Түркістан облысы – ел руханиятының алтын бесігі ғана емес, қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Өңірде халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Соның жарқын бір дәлелі – Сауран ауданына қарасты Ескі Иқан ауылдық округіндегі Мәшһүр Жүсіп елді мекенінде көптен күткен ауыз су мәселесінің толық шешімін табуы.
Мәшһүр Жүсіп елді мекенінің тұрғындары ұзақ уақыт бойы ауыз су тапшылығын сезініп келді. Әсіресе жаз айларында су қысымы төмендеп, кейбір көшелерге мүлде жетпей қалатын жағдайлар жиі орын алған. Бұл мәселе аудан әкімінің тұрғындармен есептік кездесулері барысында бірнеше рет көтеріліп, халық тарапынан басты әлеуметтік түйткіл ретінде аталды.
Тұрғындардың талап-тілегін ескерген аудан басшылығы мәселені жеке бақылауына алып, нақты іс-шаралар жоспарын бекітті. Нәтижесінде 2025 жылдың қараша айында мердігер мекемемен келісімшарт жасалып, су ұңғымасын қазу жұмыстары басталды.
Жүргізілген геологиялық зерттеулердің негізінде елді мекен аумағындағы су қоймасы маңынан тереңдігі 705 метр болатын жаңа ұңғыма қазу шешімі қабылданды. Бұл – өңір үшін стратегиялық маңызы зор жоба.
Қысқа мерзім ішінде барлық техникалық талаптарға сай жұмыстар атқарылып, жаңа ұңғыма пайдалануға берілді. Заманауи қондырғылармен жабдықталған нысан ауылды сапалы әрі тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. 6 көше, 139 үй – таза ауыз суға қол жеткізді
Әлеуметтік нысандар тұрақты әрі сапалы ауыз су жүйесіне қосылды.
Бұл тек техникалық жетістік емес, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды әлеуметтік қадам. Енді халық су тасып әуре болмайды, тұрмыстық қажеттіліктер толық қамтамасыз етіледі, санитарлық жағдай жақсарады.
Түркістан облысында соңғы жылдары ауыл инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Ауыз су, жол, жарықтандыру, әлеуметтік нысандар құрылысы – барлығы да халықтың өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Мәшһүр Жүсіп елді мекеніндегі бұл жоба – өңірдегі жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Алдағы уақытта да ауылдарды дамыту, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және елді мекендердің әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Ауыз су – тіршіліктің көзі, денсаулықтың кепілі. Сондықтан мұндай жобалардың жүзеге асуы тек әлеуметтік мәселені шешіп қана қоймай, ауылдың болашағына деген сенімді нығайтады.
Мәшһүр Жүсіп елді мекеніндегі игі бастама – мемлекет пен жергілікті биліктің халық үнін естіп, нақты іс арқылы жауап беріп отырғанының айқын көрінісі.
Таза суға қол жеткізген ауыл тұрғындары үшін бұл – көптен күткен қуаныш, жаңа мүмкіндіктерге бастар маңызды қадам.
