Киелі Түркістан қаласында 18 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының шахмат чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Бұл дода – елдегі жас шахматшылар үшін ең маңызды әрі жауапты жарыстардың бірі саналады. Себебі дәл осы чемпионаттың қорытындысы бойынша 2026 жылы өтетін халықаралық жарыстарға қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасы жасақталады.
Биылғы чемпионатқа еліміздің 20 өңірінен 1050-ге жуық жас шахматшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Қатысушылар классикалық шахмат бойынша түрлі жас санаттарында сынға түсті. Турнир ұлттық іріктеу жүйесінің шешуші кезеңі болғандықтан, әр партия аса тартысты әрі жоғары деңгейде өтті.
Жас спортшылар тек өзара шеберлік байқасып қана қоймай, төзімділік, стратегиялық ойлау және психологиялық тұрақтылық тұрғысынан да сынға түсті. Әсіресе соңғы турлардағы кездесулер көрермендер мен жаттықтырушылар үшін ерекше әсерге толы болды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, Қазақстан шахмат федерациясы атқарушы директоры Гулмира Даулетова және ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Дастан Қапаев марапаттап, жас шахматшыларға алдағы халықаралық жарыстарда сәттілік тіледі.
Рәсім барысында спорт саласының өкілдері жасөспірімдер шахматының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау мен жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін ерекше айтты.
Аталған бәсекеде Түркістан облысының намысын қорғаған жас шахматшылар жоғары нәтиже көрсетіп, бірнеше жас санатында жүлделі орындарға ие болды. Бұл – өңірдегі шахмат мектебінің сапалы жұмысы мен жаттықтырушылардың кәсіби еңбегінің айқын көрінісі.
Жергілікті спортшылардың табысты өнер көрсетуі Түркістан облысында шахмат спортының дамуы қарқын алып келе жатқанын дәлелдейді. Соңғы жылдары өңірде шахмат үйірмелері көбейіп, жас дарындарға қолдау күшейген.
Бұл чемпионат – жас шахматшылар үшін үлкен тәжірибе алаңы ғана емес, халықаралық аренаға жол ашатын маңызды белес. Енді үздік шыққан спортшылар 2026 жылы өтетін әлемдік және құрлықтық деңгейдегі жарыстарда Қазақстан намысын қорғайтын болады.
Түркістан төрінде өткен айтулы дода ел шахматының болашағы жарқын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жас дарындардың табандылығы мен жеңіске деген құлшынысы – Қазақстан шахматының жаңа белесі басталғанын көрсетеді.
Классика бағдарламасы бойынша:
Айару Алтынбек – 18 жасқа дейінгі қыздар арасында 🥈 медаль;
Әсия Асылхан – 16 жасқа дейінгі қыздар арасында 🥇 медаль;
Раяна Абайқызы – 8 жасқа дейінгі қыздар арасында 🥉 медаль;
Кәусар Батырбек – 6 жасқа дейінгі қыздар арасында 🥉 медаль.
Рапид бәсекесі:
Айару Алтынбек – 18 жасқа дейінгі қыздар арасында 🥉 медаль;
Әсия Асылхан – 16 жасқа дейінгі қыздар арасында 🥉 медаль;
Кәусар Батырбек – 6 жасқа дейінгі қыздар арасында 🥇 медаль.
Блиц сайысында:
Айару Алтынбек – 18 жасқа дейінгі қыздар арасында 🥇 медаль;
Нұрислам Сұлтанхан – 10 жасқа дейінгі ұлдар арасынд 🥇 медаль;
Кәусар Батырбек – 6 жасқа дейінгі қыздар арасында 🥇 медаль.
Командалық есепте Түркістан облысының құрамасы жалпы есепте үшінші орынды иеленді.Түркістандық жас шахматшылардың бұл жетістігі – өңірде балалар мен жасөспірімдер спортының жүйелі дамып келе жатқанының айқын көрінісі.
