Түркістан облысына қарасты Мақтаарал ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған кешенді жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Соның ішінде егістік алқаптардың өнімділігін арттыруға бағытталған қысқы сор шаю науқаны биыл ерекше қарқынмен жүргізілуде. Бұл – топырақтың тұздану деңгейін төмендетіп, алдағы көктемгі дала жұмыстарына сапалы дайындық жасауға мүмкіндік беретін маңызды агротехникалық шаралардың бірі.
Аудан аумағындағы суармалы егіншіліктің тірегі саналатын Достық каналы бүгінде ағын суға толып, оның тармақтары арқылы барлық егістік алқаптарға су жеткізілуде. Қыс мезгілінде судың жеткілікті болуы – сор шаю жұмыстарын уақытылы әрі сапалы атқарудың басты алғышарты.
Мамандардың айтуынша, топырақ құрамындағы зиянды тұздарды шайып, жердің құнарлылығын қалпына келтіру үшін дәл осы қыс айлары ең қолайлы кезең болып есептеледі. Себебі бұл уақытта булану деңгейі төмен болады да, су топыраққа терең сіңіп, тұз қабаттарын тиімді түрде ығыстырады.
Мақтаарал ауданында егістік алқаптардың өнімділігін арттыру мақсатында қысқы сор шаю жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда аудан аумағындағы негізгі су көзі – «Достық» каналы ағын суға толып, оның тармақтары арқылы барлық егістік алқаптарға су жеткізілуде. Аудан бойынша жалпы егістік алқап көлемі 60 330 гектарды құрайды. Бүгінгі күнге дейін соның 31 867 гектарында пал алу жұмыстары атқарылған. Сонымен қатар 3 127 гектар жер терең қопсытылып, 3 509 гектар алқап тегістелді. Бұл – егістік жерлерді жаңа маусымға дайындау бағытындағы маңызды агротехникалық шаралар. Жалпы Мақтаарал ауданында 46 800 гектар жерге қысқы сор шаю жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Алайда қазіргі таңда 3 872 гектарда ғана сор шаю жұмыстары орындалып, бұл жоспардың 8,3 пайызын құрап отыр.
Осыған байланысты аудан әкімі Бақыт Асановтың тапсырмасына сәйкес, ағын суға жауапты мекеменің өкілдері, ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары, ауылдық округтердің әкімдері тарапынан шаруаларға түсіндіру жұмыстары күшейтілуде. Жиындар мен кездесулер барысында сор шаюдың маңыздылығы, оның топырақ құнарлылығына тигізер оң әсері және уақытылы жүргізудің қажеттілігі кеңінен түсіндірілуде.
Аудан басшысы қысқы сор шаю және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын жедел күшейту қажет екенін атап өтіп, жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Айта кетсек, биыл аудан көлемінде су үнемдеу технологияларын 8 мың гектар жерге енгізу жоспарланып отыр. Бұл бағытта нақты жұмыстар қолға алынған. Қазіргі таңда 2 349 гектар жердің иелерімен су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша келісімшарттар жасалған. Аталған технологиялар су ресурстарын тиімді пайдалануға және егін шаруашылығының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мақтаарал ауданы – еліміздегі суармалы егіншілік қарқынды дамыған өңірлердің бірі. Сондықтан жердің құнарлылығын сақтау мен арттыру – стратегиялық маңызы бар міндет. Қысқы сор шаю, терең қопсыту, тегістеу және су үнемдеу технологияларын енгізу сынды шаралар кешенді түрде жүзеге асқанда ғана жоғары өнімге қол жеткізуге болады.
Қазіргі таңда ауданда ұйымдастыру жұмыстары күшейтіліп, шаруаларды қолдау бағытындағы түсіндіру, әдістемелік көмек көрсету және техникалық сүйемелдеу шаралары жалғасуда. Бұл өз кезегінде көктемгі егіс науқанына тыңғылықты дайындық жасап, алдағы маусымда мол өнім алуға негіз болмақ.
Мақтааралдық диқандар үшін әрбір гектар жердің өнімділігі – экономикалық тұрақтылық пен табыстың кепілі. Сондықтан қысқы сор шаю жұмыстарының сапалы әрі толық көлемде орындалуы – ауданның аграрлық әлеуетін арттырудағы маңызды қадам болып қала береді.
