Түркістан облысы аумағында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірде ауыл шаруашылығы жерлерінің мелиоративтік жағдайын жақсарту, жер асты суы деңгейін реттеу және егістік алқаптардың өнімділігін арттыру мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы негізгі жобалардың бірі – тік дренажды ұңғымаларды қайта қалпына келтіру.
Аталған жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов ауданда салынып жатқан тік дренажды ұңғымалардың құрылыс алаңдарын аралап, арнайы зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Аудан басшысы жауапты сала мамандарымен және мердігер мекеме өкілдерімен бірге құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкестігін, қолданылып жатқан құрылыс материалдарының сапасын және белгіленген мерзімдердің сақталуын тексерді. Сонымен қатар, техникалық қауіпсіздік талаптарының орындалуына да ерекше назар аударылды.
Зерделеу барысында кейбір ұңғымаларда құрылыс жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмегені анықталды. Атап айтқанда, техникалық талаптардың толық сақталмауы, ұйымдастыру мәселелеріндегі олқылықтар және шаруалардың егістік алқаптарға еркін өтуіне кедергі келтіру жағдайлары тіркелді.
Осыған байланысты мердігер мекеме өкілдеріне қатаң ескерту жасалып, анықталған кемшіліктерді қысқа мерзім ішінде жою тапсырылды. Жауапты бөлім басшыларына мердігерлермен жұмысты күшейту, құрылыс сапасын арттыру және нысандарды белгіленген мерзімде аяқтауды қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
Тік дренаж жүйелері жер асты суының деңгейін реттеп, топырақтың тұздану деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттырып, шаруалардың табысын көбейтуге жол ашады. Сондықтан дренаж жүйелерінің сапалы салынуы – өңір үшін стратегиялық маңызы бар мәселе.
Айта кетейік, 2023 жылдың қазан айында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен «ҚазСушар» РМК тапсырысымен, Ислам Даму банкі қаржысы есебінен 210 дана тік дренажды ұңғымаларды қайта қалпына келтіру жұмыстары басталған болатын. Жоспар бойынша жоба 2026 жылдың сәуір айында толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Жоба аясында жұмыстар екі мердігер мекеме арқылы жүзеге асырылуда:
«КиікбайСтройСервис» ЖШС арқылы Мақталы, Қызылқұм, Абай ауылдық округтеріндегі 97 дана тік дренажды ұңғымалар қалпына келтіріледі. Нәтижесінде 16 мың гектар алқаптың мелиоративтік жағдайы жақсарады деп жоспарлануда.
«Арт-Құрылыс» ЖШС арқылы Ералиев, Ынтымақ, Ш.Ділдабеков ауылдық округтеріндегі 113 дана тік дренажды ұңғымалар қайта қалпына келтіріледі. Бұл жұмыстар 20 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайын қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, 210 ұңғыманың іске қосылуы арқылы 36 мың гектарға жуық егістік алқаптың жағдайы жақсарып, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігі артады деп күтілуде.
Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысы экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту – өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, экспорттық әлеуетін арттыруға және ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға тікелей әсер етеді.
Облыс және аудан әкімдігі тарапынан құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзіміне тұрақты бақылау жасалып отыр. Алдағы уақытта да жауапты сала басшылары тарапынан мердігер ұйымдардың жұмысына жүйелі мониторинг жүргізіліп, әрбір ұңғыманың сапалы әрі талапқа сай пайдалануға берілуі қамтамасыз етілетін болады.
Осылайша, тік дренаж жүйелерін қайта жаңғырту жобасы өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға бағытталған ірі инфрақұрылымдық бастама ретінде өз жемісін бермек.
