Түркістан қаласы, Конгресс-холл – Қазақстан Республикасында қоғамдық кеңестердің құрылғанына 10 жыл толуына орай салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Бұл маңызды шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өңірдің қоғамдық кеңестер мүшелерін, белсенді азаматтарды және ардагерлерді мерейлі мерекелерімен құттықтады.
– Баршаңызды Қоғамдық кеңестер институтының құрылғанына 10 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – азаматтық қоғамның орны айқындалып, мемлекет пен халық арасындағы ашық диалогтың дамығанын білдіретін маңызды белес. Өткен он жыл ішінде қоғамдық кеңестер қоғамдық бақылаудың пәрменді тетігіне, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ететін маңызды алаңға айналды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруда қоғамдық кеңестердің рөлі ерекше. Жуырда Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы ел тағдырына қатысты маңызды шешімдерді жариялады.
Мемлекетіміздің саяси жүйесіндегі өзгерістер мен рухани дамуы бағытындағы бастамалар көтерілді. Міне, осы Құрылтайда айтылған маңызды ойлар мен идеяларды Түркістан жұртшылығы да қолдап, оң пікірлерін білдіріп жатыр. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылып, оның алғашқы отырыстары өтіп жатыр. Маңызды комиссияға облысымыздың атынан да өкілдер қатысуда. Бұл да жергілікті жердегі азаматтық қоғам институтына деген сенімнің көрінісі. Алдағы уақытта да қоғамдық кеңестер әділетті қоғам құру, заң үстемдігін нығайту, ашықтық пен сенімді арттыру жолында белсенді жұмысын жалғастырады деп сенемін. Осы айтулы мереке күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! – деген Нұралхан Көшеров бірқатар белсенді азаматқа марапат тапсырды.
Жиында Түркістан облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы Байділдә Жылқышиев, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағасы Алмас Салимов және облыстың Құрметті азаматы Шәріпбек Жамалбеков құттықтау сөз сөйледі. Облыс өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынып, халық әндері мен отандық және шетелдік композиторлардың танымал әндерін орындады.
Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 18 қоғамдық кеңес нәтижелі жұмыс атқарып, өңірлік маңызы бар мәселелердің шешілуіне ықпал етіп келеді. 2025 жылы барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестердің 226 отырысы және 107 қоғамдық тыңдау өткізіліп, шешімдер қабылданды. Соның ішінде 270 мемлекеттік орган басшыларының есептері тыңдалып, қоғамдық кеңестің мүшелері өзекті мәселелер бойынша 258 қоғамдық мониторинг жұмыстарын жүргізген.
Осы көрсеткіштер қоғамдық кеңестердің өңірлік маңызы бар мәселелерді шешуде нақты рөл атқаратынын дәлелдейді. Азаматтық қоғамның дамуына, ашықтық пен есептілікке негізделген бұл институт мемлекет пен халық арасындағы диалогты нығайтып, қоғамдағы сенімді арттыруға үлес қосуда.
Түркістандағы 10 жылдық мереке – тек өткен жетістіктерді еске алу ғана емес, сонымен қатар азаматтық қоғам институтының одан әрі дамуына серпін беретін маңызды оқиға болды. Қоғамдық кеңестер халық мүддесін қорғауға, мемлекеттік саясаттың ашықтығын қамтамасыз етуге және құқықтық мәдениетті нығайтуға белсенді үлес қосып келеді.
Бұл іс-шара – қоғамдық кеңестердің елімізде құқықтық мемлекет құрудағы маңызын, қоғамдағы белсенді азаматтардың қызметін дәріптейтін нақты мысал болып табылады.
