Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Түркістан облысы аумағына барып, Сарыағаш ауданы көлемінде жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық және өндірістік жобалардың орындалу барысын пысықтады. Сапар аясында елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын дамыту, өндіріс орындарының әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жан-жақты талқыланды.
Жұмыс сапары барысында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев өңірде атқарылып жатқан жобалар туралы толыққанды баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Сарыағаш ауданына қарасты Жартытөбе ауылдық округіндегі Достық елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Аталған елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстарын «Универсал Строй Сервис» ЖШС жүргізді. Құрылыс жұмыстары толық аяқталып, нәтижесінде 890 абонент таза ауыз сумен қамтылды.
Жалпы 2025 жылы Сарыағаш ауданында 8 елді мекен орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылып, ауыз сумен қамту деңгейі 92,1 пайызды құрады.
Сарыағаш ауданына іссапар барысында Премьер-Министрдің кеңесшісі Дарбаза ауылдық округінде орналасқан «Сарыағаш құс» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Кәсіпорын басшысы Мұрат Талманның мәліметінше, бүгінде серіктестікте жұмыртқа өндіруге бағытталған 130 мың бас құс өсірілуде. Кәсіпорында өндірілген өнімдер аудан және облыс аумағындағы сауда нүктелеріне жеткізіліп, жергілікті тұрғындар сапалы әрі қолжетімді жұмыртқамен қамтамасыз етіліп отыр. Ералы Тоғжанов өндіріс көлемін ұлғайтуға, құс шаруашылығын дамытуға және ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған бастамаларды жоғары бағалады.
Былтыр «Сарыағаш құс» ЖШС өндіріс аясын кеңейту мақсатында қосымша 50 мың басқа арналған жаңа құс фабрикасының құрылысын аяқтады. Өндіріс орны Германия елінен алып келінген заманауи технологиялық жабдықтармен жабдықталған. Бұл өнім сапасын арттырып, кәсіпорынның жалпы өндірістік тиімділігін едәуір жоғарылатуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар серіктестік биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, құрама жем өндіретін цехты іске қосты. Жаңа өндірістік нысан құс шаруашылығындағы шығындарды азайтып, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, сондай-ақ өндіріс көлемін ұлғайтуға оң әсерін тигізуде.
Осы күні ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша мәжіліс өтті. Жиын барысында Түркістан облысы тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйі мен алдағы жоспарлар жан-жақты талқыланды.
Жиында тапсырмалардың орындалу барысы туралы Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, 2025 жылы облыс аумағында 30 елді мекенді ауыз сумен қамтуға бағытталған жобалар іске асырылды. Нәтижесінде облыстағы 801 елді мекен (7 қала, 794 ауылдық елді мекен) толық орталықтандырылған ауыз сумен қамтылып, белгіленген индикаторлық көрсеткішке қол жеткізілді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керемқұлов өңірдегі нысандардың қазіргі жағдайына талдау жасап, бірқатар ұсыныстарын білдірді. Аудан және қала әкімдері де өз аумақтарындағы атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.
Мәжіліс қорытындысында Ералы Тоғжанов Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Түркістан облысы әкімдігімен бірлесіп, жобаларды қаржыландыру көлемін ұлғайту және қосымша қаржыландыру көздерін қарастыру бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Айтылған ұсыныстар мен мәселелер Үкімет басшысының атына жолданатын қызметтік жазбаға және мәжіліс хаттамасына енгізілетін болды.
Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар — өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды бастамалар. Елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығын жаңғырту, өндіріс орындарын технологиялық тұрғыдан жаңарту – халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар.
Премьер-Министр кеңесшісінің жұмыс сапары өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынын бағамдап қана қоймай, алдағы міндеттерді нақтылауға, өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік берді. Мемлекеттік қолдау мен жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысы нәтижесінде Түркістан облысы алдағы уақытта да қарқынды даму жолын жалғастыра бермек.
