Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай, Жетісай қаласында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Ой қамшы» әдеби, тарихи білім жобасының бастамасымен еркін күрестен халықаралық турнир ұйымдастырылды. Бұл жарыс «Елім менің – Қазақстан» ұранымен өтіп, өңіріміздің жас балуандары үшін маңызды оқиғаға айналды.
Турнирдің басты демеушісі – Оразгелді ата ұрпақтары, ал ұйымдастыру жұмыстарына «Жетісай спорт клубы» КММ мен басқа да жергілікті ұйымдар атсалысты. Жарысқа көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан республикаларынан және еліміздің түрлі облыстарынан 32 команда қатысып, 500-ден астам жас балуан 17 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер үшін күресті.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков, спорт ардагері, халықаралық дәрежедегі төреші Бақыт Жаңбырбаев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Данияр Толыбаев, «Жетісай спорт клубы» КММ директоры Таласхан Битуреев және басқа да ел ағалары сөз сөйледі. Сонымен қатар, жарысқа арнайы шақырылған қонақтар арасында ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков пен ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов, грек-рим күресінен Олимпиада және Әлем чемпионаттарының жүлдегері, өзбекстандық Ихтиер Наврузов та болды.
Жарыстың негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жасөспірімдер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, жаңа таланттарды ашу және бұқаралық спортты дамыту болды. Бұл мақсаттарға сай, Жетісай ауданының жас балуандары ерекше нәтижелер көрсетіп, 15 медаль жеңіп алды. Балуандарымыздың жеңістері мен көрсеткен жоғары нәтижелері – ауданның спорттағы дамуы мен әлеуетінің айқын дәлелі.
Турнирде әртүрлі салмақ дәрежелерінде жеңіске жеткен балуандар мен олардың жаттықтырушыларына арнайы медальдар, аудан әкімінің дипломдары, чемпиондық белбеулер мен қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Марапаттау рәсімінде қатысушылар мен жеңімпаздар өздерінің жеңістерін қолдап келген жанкүйерлеріне алғыс білдіріп, ортақ жеңіске жету жолындағы еңбектерін атап өтті.
Жарыс барысында ерекше көзге түскен балуандар мен олардың жаттықтырушылары ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, турнирдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан ұйымдастырушыларға да алғыс хаттар табыс етілді.
Бұл турнир тек Жетісай ауданының жас балуандарына ғана емес, Қазақстанның еркін күрес саласына да үлкен серпін береді. Өйткені, еркін күрес – елімізде кең таралған спорт түрлерінің бірі. Жетісай ауданындағы осындай ірі жарыстар балалар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылығын арттыруға, оларды болашақ чемпиондар қатарында көруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жарыстың ұйымдастырылуына ұйытқы болған жергілікті кәсіпкерлер мен демеушілердің қолдауы маңызды рөл атқарды. Оразгелді ата ұрпақтары, турнирдің демеушілері ретінде өздерінің елеулі үлестерін қосты.
Бұл халықаралық турнир Жетісай ауданы үшін тек спорттық мереке ғана емес, сонымен бірге жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, ел мен жерге деген патриоттық сезімді ұштастыратын ерекше шара болды. Елдің әрбір облысынан, тіпті шетелдерден келген спортшылар мен қонақтар Жетісайдағы жарысқа қатысып, мықты балуандарды танып, жаңа достар тапты.
Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған бұл турнирдің өткізілуі еліміздің спорттық мәдениетінің дамуына зор үлес қосып, жастардың арасында салауатты өмір салтын насихаттаудың маңызды үлгісін көрсеткені сөзсіз.
