Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ЗАМАНАУИ ҮСТЕЛ ТЕННИСІ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ЗАМАНАУИ ҮСТЕЛ ТЕННИСІ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Daismedia.kz

Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Асықата кентінде спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған маңызды жоба жүзеге асты. «SPORT ASSET MANAGEMENT» қоғамдық бірлестігінің жеке инвестициясы есебінен салынған заманауи үстел теннис орталығы ресми түрде пайдалануға берілді.

Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, жаңа нысанның іске қосылуымен жергілікті тұрғындарды және спорт сүйер қауымды құттықтады. Аймақ басшысы өз сөзінде бұл орталықтың бұқаралық спортты дамытуға, әсіресе жасөспірімдер мен жастарды салауатты өмір салтына баулуға зор үлес қосатынын атап өтті. Сонымен қатар, жеке инвестиция тарту арқылы әлеуметтік маңызы бар нысандарды көбейту өңір үшін маңызды бағыттардың бірі екенін жеткізді.

Жаңа үстел теннис орталығы халықаралық талаптарға сай жабдықталған. Мұнда кәсіби спортшылармен қатар, әуесқойлар да жаттығып, түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік алады. Орталықта жаттығу залдары, қажетті спорттық құрал-жабдықтар, спортшыларға қолайлы жағдай жасалған.

Бұл жоба Жетісай ауданында спорт саласының дамуына серпін беріп, болашақта үстел теннисінен мықты спортшыларды тәрбиелеуге жол ашады деп күтілуде. Жергілікті тұрғындар жаңа нысанның ашылуын үлкен қуанышпен қабылдап, бастаманы жүзеге асырған азаматтарға алғыстарын білдірді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту, ауылдардағы спорт инфрақұрылымын жаңарту жөнінде нақты тапсырмалар берді. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Биыл облыс көлемінде 112 спорт нысанның құрылысы басталып, бүгінгі таңда 102-нің құрылысы аяқталуда. Қалғаны 2026 жылғы өтпелі. Бүгін ашылып отырған нысан стандарттарға сай әрі заманауи үлгіде жабдықталған. Спорт нысаны бір мезетте 200-ге дейін спортшыны қабылдай алады. Мұнда үстел теннисімен бірге бокс, күрес спорт түрлерімен шұғылдануға мүмкіндік бар. Жаңа нысан Жетісай ауданының спорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтереді. Осы ретте бүгінгі нысанның бой көтеруіне демеушілік жасаған кәсіпкер, меценат, Қазақстан Республикасы үстел теннисі федерациясының президенті Әбілғазин Данияр Рүстемұлына облыс жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызды салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен шұғылдануға шақырамын! Жаңа спорт нысанынан Олимпиада және әлем чемпиондары шыға берсін! – деді Нұралхан Көшеров.

Қазақстан Республикасының Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов елімізде үстел теннисі қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары бұл спорт түріне мемлекет тарапынан да, жеке инвесторлар тарапынан да үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Елсияр Қанағатов Жетісай ауданында ашылған жаңа спорт нысаны алдағы уақытта болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін орталыққа айналатынына сенім білдірді.

Облыс әкімі аталған спорт кешеніне арнайы барып, нысанның жұмысымен танысты. Сапар барысында ол жас спортшылармен жүздесіп, олардың дайындық барысын көрді. Аймақ басшысы жас өрендерге сәттілік тілеп, мұндай заманауи спорт орталықтары жастарды спортқа баулып, олардың кәсіби деңгейде өсуіне зор мүмкіндік беретінін атап өтті.

Асықата кентінде 1 гектар аумақты алып жатқан бұл ірі спорт орталығының жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайды. Мұнда бір мезетте 200-ге жуық адам жаттығу өткізе алады. Жаттығушыларға барынша қолайлы жағдай жасау мақсатында кешенде екі үлкен жаттығу залы қарастырылған. Оның бірінде 9 үстел теннисі үстелі орнатылса, екінші залда 3 күрес кілемі, бокс рингі, заманауи тренажер жабдықтары орналастырылған. Сонымен қатар спортшыларға арналған 30 орындық жатақхана мен асхана бар. Барлық талаптарға сай салынған бұл ғимаратта енді республикалық және халықаралық деңгейдегі ірі жарыстарды өткізуге толық мүмкіндік жасалған.

Қазіргі таңда ауданда мектептер мен арнаулы орта оқу орындарының спорт алаңшаларынан бөлек, барлығы 77 ашық спорт алаңшасы жұмыс істейді. Оның 49-ы мемлекеттік меншікте болса, 28-і жеке кәсіпкерлер мен азаматтардың иелігінде. Спорт – мемлекеттің мәртебесі мен ұлттың рухын айқындайтын маңызды сала екенін ескерген билік өкілдері бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Нәтижесінде, 2023 жылы мемлекет есебінен 5 спорт нысаны салынса, кәсіпкерлердің қаржысына тағы 5 спорт нысаны бой көтерді. Ал өткен жылы мемлекеттік қаржыға 6, жеке инвестиция есебінен 4 спорт нысаны пайдалануға берілген. Биылғы жылдың соңына дейін жалпы құны 90,5 миллион теңгені құрайтын тағы 6 жаңа спорт алаңшасының құрылысы аяқталады деп күтілуде.

Бұл көрсеткіштер өңірде спорт инфрақұрылымының жүйелі түрде дамып келе жатқанын және жастардың салауатты өмір салтына бет бұруына берік негіз қаланғанын айқын көрсетеді.

You may also like

Leave a Comment