Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ОРДАБАСЫ АУДАНЫ 200 ОРЫНДЫҚ ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚПЕН ТОЛЫҒАДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ОРДАБАСЫ АУДАНЫ 200 ОРЫНДЫҚ ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҚПЕН ТОЛЫҒАДЫ

Daismedia.kz

Түркістан облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ауқымды жобалардың бірі – Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылында 200 орындық облыстық перинаталдық орталықтың құрылысы басталды. Бұл маңызды шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, нысанның уақыт капсуласын салу рәсімін өткізді. Салтанатты жиында аудан тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтап, жобаның өңір үшін маңыздылығына кеңінен тоқталды.

Салтанатты рәсім барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жаңғырту мәселесіне ерекше мән бергенін атап өтті. Осы тапсырма аясында Түркістан өңірінде жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

Соңғы жылдары шалғай елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункттер мен медициналық нысандар ашылып, халық игілігіне берілді. Ал енді Ордабасы ауданында басталған жаңа перинаталдық орталық – ана мен бала денсаулығын қорғау саласындағы ірі стратегиялық қадамдардың бірі.

Жаңа медициналық мекеме тек Ордабасы ауданы ғана емес, сонымен қатар Арыс қаласы мен Бәйдібек ауданы, Сайрам ауданы, Түлкібас ауданы тұрғындарына қызмет көрсетеді.

Бұл – аймақтағы мыңдаған отбасы үшін үлкен қолдау. Бұған дейін аталған аудандардың тұрғындары күрделі медициналық көмек алу үшін облыс орталығына баруға мәжбүр болатын. Енді жүкті әйелдер мен нәрестелерге қажетті жоғары деңгейдегі медициналық қызмет Темірлан ауылында қолжетімді болады.

Жобаның мердігері – «ВД Строй-Инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Перинаталдық орталық 200 орынға есептелген.
Ғимараттың жалпы алаңы – 34 233,30 шаршы метр
Құрылыс ауданы – 12 009,73 шаршы метр
Жер телімінің жалпы аумағы – 8 гектар

Ауқымды кешен заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылып, жүкті әйелдерге, босанатын аналарға және жаңа туған нәрестелерге толық циклді медициналық қызмет көрсетеді. Мұнда босану бөлімдері, реанимация, неонатология, диагностика және кеңес беру орталықтары қарастырылады деп жоспарлануда.

Перинаталдық орталықтың іске қосылуы өңірдегі ана мен бала өлімін азайтуға, қауіпсіз босануды қамтамасыз етуге және демографиялық өсімді тұрақтандыруға ықпал етеді. Бұл нысан – тек медициналық мекеме ғана емес, болашақ ұрпақтың денсаулығын қамтамасыз ететін стратегиялық инвестиция.

Сонымен қатар жаңа орталықтың құрылысы кезінде және пайдалануға берілген соң көптеген жұмыс орындары ашылып, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады.

Тарихи маңызы зор Ордабасы өңірінде бой көтеретін бұл нысан – ел дамуының, әлеуметтік саясаттың және халық денсаулығына деген қамқорлықтың айқын көрінісі. Уақтылы әрі сапалы салынған жағдайда, жаңа перинаталдық орталық Түркістан облысының медициналық әлеуетін жаңа деңгейге көтеріп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға зор үлес қоспақ.

Темірлан ауылында басталған бұл игі бастама – өңір медицинасының болашағына салынған берік іргетас.

You may also like

Leave a Comment