Home "Ауыл аманаты" жобасы ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ:ИНКЛЮЗИВТІ ӨНЕР МЕН ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕРЛІК

ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ:ИНКЛЮЗИВТІ ӨНЕР МЕН ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕРЛІК

Daismedia.kz

Шолпан Каринова Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесі аясында маңызды бірқатар шараларға қатысты. Бұл іс-шаралардың қатарында «Еңбек» фотокөрмесі мен Инновациялық Хакатон идеялар алаңы да болды. Аталған шаралар еліміздегі еңбек адамдарының мәртебесін арттыру, жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру және қоғамдағы рөлін нығайту бағытында маңызды бастама болып табылады.

«Еңбек» фотокөрмесі жұмысшылардың, еңбек адамдарының кәсіби қызметін, олардың қоғамдағы рөлін көрсету мақсатында ұйымдастырылған. Бұл көрме Қазақстанның әртүрлі аймақтарында еңбек ететін адамдардың суреттері арқылы олардың бейнесін, еңбекке деген құрмет пен жауапкершілікті бейнеледі. Көрмеде еңбек адамдарының әртүрлі салалардағы жұмыстары мен өмірі көрсетіліп, олардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері бағаланды.

Шолпан Каринова мен іс-шараға қатысқан басқа да қонақтар көрменің мәні мен маңызына ерекше назар аударды. Олар көрмеде ұсынылған әртүрлі фотосуреттерді қарап, еңбек адамдарының еңбегін бағалаудың қажеттілігі туралы өз пікірлерін білдірді. Бұл шараның негізгі мақсаты – халыққа еңбек адамының қоғамдағы орнын таныстыру, олардың еңбегін елеу, сондай-ақ жастарды еңбекке құрметпен қарауға тәрбиелеу болып табылады.

Сонымен қатар, Шолпан Каринова Инновациялық Хакатон идеялар алаңымен де танысты. Бұл алаңда түрлі салалардан келген мамандар, студенттер мен жастардың жаңашыл идеялары мен жобалары талқыланып, жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдер ұсынылды. Хакатонның мақсаты – жастардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау, жаңа идеяларды жүзеге асыру жолдарын қарастыру және Қазақстанның экономикалық дамуында инновациялық әдістердің рөлін күшейту болды. Бұл алаңды ұйымдастыру арқылы жастарды кәсіпкерлікке, инновацияға қызықтыру, сондай-ақ олардың әлеуетін қоғам мүддесіне жаратуға септігін тигізу көзделді.

Шолпан Кариновамен бірге Түркістан облысында өткен іс-шараға облыстық партия филиалының атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты, облыстық Әйелдер қанатының жетекшісі Қалыйма Жантөреева да қатысты. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, облыстық Әйелдер қанатының Ғылымдағы әйелдерді қолдау бағытының жетекшісі Жанар Темірбекова бұл шараның мазмұнын таныстырды. Ол өз сөзінде, мұндай іс-шаралардың қоғамдағы әйелдердің рөлін арттыру, олардың ғылым мен білім саласындағы жетістіктерін көрсетуді мақсат ететінін атап өтті.

Шарада Жанар Темірбекова еңбек адамдарының қоғамдағы орны, жұмысшы мамандықтарының маңызы, сондай-ақ жастарды ғылым мен инновацияға баулу туралы өз пікірін білдірді. Ол университеттің жоғары білікті мамандар дайындап, ғылым мен білім саласындағы жаңашыл идеяларды дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

«- Университетімізде 400-ге жуық жұмысшы маман қызмет атқарады. Олардың арасында оқу ордамызда 30 жылдан астам уақыттан бері еңбек етіп жүрген мамандар бар. Сондықтан оларға арнап, бүгінгідей жоба дайындадық. Жобаны іске асыруға серіктестерімізбен қатар студенттеріміз де үлес қосты. Жұмысшы мамандарымыздың маңдай тері мен адал еңбегі ең биік құрметке лайық», деп атап өтті Жанар Амангелдықызы.

«Еңбек» фотокөрмесіне 40-қа жуық кейіпкердің күнделікті еңбегі бейнеленген фотосуреттер қойылды. Фотожобаның негізгі кейіпкерлері ретінде қазандық пен су қоймасының операторлары, құбыр жөндеуші, еден жуушы, бағбан, сушы, агротехника жүргізушісі, аула сыпырушы, ағаш шебері, жатақхана кезекшісі және тағы басқа мамандық иелері таңдап алынған. «Еңбек» медиажобасы оқу орны мен Beine.Pro интернет журналының бірлескен шығармашылық бастамасы болып отыр. Фотосуреттерді университеттің «Өнер, медиа және дизайн» факультетінің студенттері және университет фотографы Нақып Шынтеміров пен Beine.Pro-ның визуал контент продюсері әрі фотожурналисі Әйгерім Бегімбет түсірген. Алдағы күндері beinepro.kz сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларда Ахмет Ясауи университетінің «Журналистика» кафедрасының практик-оқытушысы, Beine.Pro мультимедиа редакторы Жанерке Хумардың тәлімгерлігімен студенттер дайындаған репортаждар мен рилс видеолар жарияланбақ.

