Home Жаңалықтар ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА АУДАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ МӘСЕЛЕЛЕРІ КЕҢІНЕН ҚАРАЛДЫ

ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА АУДАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУ МӘСЕЛЕЛЕРІ КЕҢІНЕН ҚАРАЛДЫ

Daismedia.kz

Бүгін аудан әкімі Еркеғали Әлімқұловтың төрағалығымен аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және жауапты сала жетекшілері қатысты. Жиын барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар маңызды әрі өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Мәжіліс күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асхат Райымбеков баяндама жасап, ауданда инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, аудан экономикасын әртараптандыру, жаңа өндіріс орындарын ашу және жұмыс орындарын көбейту мақсатында инвестициялық жобаларды іске асыруға ерекше назар аударылуда.

Баяндамашы қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар, олардың салалық бағыты, қаржыландыру көздері және әлеуметтік-экономикалық тиімділігі жөнінде нақты деректер келтірді. Сонымен қатар алдағы кезеңге жоспарланған жобалар туралы мәлімет беріп, инвесторлармен жұмыс жүргізу, инфрақұрылымдық қолдау көрсету және мемлекеттік бағдарламалар аясындағы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану мәселелерін атап өтті.

Келесі кезекте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Серғазы Қалдыбаев сөз алып, пәтер қарыздарын өндіру және заңсыз тұрып жатқан квартиранттарды шығару бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Баяндама барысында тұрғындар арасында коммуналдық төлемдер бойынша берешектің орын алуы саладағы негізгі мәселелердің бірі екені айтылды. Осы бағытта қабылданып жатқан шаралар, жүргізілген түсіндіру жұмыстары, заң аясында жүзеге асырылып жатқан әрекеттер және кездесіп отырған қиындықтар кеңінен талқыланды. Сонымен қатар коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру, тұрғындармен кері байланысты күшейту мәселелері де назардан тыс қалмады.

Мәжілісте Киелітас және Бірінші Мамыр ауылдық округтерінде өндірістік парктер құру мәселесі де күн тәртібінен орын алды. Бұл мәселе бойынша Бірінші Мамыр ауылдық округінің әкімі Бақытбек Маусунбеков пен Киелітас ауылдық округінің әкімі Баймырза Адамбек баяндама жасады.

Баяндамашылар өндірістік парктерді құрудың экономикалық маңыздылығына тоқталып, олардың шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, ауылдық аумақтардың инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ өндірістік парктерді іске асыру кезеңдері, қажетті инфрақұрылым, жер телімдері және күтілетін нәтижелер туралы нақты ақпарат ұсынылды.

Сонымен қатар Төлеби ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Марлен Тоқсейіт күзгі әскерге шақыру науқанының орындалу барысы жөнінде хабарлама жасады. Ол әскерге шақыру жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын, шақырылушылармен түсіндіру жұмыстарының тұрақты түрде атқарылатынын және заң талаптарының қатаң сақталатынын атап өтті.

Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы басты басымдықтардың бірі екенін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, инвестиция тарту, өндірістік парктерді дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешу және қорғаныс істері бойынша міндеттердің сапалы орындалуы ауданның тұрақты әрі ұзақ мерзімді дамуына тікелей әсер етеді.

Аудан басшысы жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар беріп, көтерілген мәселелердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар әрбір бағыт бойынша нәтижеге бағытталған жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті.

Мәжіліс қорытындысы бойынша қабылданған тапсырмалар ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Алдағы уақытта белгіленген міндеттердің орындалуы тұрақты түрде бақылауда болып, нақты нәтижелерге қол жеткізу көзделіп отыр.

You may also like

Leave a Comment