Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ МҰРАЛАРДЫ САҚТАУ ЖӘНЕ ЮНЕСКО ТІЗІМІНЕ ЕНГІЗУ БАҒЫТЫНДА ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ МҰРАЛАРДЫ САҚТАУ ЖӘНЕ ЮНЕСКО ТІЗІМІНЕ ЕНГІЗУ БАҒЫТЫНДА ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Daismedia.kz

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Ұлттық құрылтайдағы сөзінде еліміздің тарихи және мәдени мұраларын халықаралық деңгейде таныту қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы, ғалымдардың Қызылорда жеріндегі Сауысқандық пен Түркістан облысы аумағындағы Арпа өзенінен жалпы саны 17 мыңға жуық петроглиф тапқанын атап өтіп, осындай құнды жәдігерлер мен ұлттық дәстүрлерді ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуді тапсырды. Бұл қадам тек тарихи мұраны сақтау ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның мәдени туризмін дамытуға да үлкен серпін береді.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – Түркістан облысының тарихи-мәдени картасында ең басты нысандардың бірі. 2003 жылы Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-сессиясында кесене әлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Бұл тарихи кешеннің жай-күйін сақтау Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бақылауында жүзеге асырылуда.

2023 жылы кесененің жай-күйін кешенді зерттеу жұмыстары басталып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Сонымен қатар, кесененің аумағында орналасқан «Күлтөбе» қалашығын абаттандыру жобасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сондай-ақ 1972 жылғы ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұраны қорғау конвенциясының талаптарына сәйкес ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра комитетімен келісу жұмыстарынан өтуде.

Бұл жұмыстар кесененің тарихи және мәдени мәнін сақтап қана қоймай, оны әлемдік деңгейде танымал етуге мүмкіндік береді. Кесене тек Түркістанның ғана емес, бүкіл Қазақстанның мәдени символына айналған.

Түркістан облысында тарихымызды бейнелейтін таңбалы тастар көп шоғырланған. Солардың бірі – Созақ ауданында орналасқан Арпаөзен петроглифтері. 2023 жылы бұл аумақта археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі таңда Арпаөзен археологиялық кешенін арнайы қорғауға алу шаралары жүзеге асырылуда.

Арпаөзен петроглифтерін қорғау жұмыстары екі кезеңнен тұрады: біріншісі – археологиялық зерттеу және деректерді жинау, екіншісі – қорғалатын аумақ ретінде ресми тіркеу және халықаралық қорғау стандарттарына сәйкес сақтау.

Айта кетейік, 2021 жылы Арпаөзен петроглифтері ЮНЕСКО-ның әлемдік мұраларының алдын-ала тізіміне енгізілген болса, 2025 жылы Арпаөзен археологиялық кешені республикалық маңызы бар тарихи-мәдени мұралардың мемлекеттік тізіміне енгізіледі. Бұл қадам тарихи ескерткіштерді қорғаудың заңнамалық негізін күшейтеді және халықаралық стандарттарға сәйкес сақталуына мүмкіндік береді.

Түркістан облысы тек кесене мен петроглифтермен шектелмейді. Облыс аумағында туристер көп шоғырланатын ортағасырлық қалашықтар бар. Олардың ішінде Сауран, Отырар, Күлтөбе қалашықтары ерекше орын алады.

Бұл қалашықтарды зерттеу және сақтау жұмыстары «Ұлы Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» атты трансұлттық аталым бойынша Дүниежүзілік мұра тізіміне енгізу жоспарымен тығыз байланысты. Дүниежүзілік мұра мәртебесі қалашықтардың тарихи рөлін ғана емес, сонымен қатар транзиттік сауда жолдарының және мәдени өзара байланыстардың маңызын айқындайды.

ЮНЕСКО тізіміне ену қалашықтарды халықаралық деңгейде танытуға, туризмді дамытуға, сондай-ақ археологиялық және тарихи зерттеулерді жандандыруға мүмкіндік береді.

Түркістан облысы – Қазақстанның мәдени және тарихи мұраларының алтын қазынасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, мұраларды ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізу тек мәдени құндылықтарды сақтау ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның халықаралық мәдени рөлін нығайтуға қызмет етеді.

Қазіргі уақытта Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Арпаөзен петроглифтері, ортағасырлық қалашықтар мен басқа да тарихи ескерткіштер халықаралық деңгейде танымалдылыққа қол жеткізуде. Бұл жұмыстар тек археологиялық зерттеу мен сақтау шараларымен шектелмей, сонымен қатар мәдени туризм мен білім беру саласын дамытуға да үлкен серпін береді.

Қазақстанның тарихын зерттеу және қорғау жолындағы бұл бастамалар еліміздің мәдени мұрасын болашақ ұрпаққа сақтап қалуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

You may also like

Leave a Comment