Home Жаңалықтар НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫМЕН КЕЗДЕСІП, ӨҢІРДІ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАРДЫ ТАНЫСТЫРДЫ

НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫМЕН КЕЗДЕСІП, ӨҢІРДІ ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАРДЫ ТАНЫСТЫРДЫ

Daismedia.kz

Нұралхан Көшеров Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инвестициялық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды талқылау мақсатында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттары Қайрат Балабиев және Нұрсұлтан Байтілесовпен кездесу өткізді. Кездесу барысында өңірдің стратегиялық басымдықтары, инвестициялық жобалардың жүзеге асу барысы және Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған міндеттердің орындалуы жан-жақты қаралды.

Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы аймақта іске асырылып жатқан ірі индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларға тоқталып, соңғы жылдары инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде күшейтілгенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа өндіріс орындарының ашылуы, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау шаралары өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуде.

Аймақта жүзеге асырылып жатқан жобалар халықты тұрақты жұмыспен қамтуға, бюджет кірісін арттыруға және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар көлік-логистика, туризм және құрылыс салаларында да өсім бар. Бұл бастамалардың барлығы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған.

Кездесу барысында Мәжіліс депутаттары елдегі саяси реформалар мен заң шығару қызметінің басым бағыттарына кеңінен тоқталды. Қайрат Балабиевтің айтуынша, биылғы жыл Парламент үшін нәтижелі болды. Мәжіліс Мемлекет басшысының Жолдауларында, Сайлауалды бағдарламасында және Ұлттық Құрылтай отырыстарында берілген тапсырмалар негізінде 100 заң қабылдап, оның 24-іне депутаттар бастамашы болған.

Атап айтқанда, Су, Бюджет, Салық, Құрылыс және Цифрлық кодекстер бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп, заңнамалық база жетілдірілді. Бұл өзгерістер экономиканың әр саласында ашықтықты арттырып, тиімді басқару тетіктерін енгізуге жол ашады.

Нұрсұлтан Байтілесов Мәжілісте қабылданған маңызды заңдардың бірі – «Жасанды интеллект туралы» заң екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл құжат Қазақстанды аталған салада жеке заңы бар мемлекеттердің қатарына қосып отыр. Заң цифрлық технологияларды дамытуға, инновациялық экожүйені қалыптастыруға және деректер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұл бастама цифрлық экономиканы дамытуға тың серпін беріп, отандық IT-сектордың халықаралық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етпек.

Кездесуде депутаттар облыс пен орталық билік арасындағы байланысты нығайту, мемлекеттік саясаттың мән-маңызын халыққа кеңінен түсіндіру және кері байланысты күшейту – ел дамуының маңызды кепілі екенін жеткізді. Өңірлердегі нақты мәселелерді Парламент мінберінде көтеру арқылы тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік бар екені айтылды.

Алдағы күндері Мәжіліс депутаттары Түркістан облысының аудандарында болып, тұрғындармен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Бұл кездесулер барысында халықтың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, өзекті мәселелер талқыланады.

Түркістан облысында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Облыс басшылығы мен Парламент депутаттарының бірлескен іс-қимылы мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асуына және халықтың әл-ауқатын жақсартуға негіз болады.

Өңір мен орталық арасындағы сындарлы диалог – Қазақстанның орнықты дамуының басты факторларының бірі.

You may also like

Leave a Comment