Home Ауыл шаруашылығы ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ҮЙІРГЕЛІК ЖЕРЛЕРДІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ҮЙІРГЕЛІК ЖЕРЛЕРДІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ

Daismedia.kz

Түркістан облысы еліміздің аграрлық әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі ретінде ауыл шаруашылығы саласында тұрақты даму көрсетіп келеді. Соңғы жылдары өңірде егістік көлемін тиімді пайдалану, заманауи жылыжай кешендерін көбейту және үйіргелік жерлерді игеру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалар ауыл халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ішкі нарықты отандық өніммен қамтуға оң ықпал етуде.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов ауылдық округтерде игеріліп жатқан үйіргелік жерлер мен жылыжай шаруашылықтарының жай-күйімен танысты. Аудан басшысы қырыққабат көшеттерін өндірумен және құлпынай өсірумен айналысатын бірқатар шаруашылықтарға арнайы барып, атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көріп, шаруалармен еркін форматта сұхбат құрды.

Аудандағы 79 215,7 гектар жалпы егістік жер көлемінің 3 033,983 гектары – үйіргелік жерлер. Аталған аумақтың 2 624,8 гектары өнім өндіру мақсатында пайдаланылса, 312,467 гектар жерге көпжылдық екпелер егілген. Пайдаланылып жатқан үйіргелік жерлердің 31,1 гектарына қырыққабат, ал 0,11 гектар алқапқа таңқурай, құлпынай және қарақат жемістері отырғызылған.

Үйіргелік жерлерде өндірілген өнімдер негізінен жергілікті базарлар мен дүкен сөрелеріне шығарылып, тұрғындарды сапалы әрі қолжетімді азық-түлікпен қамтуға өз үлесін қосуда. Бұл бағыттағы жұмыстар ауыл халқының табысын арттыруға және өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейін көтеруге мүмкіндік беріп отыр.

Шаруалармен сұхбаттасу барысында аудан әкімі үйіргелік жерлерді тиімді пайдалану – ауыл экономикасын дамытудың маңызды тетігі екенін атап өтіп, сала мамандарына тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Мемлекет тарапынан үйіргелік жерлерге дақыл егіп, жылыжай шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие қарастырылғанын айтып, мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға шақырды. Жауапты бөлім басшыларына жылыжай шаруашылығын дамыту, көшет өндіру көлемін арттыру және өнім өндірушілерге агротехникалық кеңес беру жұмыстарын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Үйіргелік жерлерді игеру – тек жеке табыс көзі ғана емес, тұтас ауыл экономикасының дамуына серпін беретін маңызды фактор. Бұл бағыттағы жұмыстар:
Ауыл халқының табысын арттырады;
Өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейін көтереді;
Ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етеді;
Әлеуметтік тұрақтылықты нығайтады.

Түркістан облысында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар өңірдің аграрлық әлеуетін толық пайдалануға бағытталған. Жетісай ауданындағы оң тәжірибе – соның айқын дәлелі. Мемлекеттік қолдау мен жергілікті атқарушы биліктің үйлесімді жұмысы нәтижесінде ауыл шаруашылығы жаңа деңгейге көтеріліп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға нақты үлес қосып отыр.

Ауыл еңбеккерлерінің маңдай тері мен табанды еңбегі – ел экономикасының тірегі. Сондықтан үйіргелік жерлер мен жылыжай шаруашылығын дамыту алдағы уақытта да басты басымдықтардың бірі болмақ.

You may also like

Leave a Comment