Бәйдібек ауданында тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның айқын дәлелі – Ағыбет ауылдық округіне қарасты Жұлдыз елді мекенінде магистральды ауыз су жүйесінің пайдалануға берілуі. Бұл – ауыл халқы үшін көптен күткен, әлеуметтік маңызы зор оқиға.
Жаңа ауыз су жүйесінің іске қосылуына арналған салтанатты іс-шараға аудан әкімінің міндетін атқарушы Бақыт Қырғызалиев, ауыл ақсақалдары, сала мамандары мен жергілікті тұрғындар қатысты. Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Бақыт Қырғызалиев жұлдыздықтарды айтулы қуанышпен құттықтап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елді мекендерді сапалы ауыз сумен толық қамту жөніндегі тапсырмасы аудан көлемінде жүйелі түрде орындалып жатқанын атап өтті.
– Таза ауыз сумен қамту – халықтың денсаулығы мен тұрмыс сапасының басты көрсеткіші. Бұл бағыттағы жұмыстар Бәйдібек ауданында ерекше назарда. Бүгінде аудан аумағындағы елді мекендердің 100 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып отыр, – деді ол өз сөзінде.
Жұлдыз елді мекенінде жүзеге асқан жоба аясында 65 тұрғын үй және жаңадан инфрақұрылым тартылған 39 тұрғын үй жері, яғни барлығы 104 үй немесе 367 тұрғын орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылды. Бұл ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін жеңілдетіп қана қоймай, санитарлық-гигиеналық жағдайдың жақсаруына, жалпы әлеуметтік ахуалдың оң өзгеруіне ықпал етпек.
Тұрғындар өз кезегінде ел игілігі жолында атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, таза ауыз су – ауылдың дамуына серпін беретін басты фактор екенін атап өтті.
Бәйдібек ауданында ауыз су саласындағы жұмыстар мұнымен шектелмейді. Қазіргі таңда «Шаян – Жамбыл – Танатар» елді мекендерінің арасындағы магистральды су құбыры мен су тазарту қондырғысын қайта құру жұмыстары басталды. Бұл ірі жоба 2026 жылға өтпелі болып табылады. Қайта жаңғырту нәтижесінде бірнеше елді мекен тұрғындарына үздіксіз әрі сапалы ауыз су жеткізу мүмкіндігі артады.
Сонымен қатар, аудан аумағындағы 14 елді мекенде ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда:
Кеңестөбе, Амансай, Жыланды, Сарыбұлақ, Мыңбұлақ, Тұрақты, Жаңаталап, Ақтас, Кеңсай, Қошқарата, Теректі, Шалдар, Жарықбас және Алмалы елді мекендеріндегі су жүйелері кезең-кезеңімен жаңартылып жатыр.
Жаңаталап және Жұлдыз елді мекендерінде ауыз су жүйелерінің құрылысы толық аяқталып, ресми түрде пайдалануға берілді. Бұл – ауыл инфрақұрылымын дамытудағы нақты нәтижелердің бірі.
Ал ағымдағы жылы Боралдай, Ағыбет, Жамбыл және Түйетас елді мекендеріндегі ауыз су жүйелерін қайта құру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарының басталуына жол ашылды. Аталған нысандардың құрылысы да 2026 жылға өтпелі.
Бәйдібек ауданы әкімдігі алдағы уақытта да тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыра бермек. Таза ауыз су, жол, инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар – барлығы да халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған.
Жұлдыз елді мекенінде жүзеге асқан бұл жоба – мемлекет пен жергілікті биліктің ел болашағы үшін атқарып жатқан нақты істерінің айқын көрінісі. Таза ауыз су – таза өмірдің кепілі.
