Home Жаңалықтар ЖҮСІП АТА КЕСЕНЕСІ: ТАРИХЫ МЕН АҢЫЗДАРЫ

ЖҮСІП АТА КЕСЕНЕСІ: ТАРИХЫ МЕН АҢЫЗДАРЫ

Daismedia.kz

Жүсіп ата кесенесі Түркістан қаласынан шамамен 25 шақырым жерде, Ескі Иқан ауылының орталығында орналасқан және жергілікті маңызы бар мәдени ескерткіш болып табылады. Бұл кесене туралы бұрын археологиялық зерттеулер жүргізілмеген. Тек 2005 жылы ғалымдар кесененің іргесіне зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оның ХV ғасырда салынғанын анықтады.

Кесене бастапқыда тек Қабірхана мен Жамағатхана бөлмелерінен тұрған. Уақыт өте келе, ХХ ғасырдың басында жергілікті тұрғындар Асхана бөлмесін қосып, ғимаратты кеңейтті. Өкінішке орай, Жамағатхана бөлмесінің күмбезі мен төбе жабыны бүгінгі күнге дейін өзінің түпнұсқа күйінде жетпеген. Ал Қабірхана бөлмесі өзінің бүтіндігін сақтап, тарихи келбетін бүгінге жеткізген.

Кесененің негізгі өлшемдері жақсы сақталған, іргетас ретінде пайдаланылған алты қатар кірпіш те жақсы жағдайда сақталған. Ғимарат екі негізгі бөлмеден тұрады: Қабірхана және Жамағатхана, және екі бөлме де күмбезбен жабылған. Кесененің жалпы ұзындығы 14,2 метр, ені 12,8 метр, ал биіктігі 13,5 метрді құрайды.

2008–2010 жылдары «Қазқайтажаңарту» РМК арнайы қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, кесенені тарихи келбетін сақтай отырып жөндеуден өткізді. Бұл жұмыстар кесененің келешек ұрпаққа аман жетуіне үлкен үлес қосты.

Тарихи деректерге сүйенсек Жүсіп ата Қожа Ахмет Ясауидің замандасы, шәкірті, тағы бір аңыздарда жиені болғандығы айтылады. Ол туралы деректер көп сақталмаған. Аңыз, әпсаналар мен жергілікті көнекөз қариялардың айтуы бойынша Жүсіп атаны жергілікті халық «Ғашық Жүсіп» деп атаған. Оның мәнісі «Аллаға ғашық» дегенді білдіреді. Иқан ауылының жергілікті тұрғыны Иулдаш Нұршиддинұлының жеке мұрағатынан Жүсіп ата туралы бірқатар деректер табылған. Бұл деректерге сүйенсек Қожа Ахмет Ясауи сол заманда Яссы қаласының әкімі қызметін атқарған екен.

Әкімнің бұйрығымен Жүсіп ата Иқан ауылына өкіл болып жіберіліпті. Ол кезде Иқан ауылы өзінің жүзімдерімен барлық елге танымал болған.
Ахмет Ясауи Иқанға келгенде оған жүзімнің он екі түрінен жегізіпті. Сол кезден бастап Жүсіп ата сопылық ілімді толығымен меңгеріп, жоғарғы кемел дәрежесіне жетіп, әулие атанған екен.Халық арасында Жүсіп ата туралы аңыз әңгімелер жетерлік.

Сондай аңыздардың бірінде : Намазға әзірлік жасап жатқан Қожа Ахмет Ясауидің суын оның шәкірті Хакім ата рұқсатсыз алып жуынып қояды. Бұған ұстазы үндемейді. Келесі күні Ахмет Ясауи Хакім атаны түйеге отырғызып, «Түйе қай жерде тоқтаса, сол жерге түсесің» деп бұйырады. Түйе Хакім атаның айқайына да қарамай, тоқтамай Әмурадария, Сырдарияны өтіп Хорезмнен бір-ақ тоқтайды. Ахмет Ясауи барлық шәкірттерін шақырып Хакім атаны кім Хорезмнен алып келе алады деп сұрағанда ешқайсысы үндемейді. Сонда Жүсіп ата тұрып Хакім атаны әкелуге келісімін береді. Сонда Ахмет Ясауи Жүсіп атаға «шатырға шық» деп бұйрық береді. Жүсіп ата шатырға шыққанда, шатыр әппақ түйеге айналады. Жолға шығар алдында Ахмет Ясауи шарт қояды. Хакім атаны әкелер кезде «қолын байлап әкелесің» дейді. Жүсіп ата жол бойы Хакім атаның қолын бос қойып, Түркістанға жақындағанда ғана қолын байлап әкеледі. Хазіреті Сұлтанның алдына келгенде ол Жүсіптің бұл ісі дұрыс емес екендігін айтады. Жаза ретінде Жүсіп атаны үш рет қамшымен ұрады.

Жүсіп ата көзі ақ тірісінде әулиелік дәрежеге жеткен екен. Аңыздардың бірінде Қожа Ахмет Ясауи Жүсіп атаның үйінде болып «Сенің төртінші ұрпағың Камалиддин шайық керемет зор әулиелікке жетеді», — дейді. Сол Жүсіп атадан тараған ұрпақтары Камалиддин, Сүлеймен, одан Омар, Жиен, Сыддық деген ұрпақ қалады. Жиеннен Иқан Қожа, одан Ата қожа, одан Шарафуддин тарайды. Жергілікті көнекөз қариялардың айтуынша, 1930 жылдары Жүсіп ата кесенесінде діни кітаптар өте көп болған екен.

Өкінішке орай, Кеңес үкіметі орнағаннан соң біршама кітаптар өртеніп кеткен. Бірақ кесене ішінде жерленген тұлғалардың құлпытастары толық сақталған. Олар: Сабыр ата, Құрбан ата, Жүсіп ата, Халил ата (Жүсіп атаның ұлы), Ибраһим ата, Әбдіжалил ата, Асан ата, Әбді Әзиз ата құлпытастары. Кесене ішіндегі жерленген тұлғалар «Жүсіп атаның ұрпақтары немесе шәкірттері болуы», — мүмкін деген тұжырымдар бар.

You may also like

Leave a Comment