ашуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытына басымдық беріліп отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен су үнемдлеу технологияларын енгізу, су нысандарын реттеу жұмыстары үздіксіз жүріп жатқанын жеткізді.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков су үнемдеу технологиясын енгізу және «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру барысындағы көрсеткіштерді баяндады. Өзге де спикерлер мәселелерге қатысты мазмұнды баяндамалар жасады.

Айта кетейік, Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республикада ерекше орын алады. Еліміздегі жалпы өнім көлемінің 13% өңірге тиесілі немесе жыл сайын 1 трлн. теңгеден астам өнім өндіріледі. Биыл су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, нақты 59 мың гектар алқапқа егілді. Оның ішінде 53,7 мың гектарға тамшылатып суару, 6,2 мың гектарға жаңбырлатып суару технологиялары қолданылып, жоспар 2 есе артық орындалды. Жалпы бүгінгі күнге облыста 114 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. Үнемделген су көлемі – 195 млн.м³. Жыл сайын 50 мың гектарға технологияны қосымша ендіру арқылы 2030 жылға қарай 364 мың гектар алқаптан 622,8 млн.текше метр су үнемдеу көзделіп отыр. Cу үнемдеу технологиялары өндірісін дамыту, қолжетімділігін арттыру мақсатында қуаттылығы 163 мың гектар алқапты қамтитын 4 кәсіпорын іске қосылды. Сонымен қатар 2026 жылы жылдық қуаттылығы 30 мың гектар алқапты құрайтын 2 кәсіпорын іске қосылады. Мақта мен күріш өсіруде жаңа су үнемдеу технологиялары қолданылып, нәтижесінде артық өнім алынды.

Облысқа 2023-2025 жылдары «Ауыл Аманаты» жобасын іске асыру үшін республикалық бюджеттен жалпы 30,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 2023 жылы 19,8 млрд теңге толық игерілсе, 2024 жылы 3,0 млрд теңге игерілді. 2025 жылға 7,4 млрд теңге қарастырылған. Аталған қаражат есебінен 6 бағыт бойынша 3 790 жоба қаржыландырылып, жалпы 25,6 млрд теңге несие берілді. Осы бағдарлама арқылы шағын кәсіпкерлік 3 662 бірлікке артты, 23,2 гектарға 477 жылыжай кешені салынды. Мал басы 72 982-ге ұлғайса, 39 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылды. 4 174 жаңа жұмыс орны ашылып, АӘК алушылар саны 441 адамға қысқарған.

Мәжілісте осы салаларды дамыту бағытында ұсыныстар беріліп, жауаптыларға міндеттер жүктелді.

Бұл көрсеткіштер жобаның ауыл халқының табысын арттыруға және ауыл шаруашылығының тиімділігін өсіруге айтарлықтай серпін бергенін көрсетеді. Мәжіліс барысында сала мамандары нақты ұсыныстарын ортаға салып, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға бағытталған міндеттер айқындалды.

Түркістан облысы су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру, ауыл кәсіпкерлігін қолдау бағытында, ел көлеміндегі жетекші аймаққа айналып келеді.

Өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстар алдағы жылдары ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауылдық жерлердің экономикалық әлеуетін нығайтуға өз ықпалын тигізбек.

You may also like

Leave a Comment