025 жылдың 18 шілде күні Қазақстан Республикасының жаңа Салық Кодексі қабылданды. Бұл тарихи құжат еліміздің салық жүйесін толық жаңғыртуға, оны тиімді, әділетті және заманауи талаптарға сай етуге бағытталған. Жаңа Кодекс 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап толық күшіне енді, бұл шара халық пен бизнестің салықтық міндеттемелерін айтарлықтай өзгертеді.
Жаңа Кодекс бойынша ерекше назарға алынған өзгерістердің бірі – сән-салтанат салығы. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының басшысы Сәуле Шырынбекова брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша:
«2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ел тұрғындары бағасы 450 млн теңгеден асатын жылжымайтын мүлкі үшін 2 млн 946 мың теңге және лимиттен асқан сомаға 2% көлемінде салық төлеуге міндетті. Сондай-ақ, көлік құны 18 000 айлық есептік көрсеткіштен асса және құны 24 000 айлық есептік көрсеткіштен жоғары яхталар мен ұшақтарға, бағасы 500 000 теңгеден асатын алкоголь мен 10 000 теңгеден жоғары бағаланатын сигараға салық төлеу міндеттеледі».
Бұл шара қоғамда сән-салтанатты тұтынуды шектеуге, сондай-ақ табысты әділ салық салуды қамтамасыз етуге бағытталған. Салық мөлшері мүлкін немесе тауарын бағасына қарай есептелетін болғандықтан, ол кірістері жоғары азаматтарды қамтиды.
Департаменттің Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Мейрамбек Көкеновтың айтуынша, жаңа Кодекске сай бизнес саласында да бірқатар өзгерістер орын алмақ. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялау енгізілген болатын. Осы арқылы әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру, жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді механизмін құру және сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету көзделген.
«Жаңа Кодекске сәйкес, корпоративтік табыс салығында да жаңа өзгерістер енгізілмек. Атап айтар болсақ, жалпы мөлшерлеме салығы — 20 пайыз, банк қызметі — 25 пайыз, білім беру, медицина секілді әлеуметтік сала 2026 жылдан бастап 5 пайыз болса, 2027 жылдан бастап 10 пайыз салық төлеуге міндеттелмек. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге 3 пайыз және ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 6 пайыз көлемінде салық салынады» — деді спикер.
Жаңа Салық Кодексі – Қазақстан үшін стратегиялық маңызды қадам. Ол тек салықтық міндеттемелерді ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік саясатты, бизнестің даму мүмкіндіктерін және әділ экономикалық жүйені қалыптастыруға бағытталған. Сән-салтанат салығы, корпоративтік табыс салығының жаңа мөлшерлемелері және жалпыға бірдей декларациялау жүйесі – елдегі салықтық әділеттіліктің жаңа кезеңін ашатын басты жаңалықтар болып отыр.
Бұл реформалар Қазақстан экономикасының ашықтығын арттырып, халық пен бизнес арасындағы сенімді нығайтуға септігін тигізеді.
