Түркістан облысы, Отырар ауданы ұлттық спорттың мәртебесін асқақтатқан ірі спорттық шараға куә болды. Қазақтың даңқты балуаны, күллі түркі жұртына ортақ алып тұлға Қажымұқан Мұңайтпасовтың туғанына 155 жыл толуына орай мектеп жасындағы ұлдар мен қыздар арасында қазақ күресінен облыстық ашық турнир ұйымдастырылды. Ауқымды дода ел рухын көтеріп, жас спортшыларға зор серпін берді.
Қазақ халқының спорт тарихында айрықша орны бар Қажымұқан Мұңайтпасов – әлемнің бірнеше дүркін чемпионы атанған тұңғыш қазақ балуаны. Ол өз дәуірінде Еуропа мен Азия ареналарында ел намысын қорғап, «күш атасы» деген атқа ие болды. Оның қайсарлығы мен ерік-жігері бүгінгі жас ұрпаққа үлгі.
155 жылдық мерейтой аясында өткен бұл турнир – тек спорттық жарыс қана емес, тарихи тұлғаның рухына тағзым, ұлттық құндылықтарды ұлықтау шарасы болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – қазақ күресінің беделін арттыру, жас буынды отансүйгіштікке, батылдық пен төзімділікке тәрбиелеу.
Екі күнге созылған жарысқа Астана және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Қызылорда, Алматы, Жетісу облыстарынан келген барлығы 750 жас спортшы қатысты. Бұл – турнирдің ауқымы мен маңызын айқындайтын көрсеткіш.
Боз кілем үстінде тартысты белдесулер өтіп, әр салмақ дәрежесінде мықтылар анықталды. Ұлдармен қатар қыздар да белсенді қатысып, қазақ күресінің дамып, кең қанат жайып келе жатқанын көрсетті. Жас балуандардың техникасы, шапшаңдығы мен намысы көрермендерді тәнті етті.
Турнирдің ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен спорт саласының ардагері Төрәділ Тұрабаев қатысты. Қонақтар жас балуандарға сәттілік тілеп, Қажымұқанның өмір жолы мен спорттағы ерліктеріне тоқталды.
Олар өз сөздерінде ұлттық спорт түрлерін дамыту – ел болашағына салынған инвестиция екенін атап өтті. Қазақ күресі арқылы жас ұрпақ тек физикалық тұрғыдан шыңдалып қана қоймай, рухани тұрғыдан да кемелденеді. Батыр бабалардың жолын жалғау – бүгінгі жастардың қолында екені ерекше айтылды.
Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте Отырар ауданы үздік нәтиже көрсетіп, бірінші және екінші орындарды иеленді. Ал Кентау қаласының құрамасы үшінші орынға тұрақтады. Бұл – өңірлердегі спорт мектептері мен жаттықтырушылар еңбегінің жемісі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Әрбір жас спортшы үшін бұл жеңіс – үлкен белес, болашақтағы жарқын жетістіктерге бастар қадам.
Отырар төрінде өткен бұл турнир қазақ күресінің дамуына тың серпін берді. Атақты балуанның есімімен байланысты жарыс жас буынға ерекше мотивация сыйлап, олардың спортқа деген қызығушылығын арттырды.
Қажымұқан Мұңайтпасовтың асқақ рухы – бүгінгі ұрпаққа күш-жігер мен табандылықтың символы. 155 жылдық мерейтой аясындағы бұл дүбірлі дода ұлттық спорттың тамыры тереңде екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Отырардағы боз кілемде басталған арман талай жас балуанды болашақ чемпиондық тұғырға жетелері сөзсіз.
Айта кетейік, Қажымұқан Мұңайтпасов – қазақ тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан. Тарихи деректерге сүйенсек ол 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Қараөткел ауылында дүниеге келген (кей зерттеулерде оның 1886 жылы туғандығы айтылады). Қыпшақ тайпасының Ұзын ішіндегі Алтыбас руынан шыққан. 1901 ж.Омбыда балуандардың жарысы өтіп, Қажымұқан белгілі атлет И. Злобинмен кездеседі. Ол мұның балуандық күшін байқап, белгілі балуан И.В. Лебедевке жолығуын ұсынады. Осылайша Қажымұқан 1904-1907 жж. И.И. Лебедев мектебінде классикалық күрес пен цирк өнерін үйренеді.
