Ауыл шаруашылығын дамыту – стратегиялық басымдық
Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында мал шаруашылығын дамытудың стратегиялық маңызына ерекше тоқталып, 2035 жылға қарай әлемде ет тұтыну көлемі 233 миллион тоннаға, ал ет импорты 27 миллион тоннаға дейін артатынын атап өткен болатын. Президент Қазақстанның, әсіресе Азия нарығына сапалы әрі экологиялық таза ет экспорттайтын ірі елге айналуына толық әлеуеті бар екенін жеткізді.
Бұл – жай ғана болжам емес, ел экономикасының болашағына бағытталған нақты бағдар. Қазақстанның кең байтақ жайылымдық жерлері, табиғи ресурстары мен дәстүрлі мал шаруашылығы тәжірибесі аталған міндетті жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында өңірлерде жүйелі жобалар қолға алынуда. Соның бірі – Түркістан облысының Келес ауданында жүзеге асқалы отырған ірі инвестициялық жоба.
Келес ауданындағы ауқымды жоба
Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округінде 20 мың басқа арналған заманауи ірі мал бордақылау алаңын салу жоспарланып отыр. Бұл жоба жеке инвестордың бастамасымен жүзеге аспақ.
Жоба аясында 20 гектар жер теліміне 8 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, толықтай заманауи технологиялармен жабдықталған өндірістік кешен салу көзделуде. Кешен құрамына: мал бордақылау алаңдары, жем-шөп сақтау қоймалары, ветеринариялық бақылау пункттері,
қалдықтарды өңдеу жүйелері, әкімшілік және тұрмыстық ғимараттар кіреді.
Жоспар бойынша нысан іске қосылған жағдайда 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл – ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары, тұрақты табыс және әлеуметтік тұрақтылық деген сөз.
Экологиялық қауіпсіздік – басты назарда
Жобаны жүзеге асыру барысында экологиялық қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән берілген. Инвестордың мәліметінше, бордақылау алаңында:
санитарлық-қорғау аймағы толық сақталады; қалдықтарды қайта өңдейтін заманауи жүйе орнатылады; жағымсыз иістің таралуын болдырмайтын технологиялар қолданылады; қоршаған ортаға зиян келтірмейтін инженерлік шешімдер енгізіледі.
Бұл шаралар ауыл тұрғындарының алаңдаушылығын азайтып, өндіріс пен табиғат арасындағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған.
Тұрғындармен ашық диалог
Жобаға қатысты туындаған сұрақтар мен ұсыныстарды талқылау мақсатында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жоспарланған нысан аумағында болып, ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында аудан басшысы жобаның әлеуметтік-экономикалық маңызын кеңінен түсіндіріп, тұрғындардың сауалдарына нақты әрі жан-жақты жауап берді. Әсіресе ауылішілік инфрақұрылымды жаңарту, мектеп пен мәдениет үйін салу мәселелері көтерілді.
Аудан әкімі өз сөзінде:
– Ауылда кәсіпкерлік дамыса, салық түсімі артады. Салық көлемінің өсуі – ауыл бюджетінің ұлғаюына тікелей әсер етеді. Соның нәтижесінде жол салынып, мектеп пен мәдениет нысандары бой көтереді. Сондықтан біз кәсіпкерлікті қолдауға мүдделіміз. Мұндай жобалар ауылдың дамуына нақты серпін береді, – деп атап өтті.
Сонымен қатар жайылымдық жерлер мәселесіне де нақты түсініктеме берілді. Аудан әкімінің айтуынша, ауыл тұрғындары пайдаланатын жайылымдар кәсіпкерге берілмейді. Жобаның бастапқы кезеңінде тек 5 гектар жер уақытша пайдалануға ұсынылады.
Мемлекеттік қолдау және жаңа мүмкіндіктер
Кәсіп бастауға ниетті жергілікті тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау шаралары көрсетілетіні де айтылды. Бұл – тек ірі инвестор үшін емес, шағын және орта бизнес өкілдері үшін де жаңа мүмкіндіктер кезеңі деген сөз.
Бордақылау алаңы іске қосылған жағдайда: жем-шөп өндіру көлемі артады; ветеринариялық қызметтерге сұраныс өседі; логистика және тасымал саласы дамиды; қосымша сервистік кәсіпорындар ашылады.
Яғни жоба мультипликативтік әсер беріп, аудан экономикасының бірнеше бағытын қатар дамытуға ықпал етеді.
Өңір экономикасына серпін
Бұл инвестициялық бастама – Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын сапалық тұрғыдан жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған нақты қадам. Келес ауданында жүзеге асатын жоба: өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырады; экспортқа бағытталған өнім өндіру көлемін көбейтеді; ауыл халқының табысын өсіреді; әлеуметтік инфрақұрылымның дамуына жол ашады.
Қорыта айтқанда, Ақтөбе ауылдық округінде салынатын 20 мың басқа арналған ірі мал бордақылау алаңы – тек өндірістік нысан емес. Бұл – ауылды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті экономиканы нығайтуға және Қазақстанның аграрлық держава ретіндегі позициясын күшейтуге бағытталған маңызды стратегиялық жоба.
