Home Ауыл шаруашылығы ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КҮРІШ ЕГІСТІГІНЕ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ ЕНГІЗІЛІП, СУ ҮНЕМДЕЛУДЕ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КҮРІШ ЕГІСТІГІНЕ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ ЕНГІЗІЛІП, СУ ҮНЕМДЕЛУДЕ

Daismedia.kz

Түркістан облысы еліміздің ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеу бағытында озық тәжірибелерді енгізіп келеді. Әсіресе, су ресурстары тапшы оңтүстік өңір үшін тиімді технологияларды пайдалану – уақыт талабы. Бұл жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеров бақылауында жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Күріш егісіндегі пилоттық жоба
2025 жылы «Таймас-2024» ЖШС Отырар ауданына қарасты Қарғалы ауыл округінде 400 гектар жерге күрішті тамшылатып суғару әдісімен екті. Нәтижесінде әр гектардан орта есеппен 50 центнер өнім жиналды. Бұл – жаңа технологияның тиімділігін дәлелдейтін нақты көрсеткіш.

Ерекше атап өтерлігі, күріш дақылы елімізде алғаш рет пилоттық негізде дәл осы тамшылатып суару тәсілімен өсірілді. Дәстүрлі әдісте бір гектар күріш алқабына 26 мың текше метрге дейін су жұмсалатын болса, жаңа технология арқылы бұл көлем шамамен 15 мың текше метрге дейін қысқарды. Яғни, су шығыны екі есеге жуық азайды.

2026 жылы аталған тәжірибені тағы 200 гектар алқапқа кеңейту жоспарланып отыр. Бұл бастама су үнемдеу мәдениетін қалыптастырып, агросектордағы инновациялардың дамуына серпін береді.

Мақта шаруашылығындағы оң өзгерістер
Ылғал сүйгіш дақылдардың бірі – мақта өндірісінде де жаңа технологиялар кеңінен енгізілуде. 2024 жылы мақта 105,2 мың гектарға дәстүрлі әдіспен егілсе, 1,2 мың гектарға ғана заманауи тәсіл қолданылған. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш түбегейлі өзгеріп, жаңа технология көлемі 52,2 мың гектарға дейін ұлғайды.

Нәтижесінде әр гектардан 60 центнерге дейін өнім алынып, 89,3 млн текше метр су үнемделді. 2026 жылы мақта алқаптарының 87 мың гектарына дейін жаңа технология енгізу жоспарланған.

Су үнемдеу – стратегиялық міндет
Жалпы алғанда, заманауи суару әдістері күріш пен мақта өнімділігін арттырып қана қоймай, су ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беруде. Су тапшылығы күшейген кезеңде әрбір текше метр суды үнемдеу – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы үшін аса маңызды.

Түркістан облысында жүзеге асып жатқан бұл бастамалар еліміздің аграрлық саласын жаңа деңгейге көтеріп, экологиялық және экономикалық тиімділікті қатар қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадам болып отыр.

You may also like

Leave a Comment