Инновациялық Хакатонға қатысқан 20-ға жуық команда ауыл шаруашылығы, экология және цифрландыру бағыттары бойынша нақты әрі қолданбалы шешімдер ұсынды. Қатысушылар қысқа уақыт ішінде идеяны пысықтап, оны инновациялық жобаға айналдыру арқылы өздерінің кәсіби біліктілігі мен командалық жұмыс дағдыларын көрсетті.

Іс-шараға оқушылар, студенттер, жас мамандар мен жаңашыл идея ұсынуға ынталы жастар жиналып, өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған жобаларын талқыға салды. Ең үздік жобалар университет басшылығының қаржылай сыйлықтарына ие болады.

Жұмысшы мамандықтарды қолдау жылы аясында партия өкілдері Түркістан қаласындағы нан-тоқаш, кондитерлік тағамдар және жартылай фабрикаттар өндіретін «AIKA FOOD» кәсіпорнында болып, әйел жұмысшыларға жасалған қолайлы еңбек жағдайларымен танысты. Кәсіпорынның негізін қалаушы – Әйгерім Номанова «AMANAT» партиясы Түркістан қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі қызметін атқарады. Наубайхана мен нан өнімдерін шығаратын цехтарда жұмыс істейтін персоналдың басым бөлігін қыз-келіншектер құрайтын бұл кәсіпорын негізі қаланған 2021 жылдан бері ауқымды даму жолынан өтті. Бүгінгі таңда мұнда 50-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылып, түркістандық қыз-келіншектер шығарған өнімдер 26 дүкендер желісіне таратылады.

«AIKA FOOD» компаниясы 2023 жылы «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша жеңімпаз деп танылып, жергілікті шикізаттан өнім өндіріп, оны брендке айналдырған ұйым ретінде көпшілікке таныстырылды. Биылғы Наурыз мерекесі Түркістанда ерекше сән-салтанатпен аталып өтті. Көпшілік асыға күтетін бұл мерекеде «AIKA FOOD» компаниясы бірлік пен молшылықтың символына айналған Наурыз көже дайындап, қала тұрғындары мен қонақтарына 2,5 тонна дәстүрлі тағамды тарту етті. Компания мен оның жұмысшыларының ерен еңбегі Гиннес рекордтар кітабына енді.

«AMANAT» партиясының хатшысы Түркістанға жасаған жұмыс сапары аясында «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде «Dara Urpaq» республикамыздағы тұңғыш инклюзивті театрының дайындық жұмыстарымен танысты. Ерекше қабілетті балалар мен жастардың жаңа сахнасы болып түзілетін бұл шығармашылық ұжым өзінінің миссиясы ретінде диагнозды емес – дарынды көретінін, шектеуді емес – мүмкіндікті ашатынын, аяушылық емес – құрметті тәрбиелейтінін айқындап, баланы көлеңкеден – сахна жарығына шығаруды, Түркістанның өнерін тең мүмкіндіктер алаңына айналдыруды мақсат тұтады.

Әлеуметтік кәсіпкер, «Дара ұрпақ» қоғамдық қорының басшысы Рухабза Халдарбек қолға алған жобаға Түркістан қалалық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ербол Көкенов қолдау көрсеткен.
«- Түрлі диагнозбен туған балалар қоғамнан алыстап қалады. Өнерді терапия, мотивация, әлеуметтену құралы ретінде ілгерілетуде, ерекше қажеттілігі бар балалар үшін театр – мінбер рөлін атқарып, олардың көрінуіне, естілуіне, танылуына жол ашады. Инклюзияны – қоғамның мәдени деңгейін көрсететін өлшем деп білуіміз қажет. Ерекше қажеттіліктері бар балалар мен жастарға өнер арқылы өз болмысын танып, қоғамға толыққанды қосылуға мүмкіндік беруді көздеп отырмыз. Сахна арқылы қоғаммен байланыс орнатылып, мүмкіндіктер мәдениетін дамытуды мақсат тұтамыз. Аналарға психологиялық және әлеуметтік қолдау кеңістігін құрып, Түркістанда қалыптасқан инклюзивті мәдениетті үлгі ету жоспарымызда бар», — дейді Рухабза Халдарбек.

Театрда түрлі диагнозы бар 70 бала өнер көрсететін болады. Оның ішінде Даун синдромы бар балалар, аутизм және аутистік спектр бұзылысы бар жас өскіндер, сал ауруына шалдыққан балалар, есту, көру қабілеттерінен айырылған жастар, сөйлеу қабілеті бұзылған балалар шығармашылық дайындығын көрсететін болады. Театрдың шығармашылық ұжымы педагогтар мен тренерлерден, психологтардан, хореографтардан, мәдениет және өнер мамандарынан құралған.

Театрдың алғашқы қойылымы 17 желтоқсан күні «Жарық» мюзиклімен тұсауын кеседі. Бұл премьера — жүректен шыққан өнердің, үміттің үзілмеген жалғасы мен ерекше жандардың жеңісінің куәсі болмақ. Қойылымда ерекше қажеттіліктері бар балалар өнер көрсетіп, өздерінің қайсарлықтары, төзімділіктері және жүректеріндегі отпен дара тұлға екендіктерін паш етеді. Ерекше балалардың өнер әлеміндегі алғашқы қадамын қуана қарсы алып, оларға ерекше қолдау көрсетейік!

You may also like

Leave a Comment