Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАС ТЕННИСШІ АУСТРАЛИЯДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРІНДЕ ТАРИХИ ТАБЫСҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАС ТЕННИСШІ АУСТРАЛИЯДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИРІНДЕ ТАРИХИ ТАБЫСҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Daismedia.kz

Қазақстандық жас теннисші, Түркістан өңірінің тумасы Заңғар Нұрланұлы Аустралияның Траралгон қаласында өтіп жатқан ITF J300 санатындағы халықаралық жасөспірімдер турнирінде ел тарихына енген нәтижеге қол жеткізді. Қазіргі таңда ITF әлемдік жасөспірімдер рейтингінде 12-орында тұрған отандасымыз аталған жарыстың ширек финалына жолдама алып, Қазақстан теннисі үшін маңызды белесті бағындырды.

Аустралияның жасөспірімдер арасындағы ашық чемпионаты қарсаңында ұйымдастырылатын бұл турнир – әлемдегі ең беделді жарыстардың бірі саналады. Осындай жоғары деңгейлі додада Заңғар Нұрланұлы үздік сегіздікке сенімді түрде еніп, өзінің тұрақты өсіп келе жатқан спорттық әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жарыстың үшінші айналымында қазақстандық теннисші ITF Juniors рейтингінде 21-орында тұрған АҚШ өкілі Гэвин Гудты айқын басымдықпен жеңіп шықты. Бұл жеңіс тек турнирлік маңызымен ғана емес, тарихи мәнімен де ерекшеленеді. Себебі Заңғар Нұрланұлы Траралгон қаласында өтетін J300 турнирінің жеке сайысында ширек финалға шыққан алғашқы қазақстандық жасөспірім ретінде ел спорт тарихына есімін жазды.

Бұл нәтиже – жас спортшының табандылығы мен жүйелі дайындығының, сондай-ақ отандық теннис мектебінің дамып келе жатқанының айқын көрінісі. Халықаралық аренада Қазақстан байрағын желбіретіп жүрген жасөспірімдер қатарының көбеюі – ұлттық спорттың болашағына деген сенімді арттыра түседі.

Енді Заңғар Нұрланұлыны турнирдің жартылай финалына шығу жолында аса тартысты кездесу күтіп тұр. Ол үшін қазақстандық спортшы ITF Juniors рейтингінде 5-орында тұрған бразилиялық Луиш Гута Мигельмен кортта күш сынасады. Бұл матч жас теннисшінің шеберлігі мен психологиялық дайындығын тағы бір мәрте сынайтыны сөзсіз.

Қалай болғанда да, Аустралия жеріндегі бұл тарихи жетістік Заңғар Нұрланұлының халықаралық деңгейдегі болашағы зор екенін көрсетіп, қазақстандық теннис жанкүйерлеріне үлкен үміт сыйлады.

You may also like

Leave a Comment