Қаңтардың қақаған аязы мен жауын-шашынына қарамастан, Түркістан облысы диқандары көктемгі науқанды ерте бастап кетті. Әсіресе Мақтаарал ауданы еңбекқор шаруалары 25 гектар егістік алқапқа ерте пісетін қырыққабат дақылын егіп үлгерді. Биыл аудан бойынша жалпы 1200 гектарға жуық жерге қырыққабат отырғызу жоспарланып отыр. Бұл – өңірдегі көкөніс шаруашылығының қарқынды дамып келе жатқанын көрсететін айқын дәлел.
Ерте өнім беретін қырыққабатты егу жұмыстарына қазірдің өзінде 10-нан астам бригада жұмылдырылған. Қарбалас тірлік күн сайын таңғы алакеуімнен басталып, кешкілікке дейін жалғасады. Диқандар әрбір ашық күнді тиімді пайдаланып, уақытпен санаспай еңбек етуде.
Дала жұмыстарын ерте бастаған қожалықтардың бірі – «Елман» шаруа қожалығы. Елман Әлиев басқаратын бұл шаруашылықтың еншісінде 3,2 гектар жер бар. Биыл оның барлығына қырыққабат көшеті отырғызылуда. Қожалықта 50 адамнан құралған бригада жұмыс істейді.
– Жұмысшыларға күніне 6 мың теңгеден еңбекақы төлеудеміз. Қаңтардың әрбір күнін тиімді пайдаланып жатырмыз. Егілген көшеттің үстін арнайы жапқышпен жауып, жауын-шашын мен суықтан қорғаймыз. Негізінен екі ай көлемінде өнім пісіп жетіледі. Ерте еккеннің пайдасы – нарыққа алғашқы болып шығамыз. Былтыр қырыққабаттың бағасы жақсы болды. Биыл да сол нәтижеден үміттіміз, – дейді Е.Әлиев.
Мақтааралдық диқандар негізінен салмағы 1–1,5 келіден аспайтын қырыққабаттың «Ринда», «Пекин», «Пандион» сынды ерте пісетін сұрыптарын отырғызуда. Бұл өнім түрлеріне еуропалық және ресейлік тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары. Ерте жиналған өнім экспортқа бағытталып қана қоймай, ішкі нарықты да қамтамасыз етеді.
Қырыққабат – тез пісетін дақыл. Сондықтан оны жинап алған соң, диқандар жерді бос қалдырмайды. Оның орнына қауын-қарбыз, мақта, жүгері секілді басқа дақылдар егіледі. Осылайша шаруалар бір жылда екі рет, тіпті үш рет өнім алуға мүмкіндік жасап отыр. Бұл – жердің әр гектарын тиімді пайдалану деген сөз.
Мақтаарал ауданында өткен жылы 520 гектар алқапқа қырыққабат егіліп, 11 мың тоннаға жуық өнім жиналған. Оның басым бөлігі Ресей мен Беларусь елдеріне экспортталған. Бұл көрсеткіш ауданның аграрлық әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейді.
Биылғы 1200 гектарлық жоспар жүзеге асса, өнім көлемі бұдан да артып, экспорт географиясы кеңеюі әбден мүмкін. Ерте пісетін көкөніс түрлеріне деген сұраныс жыл сайын өсіп келеді. Әсіресе қыс пен көктем айларында жаңа өнімге деген қажеттілік жоғары болады.
Қаңтардың суығы мен жауынына қарамастан алқап басында жүрген диқандар үшін әрбір күн – табысқа бастар қадам. Ерте басталған еңбек маусымы – мол өнім мен тұрақты табыстың кепілі.
Түркістан облысы, соның ішінде Мақтаарал ауданы көкөніс шаруашылығы бойынша еліміздегі жетекші аймақтардың біріне айналып келеді. Қырыққабат егу науқаны – соның айқын көрінісі. Еңбекқор шаруалардың табандылығы мен тәжірибесі биыл да мол өнімге негіз болары сөзсіз.
