Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ЖАСТАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ЖАСТАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Daismedia.kz

Түркістан облысында жастардың әлеуетін арттыруға, олардың қоғамдағы белсенді рөлін айқындауға бағытталған ауқымды әрі мазмұнды шаралардың бірі – «Үздік жастар премиясы – 2025» байқауының марапаттау кеші салтанатты түрде өтті. Аталған іс-шара Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен, «Жыл көшбасшылары» жобасы аясында жүзеге асырылды.

Жастарды қолдау – ел болашағына салынған инвестиция

Байқаудың басты мақсаты – өңірде мемлекеттік жастар саясатын тиімді іске асыру, жастардың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени өмірге белсенді қатысуына серпін беру, сондай-ақ түрлі салада өзінің білімімен, талантымен, кәсіби шеберлігімен және азаматтық белсенділігімен ерекшеленген жас көшбасшыларды анықтап, лайықты марапаттау.

Марапаттау кешінің ашылу салтанатында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Жанәбіл құттықтау сөз сөйлеп, жастардың ел дамуы жолындағы орны мен маңызына ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде:

«Жастар – қоғамның қозғаушы күші, ел болашағының кепілі. Бүгінгі жетістікке жеткен әрбір жас – ертеңгі мемлекеттің тірегі. Сондықтан олардың бастамаларын қолдау, еңбегін бағалау – біздің басты міндетіміз», – деп атап өтті.

Үздіктер анықталған кеш

Байқау қорытындысы бойынша облыстың әр аудан-қаласынан келген, түрлі салада табанды еңбек етіп жүрген жас мамандар мен белсенділер марапат төрінен көрінді.

«Үздік жас мұғалім» номинациясы білім саласында жас ұрпаққа сапалы тәрбие мен білім беруде үлгі болып жүрген бәйдібектік Әдбікәрім Андасұлына және сарыағаштық Дауренбек Миатұлына табысталды.

«Үздік жас дәрігер» аталымы бойынша адам өміріне араша түсіп, кәсіби біліктілігімен көзге түскен шардаралық Бексейіт Қанатұлы мен бәйдібектік Лаура Нұрғалиқызы жеңімпаз атанды.

Спорт саласында өңір намысын абыроймен қорғап жүрген келестік Асылжан Есболұлы «Үздік жас спортшы» номинациясына лайық деп танылды.
Мемлекеттік қызмет саласында жауапкершілігімен, іскерлігімен ерекшеленген сарыағаштық Асель Еркінқызы «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» аталымын иеленді.
Қоғамдық қауіпсіздік пен бейбіт өмірді қамтамасыз етудегі ерлігі үшін төлебилік Асыл Хамитбекұлы «Үздік бейбіт өмір батыры» номинациясында топ жарды.
Кәсіпкерлік саласында тың идеяларымен, табысты жобаларымен танылған сарыағаштық Сұңқар Бердалыұлы «Үздік жас кәсіпкер» аталымына ие болды.
Экология саласында белсенділігімен көзге түскен қазығұрттық Ақтөре Мейіржанұлы «Таза Қазақстан» экологиялық жобасының үздік жасы номинациясын жеңіп алды.
Құқық қорғау саласында адал қызмет атқарып жүрген түркістандық Бақытжан Үсенұлы «Үздік жас полиция қызметкері» аталымымен марапатталды.

Жастар ресурстық орталықтарының үлесі

Шара барысында аудандық Жастар ресурстық орталықтарының да еңбегі ескерусіз қалмады. Созақ, Қазығұрт және Сарыағаш аудандық Жастар ресурстық орталықтары арнайы аталыммен марапатталды. Ал «Үздік Жастар ресурстық орталығы КММ-нің маманы» номинациясы созақтық Зарина Қалдыбайқызына бұйырды.

«Үздік жастар премиясы – 2025» байқауы – Түркістан облысындағы жастардың әлеуетін танытқан, олардың еңбегін ел алдында бағалаған маңызды алаңға айналды. Мұндай игі бастамалар жастардың өзіне деген сенімін арттырып қана қоймай, оларды жаңа белестерді бағындыруға, қоғам игілігі жолында аянбай еңбек етуге шабыттандырады.

Ең бастысы, бұл кеш – жастарға деген сенімнің, қолдаудың және болашаққа деген нық қадамның айқын көрінісі болды.

You may also like

Leave a Comment