Қ. Мұңайтпасов – орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрін меңгерген әлем чемпионы. 48 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты XX ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды. Деректерде Ресейдің балуандар тобында Қажымұқаннан күші асқан ешкім болмағаны айтылады. Дүниежүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды балуандармен қатар жүру, боз кілемдегі айқастарда осы балуандарды шетінен жығып, бәйге алу нағыз ерлік болатын.
1895 жылы Киевте өткен балуандар күресінде Қ. Мұңайтпасов дүниежүзінің чемпионы атағын бірінші рет жеңіп алды. 1905 жылы Қытайдың Харбин қаласында жапон чемпионы Саракикиді, 1906 жылы Германияның Берлин қаласында неміс балуаны Фон Кенигті, 1910 жылы дүниежүзінің чемпионы Ганс-Каванды, 1913-1916 жылдары Парижде дүниежүзі чемпионы Стурментті жықты. Бірақ орыс әкімшілігіне бұратана халықтың атын шығарған балуан онша ұнай қоймады. Сол үшін де Қ. Мұңайтпасов орыс балуандарының атымен күресуге мәжбүр болды. Осылайша балуанға неше түрлі лақап аттар берілді. Сол кездегі саясат бойынша, бізде тек орыстар ғана емес, жапондықтар да күреседі деген жарнамалар жасалып, Қажымұқанды «Ямагата Мухунури» деген лақап атпен күрестірді. Сонымен қатар, Мухан, «Иван Чёрный» сияқты лақап есімдері де болған. 1909 жылғы халықаралық балуандар жарысына ол «Қара Мұстафа» деген атпен шыққан. Сөйтіп бүкіл дүниежүзіне Қажымұқанның неше түрлі лақап аттары тарай бастайды. 1910 жылы Еуропа және Ресей балуандардың үлкен тобы Америкаға аттанды. Олардың ішінде Қажымұқан да болды. Оңтүстік Америка қалаларына жасалған турнеде Қажымұқанның ең сәтті өнер көрсеткен жері – Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласы. Сол жерде ол алтын медальмен марапатталды.
1911 жылы Қ.Мұңайтпасов Стамбулға барды. Сол кезеңде әлемде түрік балуандарынан мықты балуан жоқ сияқты көрінетіндігі соншалық, ол жаққа орыс балуандары аяқ баспайтын-ды. Осы ретте намысқой Қ. Мұңайтпасов өзі түркі халқының өкілі ретінде Түркияға баруға бел буды.
1913 жылы Қажымұқан Иван Поддубный, Иван Заикин, Николай Вахтуров және Алекс Аберг сияқты көрнекті палуандармен бірге бірнеше ірі халықаралық жарыстарға қатысты, кейбіреулерінде алғашқы үштік жеңімпаздар қатарынан көрінді. 1914 жылы Қажымұқан Нижний Новгород қаласындағы жарыста негізгі қарсыласы Вестергард Шмидтті жеңді. Қ. Мұңайтпасов азамат соғысынан кейін күресті дамытуды қолға алды, Қазақстан аумағында түрлі чемпионаттар ұйымдастырды. 1937 жылы Қ.Мұңайтпасовтың ізіне ІІХҚ қызметкерлері түсіп қудалауға ұшыратты. Сол себепті отбасын тастап, Түркістан мен Өзбекстанда бас сауғалады. Қажымұқан Мұңайтпасов Ұлы Отан соғысы басталған тұста екі жылға жуық цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомдай ақша тауып, майданға жіберді.
Қ.Мұңайтпасов 1948 ж. Түркістан облысы, Бөген ауданы, Ленин туы колхозында қайтыс болды. Темірлан ауылында ескерткіш орнатылып, 1980 ж. Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, Темірлан ауылында мемориалдық музейі ашылған. 1986 ж. бастап Қ.Мұңайтпасов атында классикалық күрестен халықаралық турнирлер өтіп келеді.
