Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында ел жадында сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа аңыз бен ақиқаттың тоғысында жеткен киелі тұлғалар аз емес. Солардың бірі – халық арасында әулие ретінде қастерленген Меңдуана баба. Оның есімімен байланысты рухани-діни ескерткіш бүгінгі таңда Түркістан өңіріндегі маңызды зиярат орындарының бірі саналады.
Меңдуана бабаның кесенесі Түркістан қаласынан шамамен 8–10 шақырым оңтүстікте, Ынтымақ және Иасы ауылдарының шекарасында орналасқан. Нысанның нақты географиялық координаттары – 43˚13.649΄ солтүстік ендік, 068˚18.648΄ шығыс бойлық, теңіз деңгейінен биіктігі 219 метрді құрайды. Бұл аумақ табиғи-географиялық тұрғыдан қолайлы, көне дәуірден бері қонысқа айналған қасиетті мекендердің бірі болып есептеледі.
Меңдуана баба кесенесі шикі кірпіштен салынған. Осыған байланысты мазар түпнұсқа күйінде толық сақталмаған. Уақыт өте келе жоғарғы бөлігі құлап, кейіннен жергілікті халықтың күшімен қайта қалпына келтірілген. Бұл – халықтың әулиеге деген құрметінің, рухани жауапкершілігінің айқын көрінісі.
Кесене бір бөлмелі құрылыс болып табылады. Қабірдің ұзындығы – 2,8 метр, ал құрылымы жартылай цилиндр пішінді үйінді кесектерден қаланған. Сыртқы беті әк қосылған ерітінді лаймен сыланып, әктелген. Кейін құйылған іргетасының биіктігі 3,5 метр, мазардың жалпы ұзындығы 5,10 метр, ал биіктігі 3,2 метрді құрайды. Қарапайымдылығына қарамастан, кесене діни-рухани мәні зор сәулет ескерткіші ретінде бағаланады.
Деректерге сүйенсек, Меңдуана баба ХVІІ ғасырда өмір сүрген. Ол қазіргі Созақ өңірінде дүниеге келіп, өмірінің соңғы жылдарын Түркістан қаласында өткізген және осы жерде жерленген. Меңдуана баба – Ислам дінін уағыздаушы, ел аралап, халыққа рухани тәлім-тәрбие берген тұлға.
Халық аузындағы аңыздарға сәйкес, оның шын есімі Сырлыбай болған. Бетінде үлкен меңі болғандықтан және есімін тура атауға халық именіп, құрмет ретінде оны «Меңдуана баба» деп атап кеткен. Бұл атау ел ішінде кең таралып, бабаның есімімен мәңгілікке ұштасып қалған.
Меңдуана баба туралы аңыз-әңгімелер өте көп. Соның бірі – оның төрт түлік малдың ауруын емдейтін қасиеті. Ел арасында «қандай ауру болса да, бабаның жанына барып түнеп шықса, мал жазылып кетеді» деген сенім қалыптасқан. Осы қасиетінің арқасында ол мал шаруашылығымен айналысқан халық үшін аса қадірлі болған.
Тағы бір ерекшелігі – бабаның шашын екі елідей өсіріп жүруі. Ол шашын алған кезде кей адамдар оны тұмар етіп тағып, шипа мен қорғаныш ретінде пайдаланғаны айтылады. Бұл да – халықтың бабаға деген ерекше сенімінің бір көрінісі.
Аңыздардың бірінде Меңдуана баба өмірінің соңында: «Әзірет Сұлтан бабамның кесенесін көріп жатам» деп айтып, Түркістанда жерленуді аманат еткен делінеді. Бұл оның Қожа Ахмет Ясауи рухымен рухани сабақтастығын көрсетеді.
Кесене маңында жылы су ағып жатқан бұлақ бар. Халық сенімі бойынша, бұл су Меңдуана бабаның асатаяғы тиген жерден шыққан. Бүгінде зиярат етіп келген адамдар сол құдықтан су ішіп, түрлі дерттеріне шипа тілейді. Бұл орын тек тарихи ескерткіш қана емес, сонымен қатар рухани ем мен тәу ету орнына айналған.
Аңыздарда бабаның сол жерде дүкені, тәспісі, қанжарлары қалғаны да айтылады. Бұл деректер оның ел өмірімен тығыз байланыста болғанын, қарапайым халықпен бірге өмір сүргенін аңғартады.
Меңдуана баба кесенесі бүгінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің құрамына діни-рухани ескерткіш ретінде енгізіліп, мемлекет қарауына алынған. Қорғау аймағы шамамен 1,5 гектарды қамтиды.
Қорық-музей ұжымы кесенені сақтау, абаттандыру, ғылыми зерттеу және туристік әлеуетін арттыру бағытында қыруар жұмыстар атқаруда. Келушілерге жағдай жасалып, зиярат мәдениеті мен тарихи таным ұштастырылуда.
Меңдуана баба кесенесі – қазақ халқының рухани дүниетанымын, діни сенімін және тарихи жадын айшықтайтын құнды мұра. Оны жергілікті халық әулие тұтып, құрметпен зиярат етеді. Осындай киелі орындарды көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманат ету – баршамыздың ортақ міндетіміз.
Қазақ тарихында халқының жүрегінен орын алған Меңдуана баба сынды тұлғалардың мұрасы – ұлт руханиятының мәңгілік темірқазығы.
