Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ЕНГІЗУ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА КӨШ БАСТАП ТҰР

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ЕНГІЗУ БОЙЫНША РЕСПУБЛИКАДА КӨШ БАСТАП ТҰР

Daismedia.kz

Мемлекет басшысы алға қойған су ресурстарын тиімді пайдалану және агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ету міндеттері Түркістан облысында нақты нәтижелермен көрініс тауып отыр. Өңірде су үнемдеу технологияларын өндіру және енгізу бағытында жүйелі жұмыс жолға қойылып, аграрлық сектордың өнімділігі мен экологиялық тұрақтылығын арттыруға ерекше назар аударылуда.

Су ресурстарын тиімді пайдалану еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін тұрақты дамыту үшін стратегиялық бағыт болып табылады. Түркістан облысы бұл бағытта республикада көш бастап келе жатқан өңірлердің бірі. Су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу арқылы егін алқаптарындағы су шығынын қысқарту, дақыл өнімділігін арттыру және экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері жүйелі түрде шешілуде.

Су үнемдеу технологияларының қолжетімділігін арттыру мақсатында облыста жалпы қуаттылығы 163 мың гектар алқапты қамтитын 4 кәсіпорын іске қосылды. Оның ішінде 90 мың гектарға арналған жаңбырлатып, 73 мың гектарға арналған тамшылатып суару жүйелері өндіріледі. Биыл жылдық қуаттылығы 30 мың гектарды құрайтын тағы 2 кәсіпорын іске қосылады. Бұл өндіріс орындары тек өңірдің ғана емес, көршілес аймақтардың да қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесі облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауында. Осы орайда ылғал сүйгіш дақылдардың тиімділігін арттыруға басымдық беріліп, мақта мен күрішті жаңа технологиялармен егу ауқымы кеңейтілуде. 2026 жылға қарай мақта дақылын қарапайым әдіспен 82,8 мың гектарға, ал жаңа технологиямен 79,6 мың гектарға егу жоспарланып отыр.

Айта кетерлігі, күріш дақылы елімізде алғаш рет пилоттық режимде тамшылатып суару технологиясымен егілді. Дәстүрлі тәсілде бір гектар алқапқа 26 мың текше метрге дейін ағын су жұмсалса, жаңа технология арқылы бұл көрсеткіш 15 мың текше метрге дейін төмендеп, су шығыны екі есе қысқарды.

Облыста суармалы жерлердің тиімділігін арттыру және су шығынын азайту мақсатында су нысандарын қалпына келтіру, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жұмыстарына ерекше назар аударылуда. Мемлекет басшысының суды үнемдейтін озық технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмалары өңірде нақты іске асырылып отыр. Атап айтқанда, 2025 жылға су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланғанымен, нақтысында 59 мың гектар алқапқа енгізілді. Осылайша жоспар екі есе артық орындалды.

Қазіргі таңда облыс бойынша 114 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізіліп, нәтижесінде 195 млн текше метр су үнемделді. Ал жыл сайын қосымша 50 мың гектарға жаңа технологияларды енгізу арқылы 2030 жылға қарай 364 мың гектар алқаптан 622,8 млн текше метр су үнемдеу көзделіп отыр.

Су үнемдеу технологияларының тиімділігі мақта шаруашылығында да айқын көрініс табуда. 2025 жылы жаңа технологиямен егілген мақта алқаптары 52,2 мың гектарға ұлғайып, қарапайым әдіспен егілген алқаптар 92,3 мың гектарға дейін қысқарды. Нәтижесінде мақта өнімділігі гектарына 60 центнерге дейін жетіп, 89,3 млн текше метр су үнемделді.

Трансшекаралық өзендерге тәуелді облыстың оңтүстік өңірлерінде су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесі ерекше өзекті. Осыған байланысты алдағы жылдары жыл сайын 50 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып отыр.

Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республикада маңызды орынға ие. Елдегі жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 13 пайызы өңірге тиесілі. Жыл сайын облыста 1 триллион теңгеден астам ауыл шаруашылығы өнімі өндіріледі. Сонымен қатар еліміздегі суармалы жерлердің төрттен бірі – 575 мың гектар Түркістан облысының үлесінде.

Су үнемдеу технологияларының енгізілуі облыстың агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі тұрақтандырып, өнімділікті арттырып, суды тиімді пайдалану арқылы экологиялық және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық қадам болып отыр.

You may also like

Leave a Comment