Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАНДА ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВТІҢ 95 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «РУХ САРДАРЫ» КӨРМЕСІ ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВТІҢ 95 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «РУХ САРДАРЫ» КӨРМЕСІ ӨТТІ

Daismedia.kz

Биыл 28 тамызда қоғам қайраткері әрі ұлт мәдениетінің жанашыры, Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толады. Осы айтулы мерейтой аясында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық музейінің ұйымдастыруымен «Рух сардары» көшпелі көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Тағылымды шараға зиялы қауым өкілдері, белгілі ғалымдар, музей саласының мамандары, мәдениет қызметкерлері, БАҚ өкілдері, студенттер мен оқушылар қатысты. Көрменің мазмұнын байыту мақсатында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығы да өз қорынан тарихи-мәдени жәдігерлер ұсынды. Бұл — қос музей арасындағы ғылыми-мәдени ынтымақтастықтың жарқын көрінісі.

Шара барысында Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев, көрнекті ғалым, сыншы Құлбек Ергөбек, облыстық мәслихат депутаты Бекарыс Шойбеков, облыстық Ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары Қыдырәлі Рысбеков сөз сөйлеп, тұлғаның ел тарихындағы орны мен рухани мұрасының құндылығын кеңінен тарқатты. Әсіресе, Құлбек Ергөбек Өзбекәлі Жәнібековтің мәдениет пен руханият кеңістігіндегі еңбегіне тоқталып, оның артында қалған мол мұра әлі де терең зерттеліп, насихатталуы тиіс екенін атап өтті.

Жиын барысында көрермен назарына «Рух сардары» көрмесі ұсынылды. Экспозициямен Арқалық музейінің директоры Рауан Абдуллажанұлы таныстырды. Көрменің басты ерекшелігі — мерейтойлық датаға сай 95 жәдігердің ұсынылуы. Олардың қатарында қайраткердің жеке мұрағат материалдары, архивтік фотосуреттер мен құжаттар, ұлттық бұйымдар — астау, күміс белбеу, қамзол, сәукеле, ер және әйел киім үлгілері, сондай-ақ дәстүрлі қолөнер мен этнографияға қатысты құнды жәдігерлер бар.

Көрме мазмұны оның ұлттық тарихи сананы қалыптастырудағы рөлін, музей ісін дамытудағы жаңашыл бастамаларын, дәстүрлі өнер мен этнографияны жаңғыртуға қосқан үлесін, Түркістанның рухани орталық ретіндегі мәртебесін арттырудағы қызметін көрсетеді.

Өзбекәлі Жәнібеков: «Халықтың рухани қазынасын сақтау — ұлттың болашағын сақтау» деген еді. Ол Торғай өңірінің ғана емес, тұтас қазақ даласының мәдени кеңістігіне қызмет етті. Театр ашты, музей құрды, ансамбль ұйымдастырды, тарихи жәдігерлерді жинақтады, ұлттық өнердің еңсесін тіктеді. Бүгінгі көрмеде ұсынылған әрбір экспонат — сол жанкешті еңбектің, сол ұстанымның, сол рухани миссияның айғағы.

Көрме 10–12 ақпан аралығында жалғасады. Бұл тағылымды жоба қала тұрғындары мен қонақтары үшін рухани-танымдық алаңға айналатыны анық.

Айта кетейік, Өзбекәлі Жәнібеков – 1931 жылғы тамыз айының 28 жұлдызында қазіргі Түркістан облысы, Отырар ауданындағы «Маяқұм» ауылында дүниеге келді. Көп ұзамай әкесі – Жәнібек Құдиярұлы өмірден өтіп, одан кейін анасы – Қаныша Томашқызы дүние салғанда жамағайыны Құрман ақсақалдың қолында тәрбиеленіп, мектеп бітіреді. Өзбекәлі Жәнібеков – қазіргі Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің тарих факультетін 1952 жылы тәмамдаған соң, сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес ауданында мектеп мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі болып еңбек жолын бастайды.

Халқымыздың бекзат перзенті Ө. Жәнібеков ұлтымыздың ұлы мұраларын сақтап қалуға үлес қосқан қазақтың біртуар азаматы. Ол – тәжірибелі педагог, шығармашыл жан, елі құрметтеген қайраткер. Төл тарихымыздың төрт құбыласын түгендеп, асыл мұратына айналдырып, бабадан мирас болған бай мәдениетіміздің мәртебесін асқақтатқан тұлға!

