Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ФРАКЦИЯ МӘЖІЛІСІНДЕ ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫ МЕН ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ҚАРАЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ФРАКЦИЯ МӘЖІЛІСІНДЕ ЖОЛ КАРТАСЫНЫҢ ОРЫНДАЛУЫ МЕН ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ҚАРАЛДЫ

Daismedia.kz

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық мәслихатындағы фракцияның кезекті жұмыс жиыны өтті. Мәжіліс жұмысына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «AMANAT» партиясының Хатшысы, Әйелдер қанатының жетекшісі Шолпан Каринова, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева, облыстық мәслихат депутаттары –фракция мүшелері, басқарма, департамент басшылары және Әйелдер қанатының аумақтардағы жетекшілері мен облыстық партия филиалының жауапты қызметкерлері қатысты.

Жұмыс жиынын облыстық партия филиалының төрағасы, фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев жүргізіп, күн тәртібінде «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасының орындалуы бойынша Түркістан облысының әкімі Нұралхан Оралбайұлы Көшеровтың есебін тыңдау, партияның облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты, Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреқызының атқарған жұмыстарының есебін және Әйелдер көшбасшылығын ілгерілету бойынша ұсыныстарын талқылау, Түркістан облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту туралы мәселелер қаралатындығын жеткізді.

Атап өтуіміз қажет, «AMANAT» партиясының Түркістан облысы бойынша сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасында 2023-2027 жылдарға 136 индикатор, 568 іс-шара жоспарланса, соңғы екі жыл, он айда кешенді жоспар 55 пайызға немесе 313 іс-шара толығымен орындалған. Оның ішінде ағымдағы жылға жоспарланған 121 іс-шараның 77-сі немесе 64 пайызы жүзеге асырылды. Қалған тармақтардың орындалуы жыл қорытындысымен әзірленетін статистикалық мағлұматтармен құрылымдалатын болады.

Партия бекіткен Сайлауалды бағдарламаның Түркістан облысында іске асырылу нәтижелері облыс басшысы Нұралхан Оралбайұлының есебінде баяндалды.

«- Ауыл шаруашылығы өңір экономикасының маңызды саласы болып табылады. Жыл басынан өнім көлемі 1,2 трлн. теңгені құрап, өсім 101,2 пайыз деңгейінде орындалды. Өндірілген өнім бойынша республикада көшбасшымыз. Мемлекет басшысы қайта өңдеу өндірісін дамытып, экономиканы әртараптандыруды тапсырған болатын. Осыған байланысты облыста 3 кластерлік бағытты дамытуды қолға алдық. Су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластері құрылды. Кластер – өндірістік процестің барлық кезеңдерін қамтамасыз етеді: мақта өсіруден бастап – жіп, мата, джинсы сияқты дайын тоқыма өнімдерін шығарады. Мақта кластерінде 5 жобаны іске асыру нәтижесінде 7 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылып, 201 млрд. теңге инвестиция тартылады. Мақта өнімділігі 2-3 есеге артып, көрсеткіші 60 центнерге жетеді. Нәтижесінде, 229 мың тонна мақта өңделеді. 2 мақта өңдеу зауыты және 2 су үнемдеу технологиясын шығаратын өндірісі іске қосылды. Жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталды. Жүгері кластері бағытында Шардара ауданында «Казкрахмал» зауытының құрылысы аяқталып келеді. Жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеп, 26 түрлі өнім шығарады. Жобаны іске асыру есебінен жүгері алқабын 40 мың гектардан 2030 жылы 70 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Ет кластері бағытында 7 жоба іске асырылуда. Жоба құны 50 млрд.теңге, қуаттылығы 35 мың тонна, 802 жұмыс орны ашылады. Орталық Азияда баламасы жоқ 50 мың бас ірі қара мал бордақылау және ет өнімдерін терең қайта өңдейтін ірі кешендер, заманауи мал биржасы салынуда», — деді Нұралхан Оралбайұлы.

