Home Жаңалықтар ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ ТҮРКІСТАН ЖАСТАРЫ АРАСЫНДА АУҚЫМДЫ ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ АКЦИЯ ӨТКІЗДІ

ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ ТҮРКІСТАН ЖАСТАРЫ АРАСЫНДА АУҚЫМДЫ ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ АКЦИЯ ӨТКІЗДІ

Daismedia.kz

Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобының ұйымдастыруымен «Біртұтас ел – Біртұтас жер» атты ауқымды әскери-патриоттық акция өтті. Іс-шараның басты мақсаты – әскери қызметтің беделін арттыру, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру және Отан алдындағы борышты абыроймен атқаруға деген жауапкершілікті нығайту болды.

Акция аясында Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті, Әскери білім департаменті, сондай-ақ Ұлттық әскери-патриоттық орталық өкілдері мен Түркістан облысы бойынша Қорғаныс істері департаментінің басшылығы қаладағы бірқатар білім беру ұйымдарында болды. Атап айтқанда, №27 Ө.Жәнібеков атындағы мектеп-лицейі мен №33 жалпы білім беретін мектептің 9–11 сынып оқушыларымен мазмұнды кездесулер ұйымдастырылды.

Оқушыларға әскери жоғары оқу орындарына түсу тәртібі, талаптары, әскери қызметті өткеру шарттары, келісімшарт негізіндегі қызметтің ерекшеліктері және әскери қызметшілерге қарастырылған әлеуметтік жеңілдіктер жөнінде жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери институттар мен академияларға түсу бойынша ақпараттық парақшалар таратылып, талапкерлерге нақты түсіндірме жүргізілді.

Кездесу барысында жастар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, әскери мамандықтардың қыр-сыры, оқу кезеңіндегі мүмкіндіктер мен болашақтағы мансаптық өсім туралы толыққанды жауап алды.

Іс-шараның салтанатты бөлімі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнінің орындалуымен басталып, Қарулы күштердің тарихы мен жауынгерлік жолын баяндайтын бейнеролик көрсетілді. Құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің өкілі, полковник Дәулет Бейсеков аталған акцияның жастар арасында патриоттық құндылықтарды қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті.

Шара барысында жылжымалы музейлік көрме болды. Оған қаладағы жалпы білім беру мекемелерінен шамамен 1000-ға жуық оқушы мен ұстаз қатысты. Экспозиция Алматы қаласындағы Әскери даңқ музейінің қорынан әкелініп, Қазақстандағы әскери бөлімдердің құрылғанына 85 жыл толуына арналған құнды жәдігерлерді қамтыды.

Көрменің ең құнды экспонаттарының қатарында даңқты қолбасшы, «Халық қаһарманы» Бауыржан Момышұлының жеке марапаттары мен тұтынған заттары, Кеңес Одағының Батыры, 316-атқыштар дивизиясының командирі генерал-майор Иван Панфиловтың жеке бұйымдары, сондай-ақ 397 фашистің көзін жойып, жау тарапынан «қара өлім» атанған мерген Төлеуғали Әбдібековтің марапаттары мен құжаттары көпшілік назарына ұсынылды.

Шара барысында әскери оқу орындарына түсу алгоритмі, құжат тапсыру мерзімдері, медициналық және кәсіби іріктеу талаптары, сондай-ақ әскери есепке қою мәселелері бойынша кең көлемде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Мамандар талапкерлер мен олардың ұстаздарына нақты бағыт-бағдар беріп, болашақ офицер болудың жауапкершілігі мен артықшылықтарын жан-жақты баяндады.

Іс-шара Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық ұжымының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды. Әскери-патриоттық әндер мен рухты композициялар жастарға ерекше әсер сыйлап, акцияның мазмұнын айшықтай түсті.

«Біртұтас ел – Біртұтас жер» атты акция – өскелең ұрпақтың бойында елге деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған маңызды бастама. Мұндай іс-шаралар жас буынды тарихи жадымен қауыштырып қана қоймай, олардың болашақта ел қорғаны болуға деген ынтасын оятады. Түркістан төрінде өткен бұл тағылымды шара әскери-патриоттық тәрбиенің жүйелі әрі мазмұнды түрде жалғасып келе жатқанын көрсетті.

You may also like

Leave a Comment