Түркістан облысы Бәйдібек ауданында бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар өз нәтижесін беруде. Соның жарқын дәлелі – Ақбастау елді мекенінде заманауи талаптарға сай салынған жаңа спорт кешенінің пайдалануға берілуі. Ауыл тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналған бұл нысан елді мекеннің әлеуметтік-мәдени дамуына серпін беретін маңызды жоба болып отыр.
Жаңа спорт кешенінің ашылу салтанатына аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев арнайы қатысып, ауыл жұртшылығын қуанышты жаңалықпен құттықтады. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмалары Түркістан өңірінде нақты істермен жүзеге асып жатқанын атап өтті. Әсіресе ауылдық елді мекендерде спорт инфрақұрылымын дамыту – жастардың денсаулығын нығайтып, оларды зиянды әдеттерден алшақтатудың тиімді жолы екенін жеткізді.
Аталған спорт кешенінің құрылысы 2024 жылдың тамыз айында басталған. Жобаны жүзеге асырған – «Trendim KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бір гектар аумақты алып жатқан нысанның жалпы ғимарат ауданы 939 шаршы метрді құрайды. Қысқа мерзім ішінде сапалы әрі талапқа сай салынған кешен бүгінде ауыл тұрғындарының игілігіне толықтай беріліп отыр.
Кешен ішінде волейбол, баскетбол, кіші футбол, қазақ күресі мен дзюдо сияқты спорт түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалған. Кең әрі жарық спорт залдары, қажетті құрал-жабдықтар, қауіпсіздік талаптарына сай инфрақұрылым – мұның барлығы ауыл жастарының кәсіби деңгейде жаттығуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл нысан тек спортпен шұғылдану орны ғана емес, жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, бір ортада бас қосатын, тәрбиелік мәні зор орталыққа айналмақ.
Жалпы, Бәйдібек ауданында спорт саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. Қазіргі таңда ауданда барлығы 238 спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1 су спорт кешені, 1 жабық теннис корты, 3 спорттық манеж, 53 спорт залы және 177 спорт алаңы бар. Бұл көрсеткіштер ауданның спорт инфрақұрылымы жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын айқын көрсетеді.
Аудан спортшылары да өңір абыройын асқақтатып, түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр. Биылғы жылы Бәйдібек ауданынан шыққан спортшылар тоғызқұмалақ, волейбол және еркін күрес түрлерінен жүлделі орындарға ие болып, облыс пен республика көлемінде үздіктер қатарынан көрінді. Бұл жетістіктер – жасалып жатқан инфрақұрылымдық жұмыстар мен жүйелі қолдаудың нақты жемісі.
Ақбастау ауылында ашылған жаңа спорт кешені алдағы уақытта талай жас спортшының қанатын қатайтып, үлкен ареналарға жол ашатыны сөзсіз. Мұндай нысандардың көбеюі ауыл спортының дамуына тың серпін беріп, салауатты ұрпақ тәрбиелеуге зор үлес қоспақ. Бәйдібек ауданындағы бұл бастама Түркістан өңірінде бұқаралық спортты дамыту жолындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде тарихта қалары анық.
