Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА «БЕРЕКЕЛІ ОТБАСЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

ТҮРКІСТАН: ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНЫНДА «БЕРЕКЕЛІ ОТБАСЫ» ТАҚЫРЫБЫНДА ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Daismedia.kz

Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында қоғам қайраткері, қазақтың қайсар қызы Оразкүл Асанғазықызымен «Берекелі отбасы» тақырыбында мазмұны терең, тағылымы мол кездесу өтті. Тағылымды шара ұлттың рухани негізі саналатын отбасы құндылықтарын дәріптеуге, жас ұрпаққа өнегелі тәрбие берудің маңызын кеңінен насихаттауға арналды.

Кездесу барысында спикер отбасының қоғамдағы орны, ата-ананың жауапкершілігі мен рөлі, ене мен келін арасындағы сыйластық, ұрпақ тәрбиесі, ұлттық болмысты сақтау, қазақ тілінің мәртебесін арттыру секілді өзекті мәселелер төңірегінде кеңінен ой қозғады. Ол өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, отбасындағы татулық пен түсіністіктің ел болашағына тікелей әсер ететінін ерекше атап өтті.

Оразкүл Асанғазықызы өз сөзінде:
– «Берекелі отбасы – берік мемлекеттің іргетасы. Егер әр шаңырақта сыйластық пен жауапкершілік үстемдік құрса, қоғам да тұрақты, ұлт та мығым болады», – деп атап өтті.

Спикер әсіресе ананың рөліне тоқталып, әйел адамның тек отбасының ұйытқысы ғана емес, қоғамдағы рухани көшбасшы екенін жеткізді. Сонымен қатар, әкенің жауапкершілігі, балаға үлгі боларлық мінез-құлықтың маңыздылығы, ұлттық тәрбиенің ерекшеліктері де жан-жақты талқыланды.

Кездесуде қазақ қоғамындағы ене мен келін арасындағы қарым-қатынас тақырыбы да кеңінен қозғалды. Бұл қатынастың тек тұрмыстық мәселе емес, ұлттың мәдени кодының бір бөлшегі екені айтылды. Сыйластық пен түсіністік бар жерде ғана отбасының берекесі артатыны мысалдар арқылы түсіндірілді.

Спикер қазіргі заман жастарына ұлттық дәстүр мен заманауи көзқарасты үйлестіре білудің маңызын айтып, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға шақырды.

Кездесу Қазығұрт ауданы әкімдігі ұйымдастыруымен өтті. Шараға мектеп мұғалімдері, «Отбасын қолдау және Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының мамандары, жастар өкілдері мен колледж студенттері қатысты.

Жастар спикерге көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, отбасы құрудағы жауапкершілік, мансап пен отбасылық өмірді қатар алып жүру, тіл мен дәстүрге құрмет тақырыптарында пікір алмасты. Ашық форматта өткен сұхбат еркін ой бөлісуге мүмкіндік берді.

Кездесу соңында аудан әкімінің орынбасары Мақсат Беркінбай киелі Қазығұрт ауданы тұрғындары және аудан әкімі Азизхан Исмаилов атынан Оразкүл Асанғазықызына ел бірлігі мен отбасы институтын нығайту жолындағы сүбелі еңбегі үшін ерекше алғыс білдірді.

Іс-шара тағылымды ойлармен, рухани серпіліспен түйінделіп, қатысушыларға үлкен әсер қалдырды. «Берекелі отбасы» тақырыбындағы бұл кездесу – ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі екені сөзсіз.

Қазығұрт төрінде өткен тағылымды жиын әр отбасының берекесі – елдің болашағы екенін тағы бір мәрте айқындады.

You may also like

Leave a Comment