Түркістан облысы Мақтаарал ауданына қарасты Ынталы елді мекенінде ауыл тұрғындары үшін ерекше маңызға ие әлеуметтік-мәдени нысан – 200 орындық жаңа мәдениет үйі мен заманауи кітапхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Аталған нысандар елді мекеннің рухани-мәдени өмірін жандандырып, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, жастардың шығармашылығы мен білімге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Жаңа мәдениет үйі түрлі мәдени іс-шаралар, концерттер, кездесулер мен мерекелік жиындарды өткізуге толықтай бейімделсе, кітапхана оқырмандарға қолайлы жағдай жасап, заманауи талаптарға сай жабдықталған.
Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды нысанның ашылуымен құттықтады. Өңір басшысы өз сөзінде мемлекет тарапынан ауылдарды дамытуға, мәдениет пен білім саласын қолдауға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтіп, жаңа ғимараттар елдің игілігіне қызмет етіп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға септігін тигізетініне сенім білдірді.
Шара барысында ауыл ақсақалдары мен тұрғындар да сөз алып, елді мекенде осындай зәулім әрі қажетті ғимараттардың бой көтеруіне атсалысқан азаматтарға алғыстарын білдірді. Бұл мәдениет үйі мен кітапхана Ынталы ауылының қоғамдық өмірінің жаңа орталығына айналып, ауылдың мәдени дамуына тың серпін береді деп күтілуде.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Жаһан жұрты елімізді өнеріміз, мәдениетіміз арқылы танып біледі» деп атап өткен болатын. Сондықтан мәдениет саласына қолдау көрсетудің маңызы зор. Биылғы 13 наурызда Мақтаарал тұрғындарымен өткен кездесуде халық тарапынан бірнеше маңызды мәселе көтерілген болатын. Сіздер құрылысы басталып, қаржының толық бөлінбеуіне байланысты тоқтап қалған екі мәдениет үйінің құрылысын аяқтау туралы ұсыныс бердіңіздер. Бұл – Ж.Нұрлыбаев және Достық ауылдық округіндегі мәдениет үйлері. Аталған нысандарды өз бақылауыма алып, құрылыс жұмыстарына қажетті қаражат толық қарастырылды. Нәтижесінде бүгінде бұл мәдениет ошақтары халық игілігіне табысталуда. Сонымен қатар А.Қалыбеков ауылдық округіндегі бір мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ халықпен кездесуде көтерілген тағы бір маңызды мәселе – Мырзакент кентіндегі орталық саябақты қайта жаңғырту еді. Халықтың осы өтініші де назардан тыс қалмай, бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, жоба толық жүзеге асырылды. Ауылдарды, өңірді дамыту жұмыстар жалғасады, – деді Нұралхан Көшеров.
Аудан тұрғындары үшін мәдениет саласындағы қуанышты жаңалықтардың бірі – заманауи талаптарға сай жаңа Мәдениет үйінің пайдалануға берілуі. Аталған нысанның құрылысы «Нүрі-Л-Жетісай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан жүзеге асырылып, құрылыс жұмыстары 2024 жылдың мамыр айында басталған болатын. Қысқа мерзім ішінде сапалы әрі талапқа сай бой көтерген ғимарат бүгінде ауданның мәдени өміріне серпін беріп отыр.
Жаңа Мәдениет үйі жалпы көлемі 1 гектарды құрайтын кең жер телімінде орналасқан. Ғимараттың жалпы ауданы 1 273 шаршы метрді құрайды. Жобаның конкурстық құны 794 002,7 мың теңге болып, мемлекет тарапынан мәдени инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды инвестицияның нәтижесін айқын көрсетеді. Бұл – тек бір ғимараттың салынуы ғана емес, елді мекеннің әлеуметтік-мәдени әлеуетін арттыруға жасалған маңызды қадам.
Нысанның іске қосылуымен 70-тен астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды. Бұл жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға, әсіресе жастар мен сала мамандары үшін жаңа мүмкіндіктердің қалыптасуына жол ашты. Мәдениет үйінде қызмет ететін мамандар – өнер жетекшілері, кітапханашылар, ұйымдастырушылар мен техникалық қызметкерлер – ауданның рухани дамуына өз үлестерін қосуда.
Жаңа ғимаратта түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелердің жұмысына барлық жағдай жасалған. Мұнда би, вокал, домбыра, қолөнер, эстрадалық өнер және басқа да бағыттар бойынша үйірмелер тұрақты түрде жұмыс істейді. Сонымен қатар концерттер, мәдени-көпшілік іс-шаралар, мерекелік кештер мен шығармашылық кездесулер өткізуге арналған кең әрі заманауи сахнамен жабдықталған зал қарастырылған. Бұл өз кезегінде аудан өнерпаздарының шеберлігін шыңдап, таланттардың танылуына мүмкіндік береді.
Мәдениет үйінің тағы бір маңызды ерекшелігі – ғимарат ішінен заманауи талаптарға сай жабдықталған кітапхананың ашылуы. Жаңа кітапхана оқырмандарға есігін айқара ашып, білім мен руханият ордасына айналуда. Мұнда оқырмандар үшін қолайлы оқу залдары, заманауи әдебиеттер мен ақпараттық ресурстар ұсынылады. Бұл әсіресе жастар мен оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыруға оң әсерін тигізеді.
Сонымен қатар ғимаратта спорттық үйірмелерге де арнайы орындар қарастырылған. Бұл мәдениет пен спортты қатар дамытуға бағытталған кешенді тәсілдің айқын көрінісі. Салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін мұндай мүмкіндіктер тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайды.
Айта кету керек, бүгінде аудан көлемінде 10 мәдениет мекемесі халыққа тұрақты түрде қызмет көрсетіп келеді. Бұл мекемелерде жастар мен оқушылар түрлі шығармашылық бағыттар бойынша өз қабілеттерін дамытып, өнер әлеміне қадам басуда. Мәдениет ошақтары аудан тұрғындарының рухани сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жас ұрпақты өнер мен мәдениетке баулуға зор үлес қосып отыр.
Жаңа Мәдениет үйінің ашылуы – аудан өміріндегі елеулі оқиға. Бұл нысан алдағы уақытта да мәдени бастамалардың орталығына айналып, елдің бірлігін нығайтып, рухани дамуына қызмет ететіні сөзсіз.
