Түркістан облысы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны бойынша еліміздегі жетекші өңірлердің біріне айналып келеді. Өңір экономикасының негізгі драйверлері саналатын инвестиция тарту, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар нақты нәтижесін беруде. Бүгінде облыста инвестиция көлемі мен ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2,5 трлн теңгеден асып, аймақтың экономикалық әлеуеті айқын көрініс табуда.
Осы аптада облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде аталған салалардағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жан-жақты талқыланды. Мәжіліске Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етіп, жауапты басқарма басшыларының есептерін тыңдады. Аймақ басшысы инвестиция, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларындағы индикаторларды толық орындаудың маңыздылығына тоқталып, аудан және қала әкімдеріне жұмысты күшейтуді тапсырды.
– Біздің басты мақсатымыз – Түркістан облысын өзін-өзі толық қамтамасыз ете алатын, экономикалық тұрғыдан қуатты өңірге айналдыру. Ол үшін өндіріс орындарын көбейтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жобаларды жүйелі түрде іске асыруымыз қажет. Инвестиция тарту жұмыстары тұрақты, сапалы және нәтижелі болуы тиіс. Белгіленген индикаторларды орындамаған басшылардың жауапкершілігі қатаң қаралады, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Инвестиция – экономикалық өсімнің негізі
Мәжілісте Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов өңірдегі инвестициялық ахуал туралы кең көлемде баяндама жасады. Оның айтуынша, Түркістан облысы шетелдік және отандық инвесторлар үшін тартымды аймаққа айналып отыр. Бұған өңірдің географиялық орналасуы, еңбек ресурстарының жеткіліктілігі, инфрақұрылымның кезең-кезеңімен дамуы және жергілікті биліктің инвесторларға көрсетіп отырған қолдауы оң әсер етуде.
2025 жылғы 24-25 қараша аралығында Түркістан қаласында өткен «Turkistan Investment and Tourism Forum-2025» халықаралық инвестиция және туризм форумы осының айқын дәлелі болды. Аталған форумға шетелден 153 компания өкілдері қатысып, жалпы саны 300-ден астам делегат бас қосты. Халықаралық деңгейде өткен бұл іс-шара өңірдің инвестициялық әлеуетін кеңінен таныстыруға және жаңа серіктестер тартуға мүмкіндік берді.
Форум аясында жалпы құны 432,2 млрд теңгені құрайтын 9 меморандумға қол қойылды. Аталған келісімдер негізінде Түркістан облысында бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында:
-мақта кластерін дамыту,
-металды терең өңдеу кәсіпорындарын ашу,
-жаңа индустриалды аймақ құру,
-қағаз өндіру зауытын іске қосу,
-ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кешендер салу,
-сондай-ақ басқа да өндірістік және логистикалық жобалар бар.
Бұдан бөлек, аудан және қала әкімдері де өз өңірлерінің әлеуетін пайдалана отырып, шетелдік инвесторлармен жеке меморандумдар жасасқан. Бұл өз кезегінде инвестициялардың облыс орталығымен ғана шектелмей, шалғай аудандарға да бағытталуына жол ашуда.
Инвестиция көлемі 1,4 трлн теңгеге жетті
Жыл басынан бері Түркістан облысының экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 123 пайыздық өсімді көрсетіп отыр. Мұндай жоғары көрсеткіш өңірде жүргізіліп жатқан инвестициялық саясаттың тиімділігін дәлелдейді.
Инвестициялардың басым бөлігі өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, энергетика және инфрақұрылым салаларына бағытталған. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл – қосылған құны жоғары өнім өндіруге және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы – өңір экономикасының тірегі
Түркістан облысы – аграрлық әлеуеті жоғары аймақ. Егіншілік пен мал шаруашылығы дәстүрлі түрде өңір экономикасының негізгі салаларының бірі болып саналады. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында заманауи технологияларды енгізу, су үнемдеу әдістерін қолдану және өнімді терең өңдеу бағытындағы жобалар қарқынды іске асырылуда.
Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі айтарлықтай өсіп, инвестициямен бірге 2,5 трлн теңгеден асқан. Бұл көрсеткіш өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуға және экспорттық әлеуетті арттыруға жол ашуда.
Мәжіліс қорытындысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда:
-инвестициялық жобалардың уақтылы және сапалы іске асырылуын бақылау;
-ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу үлесін арттыру;
-индустриалды аймақтардың инфрақұрылымын жетілдіру;
-жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы тұрақты жұмыс орындарын көбейту;
-аудан және қала деңгейінде инвестиция тарту жұмысын жандандыру.
Түркістан облысы алдағы жылдары да экономиканы әртараптандыру, инвестиция көлемін арттыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек. Жасалып жатқан нақты қадамдар мен қол жеткізілген нәтижелер өңірдің болашағы жарқын екенін көрсетеді.