Республикада кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ әдебиеті мен өнерінің көрнекті қайраткерлері: Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаевты, Шәкәрім Құдайбердіұлын және басқаларды ақтау процесі Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей қатысуымен жүрді.

Жоғарғы Кеңестің депутаты болған Өзбекәлі Жәнібеков тілдер туралы заңды әзірлеуге қатысып, тілдерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының авторы болды. 1989 жылы патриоттар қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуы үшін көп күш-қуат жұмсады. Өзбекәлі Жәнібеков қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуын шын жүректен тіледі.

Өзбекәлі Жәнібековті отандық мәдениетті жандандырудың пионері деп атауға болады, ол қазақ тарихын, мәдениетін, сәулетін, археология және палеонтология ескерткіштерін реставрациялаудың, зерттеудің, зерделеудің бастамашысы болды. Білуге деген туа біткен құмарлығы, шығу тегіне деген құрметі, ауыл ақсақалдарымен әңгіме-дүкен құра ала қабілеті оған өткеннің ғажайып ғимараттары туралы, ғайыптың күшімен сақталып қалған жәдігерлер туралы бірегей ақпараттар алуға мүмкіндік берді.

Өзбекәлі Жәнібеков еліміздің оңтүстігінде үлкен жұмыс атқарды, ол Алматы облысында Жамбыл мен Сүйінбай кесенелерінің, Үмбетәлі ақын мұражайының, «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің және «Алтынай» халық биі ансамблінің ашылуына көмек көрсетті. Ол Алматы қаласы мен Алматы облысының театрларына, корей, неміс драма театрларына және басқа да театрларға қамқорлық көрсеткен, ал Алматыдағы халық музыкалық аспаптар мұражайы әлі күнге дейін бүкіл республикаға танымал. Өзбекәлі Жәнібеков болмаса, Қазақстанды бүкіл әлемге танытқан Айман Мұсақожаева, Гаухар Мырзабекова, Аида Аюпова сынды музыканттар болмауы мүмкін еді, өйткені 90-шы жылдардың ортасында республикада алғаш рет ішекті ысқылы аспаптар коллекциясын жасауға мұрындық болған да дәл осы Ө.Жәнібеков еді, ондай коллекция ол кезде тек Мәскеу мен Киевте ғана болған болатын. Сол кезде, республика басшылығының қолдауымен, алты ай ішінде Италиядан, Австриядан XIX ғасырдың бірегей қымбат скрипка ысқылары, оның ішінде Страдиваридің де туындылары бар, сондай-ақ әйгілі Санта Серафима виолончелі сатып алынды. Осы коллекцияның, өз талантының арқасында біздің музыканттар беделді музыкалық конкурстарда жүлделі орындар иелене алды.

Халық оның Отан алдындағы еңбегін жоғары бағалады. Елорда мен Алматы көшелеріне оның есімі берілген, өмірінің соңғы жылдары тұрған Мәуленов көшесіндегі үйге мемориалдық тақта орнатылған.

Өзбекәлі Жәнібеков жетекші ғалым, саясаткер және мемлекеттік шенеунік ретінде, күні-түні қызметте жүрсе де, отбасы, ошақ қасына да құрметпен қараған. Өзбекәлі Жәнібеков үлгілі және тату отбасының басшысы, адал жар, қамқор әке және сүйікті ата болған. Қазір оның немерелері мен шөберелері өсіп келеді, ал ержеткен балалары көрнекті әкенің үмітін ақтай алды.

Көзі тірісінде-ақ 1996 жылы Өзбекәлі Жәнібеков Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатының жеке қорлар және тарихи-құжаттық коллекциялар бөлімінің өтінішіне үн қосып, сол жерге өзінің жеке мұрағатын мемлекеттік сақтауға тапсырды. Енді оның ұрпақтары, зерттеушілер, барлық мүдделі тұлғалар жеке тұлғаның тәжірибесі призмасы арқылы тарихқа қол тигізе алады.

Өзбекәлі Жәнібеков зейнетке шыққаннан кейін қазақ үшін ғана емес, Қазақстанның барлық халықтары үшін ұлтты біріктіретін ұлттық идеяның қажеттілігі туралы айтқан.

Ол небәрі 66 жасында өмірден өтті. Тағдыр жазған осы ғұмырында Өзбекәлі Жәнібеков қазақ халқының тарихы мен  мәдениетінде өзінің қайталанбас ізін қалдыра алды.

You may also like

Leave a Comment