Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ОТЫРАР АУДАНЫНДА ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ОТЫРАР АУДАНЫНДА ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Daismedia.kz

Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы, Отырар ауданына қарасты Ш.Қалдаяқов ауылында әлеуметтік маңызы зор жаңа нысан – заманауи жабық спорт кешені салтанатты түрде пайдалануға берілді. Бұл игі бастама ауыл тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналып, ел тәуелсіздігін нығайту жолындағы нақты қадамдардың бірі ретінде бағаланды.

Ашылу салтанатына Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай, аудандық мәслихаттың және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Уәлихан Ұзақов, белгілі меценат Әбдімәжит Сыздықбеков, еңбек ардагерлері, қоғам белсенділері, спорт саласының өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты. Жиналған қауым жаңа нысанның ауыл өміріне серпін беретінін, әсіресе жастар мен балалардың спортпен жүйелі түрде айналысуына кең мүмкіндік ашатынын атап өтті.

Салтанатты жиынды ашқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбай өз сөзінде Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі тапсырмалары өңірде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқанын айтты.

– Бұл спорт кешені тек ауыл балалары мен жастары үшін ғана емес, барлық тұрғындар үшін ортақ игілік. Мұнда жасөспірімдер кәсіби спортқа алғашқы қадамдарын жасап қана қоймай, ауыл тұрғындары да бос уақытын тиімді өткізіп, денсаулығын нығайта алады. Мұндай нысандар – ауылдың әлеуметтік әлеуетін арттыратын маңызды фактор, – деді аудан әкімі.

Іс-шара барысында аудандық мәслихаттың және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Уәлихан Ұзақов ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамыту партия жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, спортпен шұғылданатын жас буын – елдің ертеңі, сондықтан әр ауылда осындай кешендердің салынуы мемлекет пен партияның ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарымен үндеседі.
Ал спорт кешенінің бой көтеруіне демеушілік көрсеткен меценат Әбдімәжит Сыздықбеков ауыл спортына қолдау көрсету болашақта ел намысын қорғайтын чемпиондардың шығуына жол ашатынын айтты.

– Бүгінгі жасалған әрбір игі іс – болашақ ұрпақтың жарқын келешегіне салынған инвестиция. Ауыл балаларына осындай жағдай жасалса, талай дарынды спортшы осы жерден шығады деп сенемін, – деді ол.

Салтанат барысында ауыл ақсақалы Әбсаттар Сатыбалдиев те сөз алып, жаңа спорт кешенінің ашылуына үлес қосқан барлық азаматтарға алғысын білдіріп, елдің бірлігі мен амандығын тілеп, ақ батасын берді.

Жаңа спорт кешенінің жалпы аумағы 1474,6 шаршы метрді құрайды. Ғимаратта әмбебап спорт залы, жекпе-жек түрлеріне арналған арнайы залдар, әртүрлі спорт секциялары мен балаларға арналған оқу-жаттығу бөлмелері қарастырылған. Сонымен қатар футбол, бокс және күрес алаңдары жабдықталған. Кешен заманауи талаптарға сай құрал-жабдықтармен қамтылып, қауіпсіздік пен қолайлылық толық ескерілген.

Бұл кешенде ауыл жастары спорттың бірнеше түрімен кәсіби деңгейде айналысуға мүмкіндік алады. Жаттықтырушылардың айтуынша, алдағы уақытта аудандық және облыстық жарыстарға қатысатын спортшыларды дайындау жоспарланып отыр. Сонымен бірге, кешен тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, ауылда салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға қызмет етеді.

Жалпы, Тәуелсіздік күні қарсаңында ашылған бұл спорт кешені – ел игілігіне бағытталған нақты істердің айқын көрінісі. Мұндай әлеуметтік нысандар ауыл өмірінің сапасын арттырып, жастарды отансүйгіштікке, тәртіп пен еңбекқорлыққа тәрбиелеуге зор үлес қоспақ.

You may also like

Leave a Comment