Home Агроөнеркәсіп ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙЛЫҚ ШАРУАЛАР ҚЫСТА ҚЫРЫҚҚАБАТ ЕГІП ЖАТЫР

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙЛЫҚ ШАРУАЛАР ҚЫСТА ҚЫРЫҚҚАБАТ ЕГІП ЖАТЫР

Daismedia.kz

Еліміздің бірқатар өңірінде қыс қаһарына мініп, ақ ұлпа қар жер жамылып жатқан шақта Жетісай ауданында еңбек қыза түскен. Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған аймақтардың бірі. Мұнда қыстың жұмсақ климатын тиімді пайдаланған дихандар егістік алқаптарына шығып, ерте пісетін қырыққабат көшеттерін отырғызу жұмыстарын бастап кетті. Бұл – өңірдің аграрлық әлеуеті мен шаруалардың тынымсыз тірлігінің айқын дәлелі.

Жетісайлық шаруалар үшін жер – табыс көзі ғана емес, ата кәсіптің жалғасы. Диханшылықты адал кәсіп етіп, несібесін маңдай терімен Жер-Анадан алып жүрген шаруалардың бірі – Атамекен ауылдық округінде орналасқан «Қоңырбай» шаруа қожалығының төрағасы Нұрлан Қауалов.

Ес білгелі егістіктің қыр-сырын меңгеріп өскен азамат биыл иелігіндегі 3 гектар жерге қырыққабаттың «Зариссима» сортынан 100 мың дана көшет отырғызуды бастады. Аталған сорт – ерте пісетін, нарықта сұранысқа ие, сапасы жоғары өнім беретін дақылдардың бірі. Бар болғаны 55 күнде пісіп жетілетін бұл қырыққабат түрі шаруалар үшін тиімді әрі табысты.

Нұрлан Қауалов соңғы төрт жылдан бері тамшылатып суғару технологиясын қолданып келеді. Су үнемдеуге және өнім сапасын арттыруға мүмкіндік беретін бұл әдіс өңірде кеңінен таралып отыр. Былтыр шаруа 120 тонна өнім жинап, оны Ресей нарығына келісін 120 теңгеден өткізген. Бұл – еңбек пен технологияның үйлесімді нәтижесі.

Көшеттер диханның үй іргесіндегі жылыжайда өсірілген. Ерте көктемгі өнім алу үшін шаруалар жылыжай мүмкіндігін тиімді пайдаланады. Жылыжайда өсірілген сапалы көшет ашық алқапқа отырғызылған соң тез бейімделіп, жоғары өнім береді.

Жетісайлық дихандар жерді тиімді пайдалану арқылы жылына екі өнім алуды дәстүрге айналдырған. Нұрлан Қауалов қырыққабаттан кейін екінші өнім ретінде маш дақылын егуді жоспарлап отыр. Әр гектардан 1,5 тоннадан өнім алу межеленген. Бұл – шаруаның табысын арттырып қана қоймай, өңірдегі ауыл шаруашылығы айналымын жандандырады.

Өткен жылы Атамекен ауылдық округінде 270 гектар жерге қырыққабат егілсе, биыл бұл көрсеткіш 300 гектарға жетеді деп күтілуде. Ал тамшылатып суғару технологиясы өткен жылы 195 гектарға енгізілсе, биыл 250 гектар жерге қолданылмақ.

Жалпы аудан көлемінде өткен жылы 1,2 мың гектар алқапқа егілген зариссима, фарао, кевин, магнус сынды қырыққабат сорттарынан 41 615 тонна өнім жиналды. Жиналған өнім Ресей, Беларусь елдерімен қатар ішкі нарықта Солтүстік Қазақстан облысы, Шымкент, Алматы және Астана қалаларына жөнелтілген.

Былтыр 893 гектар қырыққабат алқабына су үнемдеу технологиялары орнатылса, биыл 1,8 мың гектарға егілуі жоспарланған қырыққабаттың 1,5 мың гектарына заманауи әдістер енгізу көзделіп отыр. Қазіргі таңда ауа райының қолайлы кезеңін тиімді пайдаланған шаруалар 144 гектар жерге қырыққабат егіп үлгерген.

Жетісай ауданы – еліміздің оңтүстігіндегі көкөніс шаруашылығы дамыған ірі аймақтардың бірі. Мұнда қалыптасқан тәжірибе, еңбекқорлық және технологияны ұтымды пайдалану нәтижесінде жыл сайын өнім көлемі артып келеді. Қыс мезгілінде де еңбектің тоқтамауы – өңір диқандарының табандылығы мен кәсібіне деген адалдығын көрсетеді.

Қытымыр қыста қар басқан даланың өзінде еңбек қайнап жатса, бұл – ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті зор екенін айғақтайды. Жетісайлық шаруалардың тынымсыз тірлігі ел ырысын арттырып, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және экспорт көлемін ұлғайтуға өз үлесін қосып келеді.

You may also like

Leave a Comment