Облыс басшысы бүгінгі күнге «Kaz Eco Meat», «Turkestan Agro.kz» және «Бесқара» ет өңдеу кешендері іске қосылғанын айтты. Нәтижесінде, қосымша 35 мың тонна ет өңдеуге жағдай жасалып отыр. Кластерлік бағыт, отандық терең қайта өңдеуді дамытып, шаруалардың өз өнімін кепілді түрде нарыққа сатуына мүмкіндік бермек. Аталған үш кластерді дамыту есебінен 2026 жылы жеңіл өнеркәсіпті 220 млрд.теңгеге, ауыл шаруашылығын қосымша 433 млрд. теңгеге ұлғайту жоспарлануда.

Мәжілісте Жол картасына енген барлық тармақтар бойынша нақты ақпараттар беріліп, партияның Сайлауалды бағдарламасын жүйелі әрі нәтижелі жүзеге асыру – өңірлік дамудың басты тетіктерінің бірі деп аталды. Бұл бағытта облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың үйлесімді ықпалдастығы нақты нәтижелерге жеткізіп отырғаны айтылды.
Облыстық фракция отырысында сөз алған «AMANAT» партиясының Хатшысы, Әйелдер қанатының жетекшісі Шолпан Каринова әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, гендерік теңдікті қамтамасыз ету және отбасы интитутын нығайту, әйелдердің саяси көшбасшылығына қолдау көрсету мемлекеттің ұзақмерзімді дамуына тікелей әсер ететін стратегиялық міндет екенін айтты.

«- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Әділетті Қазақстан – әр азаматтың құқығы қорғалған, әр баланың болашағы қауіпсіз ел екенін бірнеше мәрте атап өтті. Бұл қағида «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасының да өзегі. Әйелдердің қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына жағдай жасау, еңбек нарығында тең мүмкіндік беру, аналар мен балаларға қауіпсіз әрі сапалы орта түзу партиямыз белгілеген басты басымдықтардың бірі. Бүгінде бұл міндеттер заңнамалық, бюджеттік және институционалдық шешімдер арқылы кезең-кезеңімен іске асырылуда», — деді Шолпан Таңатқызы.

Партияның Әйелдер қанатының төрайымы саясаттағы әйелдер мен олардың қазіргі және болашақ мүмкіндіктері жайлы мағлұматтермен бөлісіп, өңірлерде әйел көшбасшыларды даярлау, құқықтық сауаттылықты арттыру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, аналар мен балалардың құқықтарын қорғау стандарттарын енгізудегі партия бастамалары жөнінде ақпарат берді.

Фракция отырысының күн тәртібіне қойылған екінші мәселе бойынша хабарлама жасаған облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева облыстық Әйелдер қанатының 10 бағыты бойынша топ жетекшілері және әрбір аудан, қалада белсенді, қоғам дамуына орнықты үлесі бар әйелдерден жетекшілер бекітілгенін айтты. Әйелдер қанатының жетекшісі ретінде жыл басынан бері жеке парақшасынан Әйелдер қанатының қызметі жөнінде 1115 жарияланым шығарғанын және газеттер мен телеарналарда 225 материал жарық көруіне ұйытқы болғанын атап өтті.

«- Облыста «Әйел аманаты» телебағдарламасы іске қосылып, жұмысшыдан бастап, танымалдыққа ие болған мықты әйелдер туралы түсірілімдер шығару қолға алынды, ай сайын Әйелдер қанатының бағыттары осылайша насихатталуда. Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған басымдықтарды халыққа жеткізуде әйел азаматтардан құралған топтарды Әйелдер қанаты көбейте түсуде. Ғылымдағы әйелдер тақырыбында Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткен дискуссиялық алаңда ғалым әйелдерді толғандыратын тақырыптар талқыланып, ұсыныстар жинақталды. Жұмысшы мамандықтар жылына орай «Әйел басқаратын кәсіпорын» онлайн пікірлесу алаңдары ашылды. Әйелдерге психологиялық қолдауда «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» атты форум өткізіліп, қоғамды мейірімге шақырдық. Форумда қазақтың байырғы жолымен ортаға орамал тастап, зорлық зомбылықты азайтуды үндедік.
Өз қаржыммен түсірілген зорланған қыз туралы «Қошқаратадағы қыз» қысқаметражды фильмі көрермендерге ұсынылды. Зорлық- зомбылықтың алдын алуға арналған брошюралар таратылды», — деді Қалйыма Жантөреқызы.

