Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАНДА БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ АТЫНДАҒЫ ФУТБОЛ СПОРТ МЕКТЕБІ АШЫЛМАҚ

ТҮРКІСТАНДА БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ АТЫНДАҒЫ ФУТБОЛ СПОРТ МЕКТЕБІ АШЫЛМАҚ

Daismedia.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бұқаралық және кәсіби спортты, соның ішінде футболды жүйелі түрде дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, өңірлерде жаңа стадиондар салу, қолданыстағы спорт нысандарын жаңғырту және осы салаға жеке инвесторларды тарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Бұл бастамалар жас ұрпақтың салауатты өмір салтын ұстануына, спортпен тұрақты айналысуына және ел спортының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.

Осы маңызды міндеттер аясында Түркістан облысында жеке инвесторлардың қолдауымен Бекзат Саттарханов атындағы балалар футбол мектебінің құрылысы қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда нысанның негізгі құрылысы аяқталуға жақын, алдағы уақытта толық пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл жоба – өңірдегі балалар футболын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ірі әрі маңызды қадамдардың бірі.

Жуырда облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев салынып жатқан спорт нысанына арнайы барып, құрылыс барысымен танысты. Нысанды аралау кезінде ол жауапты мердігерлер мен сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар беріп, құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінің қатаң сақталуы керектігін атап өтті. Өз сөзінде Ертай Алтаев Мемлекет басшысының спортты, әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасындағы спортты дамытуға ерекше мән беретінін айтып, бұл бағыттағы жұмыстар ұлт саулығының кепілі екенін жеткізді. Сонымен қатар соңғы жылдары Түркістан облысында балалар спортының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, жаңа футбол мектебі осы үрдісті одан әрі жандандыратынына сенім білдірді.

Облыс әкімінің орынбасары аталған жобаны қолға алған азаматтар мен инвесторларға алғысын білдіріп, игі бастаманың сәтті жүзеге асуына тілектестігін жеткізді. Сондай-ақ спорт саласын дамытуға бағытталған барлық жобалар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында екенін атап өтті.

Бекзат Саттарханов атындағы балалар футбол мектебі өңірдегі жасөспірімдер мен балаларға футболмен кәсіби деңгейде айналысуға мүмкіндік беріп қана қоймай, дарынды жас спортшыларды іріктеп, оларды үлкен спортқа дайындауға бағытталмақ. Бұл орталық жергілікті таланттардың қабілетін шыңдап, болашақта республикалық және халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын футболшыларды тәрбиелеуге ықпал етеді. Сонымен бірге жаңа спорт мектебі балалар мен жасөспірімдер арасында футболды кеңінен насихаттап, бұқаралық спорттың дамуына серпін береді.

Жалпы спорт кешенінің аумағы 3 гектарды құрайды, ал ғимараттардың жалпы ауданы – 6 мың шаршы метр. Қазіргі таңда өлшемі 68×120 метр болатын ашық футбол алаңының құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар 200 орынға арналған заманауи жатақхана мен 550 адамға лайықталған оқу ғимаратының құрылысы толық аяқталып, пайдалануға дайын. Бұл инфрақұрылым жас спортшылардың оқу-жаттығу процесін тиімді ұйымдастыруға және қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта спорт кешенінің аумағында қосымша ашық футбол алаңын және заманауи спорт кешенін салу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде оқу-жаттығу базасын кеңейтіп, спортшыларды жыл бойы дайындауға жағдай жасайды.

Жалпы алғанда, Бекзат Саттарханов атындағы балалар футбол мектебінің ашылуы Түркістан облысындағы спорт саласының дамуына жаңа серпін беріп, жас ұрпақты отансүйгіштікке, тәртіпке және салауатты өмір салтына тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады.

You may also like

Leave a Comment