Түркістан облысында инвестициялық белсенділік артып, өңірдің өндірістік әлеуетін күшейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес барлық аудан, қалаларда жаңа өндіріс орындарын ашу, шетелдік және отандық инвестиция тарту мәселесіне басымдық берілген. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Шардара ауданында жүзеге асырылуы жоспарланып отырған жаңа инвестициялық жоба.
Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев қытайлық инвесторлар делегациясын қабылдап, ауыл шаруашылығы саласына бағытталған ірі жобаны талқылады. Кездесу барысында инвесторлар тамшылатып суаруға арналған құрал-жабдықтар шығаратын зауыт салу жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.
Жоба өңірде су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге, ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыруға және заманауи агротехнологияларды қолдану аясын кеңейтуге бағытталған. Әсіресе су ресурстары шектеулі оңтүстік өңірлер үшін тамшылатып суару жүйесінің маңызы зор.
Кездесу барысында жобаны жүзеге асыру үшін қажетті жер телімін бөлу, өндірістік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, инженерлік желілерге қосу және құжаттандыру жұмыстары жан-жақты қарастырылды. Аудан әкімі тиісті бөлім басшылары мен сала мамандарына бұл бағытта жедел әрі жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.
Жергілікті атқарушы орган тарапынан: жер телімін заң талаптарына сәйкес рәсімдеу; инфрақұрылымға қосу жұмыстарын ұйымдастыру; жобаны қысқа мерзімде іске асыруға әкімшілік қолдау көрсету; инвестициялық жобаны толық сүйемелдеу бағытында жан-жақты қолдау көрсетілетіні айтылды.
Мемлекеттік қолдау тетіктері түсіндірілді Инвесторларға мемлекет тарапынан ұсынылатын қолдау шаралары да кеңінен таныстырылды. Атап айтқанда: салықтық жеңілдіктер; қаржылық қолдау құралдары; индустриалдық аймақтар мүмкіндіктері; инвестициялық жобаларды «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеу қызметі.
Инвесторлар ауданның өндірістік әлеуетіне жоғары баға беріп, ұсынылған инфрақұрылым мен мемлекеттік қолдау тетіктері жобаны табысты жүзеге асыруға қолайлы екенін жеткізді.
Аталған жоба іске асқан жағдайда: жаңа жұмыс орындары ашылады; ауданның инвестициялық тартымдылығы артады; агроөнеркәсіп кешені дамиды;
су ресурстарын тиімді пайдалану деңгейі жоғарылайды; жергілікті бюджет кірісі ұлғаяды.
Бұл бастама Шардара ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына да оң әсерін тигізбек.
2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысының экономикасына 1,4 триллион теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 123 пайызға артқан.
Өнеркәсіп саласында 57 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 310 жаңа жұмыс орны ашылды. Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриалдық аймақ және «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Индустриалдық аймақтарда 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50-ден астам жоба іске қосылған.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында жүргізіліп жатқан жүйелі инвестициялық саясат пен өндірісті дамытуға бағытталған нақты қадамдар өңір экономикасының тұрақты өсіміне негіз болуда. Шардарада жүзеге асуы жоспарланған жаңа зауыт – осы стратегиялық бағыттың айқын көрінісі.
