Home Агроөнеркәсіп ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АГРОӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖӨНІНЕН ЕЛДЕ АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРДА

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АГРОӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУ ЖӨНІНЕН ЕЛДЕ АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРДА

Daismedia.kz

Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамыту қарқыны бойынша республикада көш бастап келеді. Өңір бүгінде елімізде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімінің шамамен 13 пайызын қамтамасыз етіп отыр. 2025 жылдың қорытындысында облыста өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 1 трлн 226 млрд теңгеге жеткен.

Аймақтың экспорттық әлеуеті де айрықша. Қазақстан бойынша сыртқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, ал қой етінің 75 пайызы Түркістан облысының үлесіне тиесілі. Бұл көрсеткіштер өңірдің мал шаруашылығындағы стратегиялық маңызын айқын көрсетеді.

Ет өндірісін ұлғайту мақсатында облыста қазіргі таңда жалпы құны 49 млрд теңгені құрайтын 7 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Аталған жобалар толық іске қосылған жағдайда жыл сайын қосымша 35 мың тонна ет өндіріліп, экспорт көлемі екі есеге дейін артады. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов мәлімдеді.

Оның айтуынша, 2025 жылы облыс аумағында ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектар жерге егілген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға артық. Оның ішінде көкөніс пен бақша дақылдары 117,5 мың гектарды қамтыған. Нәтижесінде 695 мың тонна дәнді дақыл, 54 мың тонна майлы дақыл, 1,5 млн тонна көкөніс пен картоп, 1,7 млн тонна бақша өнімі, 5 млн тонна мал азығы және 428 мың тонна шитті мақта жиналған.

Су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында да нақты нәтижелер бар. Су үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі бір жылда 59 мың гектарға артып, жалпы 114 мың гектарға жеткен. Бұл әдістер суды 30–50 пайызға дейін үнемдеуге және өнімділікті 20–30 пайызға арттыруға мүмкіндік берген.

2025 жыл Түркістан облысы үшін мақта шаруашылығында да табысты кезең болды. Соңғы 18 жылдағы ең жоғары өнімділік тіркеліп, гектар берекелігі орта есеппен 30 центнерді құрады. Жалпы 428 мың тонна шитті мақта жиналды. Саланы терең өңдеуге көшіру және экспортқа тәуелділікті азайту мақсатында облыста мақта-тоқыма кластерін қалыптастыру қолға алынды. Бұл бағытта жалпы құны 201 млрд теңге болатын 5 ірі жоба іске асырылып, 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Жылыжай шаруашылығы да өңір экономикасының маңызды бағытына айналып отыр. Өткен жылы жылыжай алқаптары 75 гектарға ұлғайып, жалпы көлемі 1 715 гектарға жетті. Бұл – республикадағы барлық жылыжай алаңының 76 пайызы Түркістан облысына тиесілі деген сөз. 2025 жылы жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс, 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон және 13 мың тонна құлпынай өндірілген.

Инвестиция тарту көрсеткіштері бойынша да облыс алдыңғы қатардан көрінуде. 2025 жылы ауыл шаруашылығы саласына 246 млрд теңге инвестиция тартылған. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы аясында 7,4 млрд теңге бөлініп, 3,5 млрд теңгеге 401 жоба қаржыландырылған.

Жалпы алғанда, Түркістан облысында агроөнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған бұл бастамалар өңірдің экономикалық әлеуетін күшейтіп, ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға нақты серпін беріп отыр.

You may also like

Leave a Comment