Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН: ШАРДАРАДА АРМРЕСТЛИНГТЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫНА БАСПАНА КІЛТІ ТАПСЫРЫЛДЫ

ТҮРКІСТАН: ШАРДАРАДА АРМРЕСТЛИНГТЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫНА БАСПАНА КІЛТІ ТАПСЫРЫЛДЫ

Daismedia.kz

7 ақпан – «Шардара армспорт» клубының негізі қаланған тарихи күн. Осы айтулы датаға орай Шардара қаласындағы спорт кешенінде қол күресінен Шардара ауданының ашық біріншілігі салтанатты түрде басталды. Бұл жарыс тек спорттық дода ғана емес, аудан спортының даму жолындағы маңызды белеске айналды.

Салтанатты шараға аудан спортшылары, ардагерлер, жаттықтырушылар, спорт жанашырлары мен арнайы қонақтар қатысты. Жарыстың ашылу рәсімінде аудан әкімі, «Шардара армспорт» клубының негізін қалаушы Арман Қарсыбаев құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде армрестлингтің жастарды төзімділікке, табандылыққа, тәртіпке және отансүйгіштікке тәрбиелейтін маңызды спорт түрі екенін ерекше атап өтті.

Әлемдік аренада ел намысын қорғаған саңлақтар

Шара барысында еліміздің көк туын әлемдік және халықаралық ареналарда желбіретіп жүрген «Шардара армспорт» клубының үздік спортшыларына құрмет көрсетілді. Жыл қорытындысы бойынша бірқатар спортшылар аудан әкімінің алғыс хатымен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Шардаралық спортшылар соңғы жылдары халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, Түркістан өңірінің ғана емес, тұтас Қазақстанның мерейін үстем етіп келеді. Бұл жетістіктердің артында жүйелі дайындық, табанды еңбек және жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігі жатыр.

Төрт дүркін әлем чемпионына – бес бөлмелі баспана

Салтанатты жиынның шарықтау шегі – армрестлингтен жасөспірімдер арасында төрт дүркін әлем чемпионы Маманияз Жасурбекке ерекше құрмет көрсетілуі болды. Жас чемпионға «Шардара армспорт» спортшылары атынан 5 бөлмелі тұрғын үйдің кілті табысталды.

Бұл – тек материалдық сыйлық емес, ел намысын қорғап, әлемдік додаларда көк туымызды көкке көтерген спортшының маңдай тері мен табанды еңбегіне берілген зор баға. Жасурбектің жетістігі – қажырлы жаттығу мен жеңіске деген жігердің нәтижесі.

Бір отбасының емес, бүтін бір өңірдің қуанышы

Айта кетейік, чемпионның анасы – сегіз ұл-қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы, жалғыз басты ана. Осындай қарапайым отбасынан шыққан жас спортшының әлемдік деңгейде топ жаруы – ерік-жігер мен тәрбиенің, ананың ақ сүті мен еңбегінің жемісі.

Баспана кілтінің табысталуы – бір ғана отбасының қуанышы емес, барша Шардара жұртшылығының ортақ қуанышына айналды. Бұл оқиға жас спортшыларға үлкен мотивация, ал ата-аналарға үміт пен сенім сыйлады.

Жастарға үлгі боларлық жетістік

Шардарада өткен бұл шара спорттың тек жарыс емес, тәрбиелік мәні зор қоғамдық құбылыс екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Армрестлинг – күш пен қайраттың ғана емес, рух пен мінездің спорты.

Жас чемпионға көрсетілген құрмет – мемлекет пен қоғамның спортшылар еңбегін бағалай білетінінің айқын көрінісі. Ал «Шардара армспорт» клубының жүйелі жұмысы алдағы уақытта да талай әлем чемпиондарын тәрбиелейтініне сенім мол.

Шардара спортының шоқтығы биіктей берсін, көк туымыз әлем төрінде желбірей берсін!

You may also like

Leave a Comment