Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАНДА ХОККЕЙДЕН «ЖАСТАР ЛИГАСЫ» ОЙЫНДАРЫ ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА ХОККЕЙДЕН «ЖАСТАР ЛИГАСЫ» ОЙЫНДАРЫ ӨТТІ

Daismedia.kz

Түркістан қаласындағы «Мұз сарайы» спорт кешенінде Қазақстан Республикасының «Жастар лигасы» аясындағы кезекті тур ойындары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Біз терроризмге қарсымыз» ұранымен өткен бұл спорттық шара тек бәсекелі ойындарымен ғана емес, ел бірлігі мен татулығын дәріптеген тағылымды мазмұнымен де ерекшеленді.

Кезекті тур аясында Түркістан облысының намысын қорғайтын «Тұран Тайгерс» командасы өз алаңында елордалық «Барыс» клубын қабылдады. Жас хоккейшілер арасындағы бұл матч көрермендерге ерекше эмоция сыйлады. Алаң иелері алғашқы минуттардан-ақ шабуылға иек артып, жанкүйерлердің қолдауымен қарқынды ойын өрнегін көрсетті.

Дегенмен, көпжылдық тәжірибесі бар астаналық хоккейшілер шеберліктерін паш етіп, кездесудің тағдырын өз пайдаларына шешті. Ойын барысында тактикалық сауаттылық пен командалық үйлесім айқын байқалды. Қорғаныстағы мығымдық пен қарсы шабуылдағы шапшаңдық «Барыс» клубына басымдық берді.

Биылғы маусымда «Жастар лигасына» еліміздің 13 командасы қатысып жатыр. Қазіргі таңда «Тұран Тайгерс» турнирлік кестеде 9-орында келеді. Команда алдағы тур ойындарын 14-15 ақпан күндері Өскемен қаласының «Торпедо» командасына қарсы өткізбек. Бұл кездесулер түркістандық ұжым үшін турнирлік жағдайды жақсартуға үлкен мүмкіндік болмақ.

Аталған спорттық шара «Біз терроризмге қарсымыз» атты кең ауқымды акциямен ұштастырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың санасына бейбітшілік, тұрақтылық және татулық құндылықтарын сіңіру, экстремизм мен терроризмге қарсы қоғамдық иммунитет қалыптастыру.

Спорт – тек бәсеке алаңы ғана емес, ол – тәрбиенің, достықтың және өзара құрметтің мектебі. Мұндай бастамалар жастарды салауатты өмір салтына баулып қана қоймай, оларды елжандылық пен жауапкершілікке тәрбиелейді.

Спорттық ойындармен қатар «Біз терроризмге қарсымыз» тақырыбында өткен жас суретшілер байқауының жабылу салтанаты ұйымдастырылды. Байқау барысында қатысушылар өз туындылары арқылы бейбіт өмірдің құндылығын, достық пен татулықтың маңызын көркем бейнеледі.

Қазылар алқасының шешімімен:
1-орын – Арман Қожабаевқа,
2-орын – Александр Кузниковқа,
3-орын – Аяулым Баянғалиға бұйырды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің бастығы Болат Қалмырзаев, облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, полиция департаментінің бастығы Арыстанғали Заппаров, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров салтанатты түрде марапаттады.

Мұндай ауқымды іс-шаралар жас буынның спортқа қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырады. Түркістан төрінде өткен бұл тур ойындары – өңір спортының дамуына серпін беретін маңызды қадамдардың бірі.

Алдағы кездесулерде «Тұран Тайгерс» командасына сәттілік тілейміз. Жастар спортының дамуы – ел болашағының жарқын кепілі.

You may also like

Leave a Comment