Әйелдер қанатының «Балаңа уақыт арна» акциясы бойынша, бастауыш партия ұйымдарында 76 іс шара өтіп, оның нәтижесімен 300-ден астам пост жарық көргені айтылды. Әйелдер қанатының аудандардағы жетекшілері 8 қоғамдық қабылдау өткізіп, 38 әйелдің проблемасының шешілуіне атсалысқан. Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе «Денсаулық керуені» жобасы жүзеге асып, елді мекендерде «Ерте жүктіліктің алдын алу» семинарлары психолог мамандардың, акушер-гинекологтардың қатысуымен өткізіліп, кеңестер берілген. Ордабасы ауданында және облыстық партия филиалында банкке 90 күннен аса берешегі бар әйелдерге құқықтық кеңестер беріліп, сот орындаушылармен бетпе-бет шешу жолдары қарастырылған. «Әйелдерге қолайлы кәсіпорын» әйелдерді қолдау стандарттары бойынша 15 кәсіпорынға зерделеу жұмыстары жүргізілген.

Облыстық Әйелдер қанаты заңнамаларға өзгерістер енгізу бойынша Қылмыстық кодекстің, «Сайлау туралы», «Мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңдардың тиісті тармақтарын өзгерту немесе толықтыру бойынша 22 ұсыныс жолдаған. Қайырымдылық акциялары бойынша Арыстағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, тасқын судың зардабын тартқан Ақтөбе облысының Қобда ауданына көмектер көрсетілген.

Қалыйма Жантөреқызы өзінің депутаттық қызметі жөнінде де есеп бере отырып, Кентау қаласындағы «Жұлдыз» бала бақшасын күрделі жөндеуге, Түркістан қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасына жеке ғимарат алуға қаржы бөлінгенін тілге тиек етіп, осы бастамаларға қолдау көрсеткен облыс басшылығына, депутаттық корпусқа, фракция басшылығына алғысын айтты.

Облыстық Әйелдер қанатының алдағы жұмыс бағыттары ретінде өңірімізде саяси шешім қабылдай алатын белсенді әйелдердің дерекқорын қалыптастыру, бүгін ашылу рәсімі өткен «Бөрте» әйелдердің саяси көшбасшылық мектебінен өткен қыз-келіншектерді мемлекеттік органдар мен ұйымдардағы басшы лауазымдарға, сайланатын органдарға ұсыну, көшбасшы әйелдер санының артуына және олардың қоғамдағы беделінің нығаюына ықпал етуге арналған бастамалар көтеру, әйелдердің көшбасшылығын дамыту жөніндегі өңірлік бағдарламаны әзірлеп, қабылдау, жергілікті жоғары оқу орындары және колледждермен бірлесіп, қыздарға арналған дебат, көшбасшылық клубтарды дамыту, қоғамда әйел көшбасшылығы туралы оң көзқарас қалыптастыру үшін ақпараттық-насихат кампанияларын өткізу, табысқа жеткен жергілікті әйел саясаткерлер туралы танымдық бейнероликтер, сұхбаттар шығарып, тарату міндеттері белгіленіп, бұл бағыттар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетіні айтылды.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша фракция депутаттары 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын қабылдап, бекітті. Жоспарда Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау, партияның Сайлауалды бағдарламасын және өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтарын іске асыруға бағытталған іс-шаралар қамтылды.

You may also like

Leave a Comment