Home Агроөнеркәсіп САРЫАҒАШТА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

САРЫАҒАШТА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Daismedia.kz

Сарыағаш ауданында ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Алтын күз – 2025» мерекелік іс-шарасы жоғары деңгейде өтті. Ауданның аграрлық әлеуетін, еңбек адамдарының маңдай тері мен тынымсыз еңбегін ұлықтаған бұл мереке жергілікті тұрғындар үшін ғана емес, сала мамандары үшін де ерекше маңызға ие болды.

Салтанатты жиынға облыстық мәслихат депутаты Қайрат Салыбеков, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, еңбек озаттары, шаруа қожалықтарының жетекшілері, кәсіпкерлер мен аудан тұрғындары қатысты. Мерекелік шара ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында ауыл шаруашылығының алар орны айрықша екенін тағы бір мәрте айқындап берді.

Еңбек адамдарына құрмет

Салтанатты жиынды ашқан аудан әкімі Арман Абдуллаев жиналған қауымды ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнімен құттықтап, салада қажырлы еңбек етіп жүрген диқандар мен мамандарға ризашылығын білдірді.

– Сарыағаш ауданы – ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан аграрлы өңір. Экономиканың негізгі қозғаушы күші мен халықтың басты табыс көзі – осы сала. Елдің әл-ауқаты мен өмір сапасының артуы ауыл шаруашылығының дамуымен тікелей байланысты. Сіздердің адал еңбектеріңіздің арқасында ауданның агроөнеркәсіп кешені жыл сайын тұрақты дамып келеді. Ауыл шаруашылығындағы әрбір жетістік – шаруалар мен диқандардың маңдай тері мен мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесі, – деді аудан әкімі.

Өз сөзінде аудан басшысы соңғы жылдары Сарыағашта егін және мал шаруашылығы бағытында айтарлықтай өсім бар екенін, заманауи технологиялар мен жаңа әдістерді енгізу арқылы өнім көлемі мен сапасы артқанын атап өтті. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан субсидиялар мен жеңілдетілген несиелердің шаруаларға үлкен демеу болып отырғанын жеткізді.

Үздіктерге құрмет көрсетілді

Мерекелік жиын барысында ауыл шаруашылығы саласында үздік көрсеткіштерге қол жеткізген шаруа қожалықтары мен сала мамандары марапатталды. Олар егін өнімділігін арттыру, мал басын көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл экономикасының дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хаттармен, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Марапатталғандар қатарында көп жылдан бері адал еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі диқандармен бірге, заманауи агротехнологияларды тиімді пайдаланып жүрген жас кәсіпкерлер де болды. Бұл – ауыл шаруашылығы саласында сабақтастықтың сақталып, жаңа буынның белсенді түрде еңбекке араласып келе жатқанын көрсетеді.

Азық-түлік жәрмеңкесі – халыққа қолжетімді өнім

Мереке аясында жергілікті диқандар мен кәсіпкерлердің өнімдерінен кең көлемді азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде аудан тұрғындарына жергілікті жерде өндірілген ет, сүт өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек, бал және өзге де ауыл шаруашылығы тауарлары нарық бағасынан төмен, қолжетімді бағамен ұсынылды.

Бұл жәрмеңке бір жағынан тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз етсе, екінші жағынан жергілікті өндірушілерге өз өнімдерін тікелей тұтынушыға ұсынуға мүмкіндік берді. Аудан тұрғындары жәрмеңкенің ұйымдастырылуына ризашылықтарын білдіріп, мұндай шаралардың жиі өткізілуі қажеттігін атап өтті.

Аграрлы өңірдің болашағы жарқын

Сарыағаш ауданы – табиғи-климаттық жағдайы қолайлы, ауыл шаруашылығын дамытуға зор мүмкіндік бар өңір. Бүгінде ауданда егіншілікпен қатар, мал шаруашылығы, жылыжай кешендері, қайта өңдеу кәсіпорындары қарқынды дамып келеді. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ауыл тұрғындарының табысының артуына ықпал етуде.

«Алтын күз – 2025» мерекесі еңбек адамын дәріптеп қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласының аудан экономикасындағы стратегиялық маңызын тағы бір мәрте айқындады. Шара соңында жиналған жұртшылық еңбек адамдарын қолдауға бағытталған мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім білдірді.

Ауыл шаруашылығы – ел ырысы. Сол ырысты еселеу жолында еңбек етіп жүрген Сарыағаштың диқандары мен шаруалары қандай құрметке де лайық.

You may also like

Leave a Comment