Кез келген дүкеннен, базардан немесе онлайн сауда жасағанда тауардың сапасына немесе сатып алғаннан кейін түр түсіне көңіліміз толмай, оны қайтаруға немесе ауыстыруға тырысатын жағдайлар жиі кездеседі.
Алайда, көпшілігіміз тиісті сападағы (сапалы, бірақ өлшемі не түсі сәйкес келмеген) және тиісті емес сападағы (кемшілігі бар) тауарларды қайтару ережелерін шатастырып жатамыз.
Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңына (бұдан әрі — Заң) сәйкес бұл екі жағдайдың өзіндік бөлек тәртібі мен мерзімі бар.
Тиісті сападағы тауарды қайтару (Тауардың сапасы жақсы, бірақ сізге ұнамады, ойланып қалдыңыз немесе сәйкес келмеді).
Заттың түсі көңіліңізден шықпады, өлшемі не пішіні тура келмеді немесе үйдегі орнына сәйкес келмеді делік. Мұның бәрі – тиісті сападағы тауарлар.
Заңның 14-бабы, тұтынушылардың тиісті сападағы тауарды айырбастау немесе қайтарып беру құқығы.
— Сатып алушы өзіне азық-түлікке жатпайтын тауар берілген кезден бастап он төрт күн ішінде, егер сатушы (дайындаушы) неғұрлым ұзақ мерзім жарияламаса, сатып алынған тауарды сатып алу орнында немесе сатушы (дайындаушы) хабарлаған өзге де орындарда бағасында айырма болған жағдайда сатушымен қажетті қайта есеп айырыса отырып, басқа мөлшердегі, нысандағы, габариттегі, пішіндегі, түстегі, жиынтықталымдағы және осы тәріздегі соған ұқсас тауарға не тараптардың келісімі бойынша басқа тауарға айырбастауға құқылы.
— Сатушыда (дайындаушыда) айырбастауға қажетті тауар болмаған жағдайда сатып алушы сатып алынған тауарды сатушыға (дайындаушыға) қайтарып беруге және оған төленген ақшалай соманы қайтарып алуға құқылы.
— Егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарды сатып алу орны айырбастау немесе қайтарып беру орны болып табылады.
Ескерпе:
— дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды;
— іш киімді;
— шұлық-ұйық бұйымдарын;
— жануарлар мен өсімдіктерді;
— метрлеп сатылатын тауарларды, атап айтқанда, барлық түрдегі талшықтардан жасалған маталарды, тоқыма және перделік кенеп матаны, жасанды теріні, кілем бұйымдарын, тоқыма емес материалдарды, ленталарды, шілтерді, таспаны, сымдарды, бауларды, кәбілдерді, линолеумды, багетті, пленканы, клеенканы;
— ұялы байланыстың верификациялаудан өткен абоненттік құрылғысын қоспағанда, егер тиісті сападағы азық-түліктік емес тауар пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат сақталса, егер шартта неғұрлым ұзақ мерзім белгіленбесе, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік он төрт күн ішінде сатушы (дайындаушы) оны айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті.
Тиісті емес сападағы тауарды қайтару (кемшілігі бар сапасыз тауар).
Кемшілік дегеніміз тауардың техникалық регламенттердің, стандарттау жөніндегі құжаттардың міндетті талаптарына, шарттың ережелеріне, сондай-ақ тауар туралы сатушы (дайындаушы, орындаушы) ұсынған ақпаратқа сәйкес келмеуі.
Тиісті емес сападағы тауар сатылған тұтынушы, егер сатушы (дайындаушы) оған тауардағы кемшіліктер жөнінде айтпаса, өз таңдауы бойынша:
— сатып алу бағасын мөлшерлес кемітуді;
— тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды талап етуге;
— тауардағы кемшіліктерді жоюға жұмсаған өз шығыстарын өтеуді;
— соған ұқсас маркалы (модельді, артикулді) тауарға ауыстыруды;
— сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (моделді, артикулді) сондай тауарға ауыстыруды;
— шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы.
Тиісті емес сападағы тауарды сатушы оның дайындаушысы болып табылмаған жағдайда, сатып алушының таңдауы бойынша талап сатушыға не дайындаушыға қойылуы мүмкін.
Верификациялаудан өтпеген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын сатып алған тұтынушы сатып алу бағасын мөлшерлес кемітуді және шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақшалай соманы қайтаруды сатушыға ғана қояды.
Екі жағдайда да йырбастау осы Заңның 30-бабына сәйкес жүргізіледі.
Тұтынушы тауардың кемшіліктерін тапқан және оны ауыстыру туралы талап қойған жағдайда, сатушы (дайындаушы) оны дереу ауыстыруға, ал сатушыға (дайындаушыға) тауардың сапасын қосымша тексеру (сараптама жасау) қажет болған кезде — тиісті талап қойылған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруға міндетті.
Егер талап қойылған кезде сатушыда (дайындаушыда) ауыстыруға қажетті тауар болмаса, ауыстыру осындай талап қойылған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде жүргізілуге тиіс.
Тауар сапасын қосымша тексерудің (сараптаманың) құнын сатушы (дайындаушы) төлейді. Егер тауарды тексеру (оның сараптамасы) нәтижесінде тауардың кемшіліктері жоқ екендігі немесе кемшіліктер тұтынушының тауарды пайдаланудың, сақтаудың белгіленген қағидаларын бұзуы немесе үшінші тұлғалардың іс-әрекеттерінен не еңсерілмейтін күштің салдарынан тауар тұтынушыға берілгеннен кейін пайда болғаны белгіленсе, тұтынушы сатушыға (дайындаушыға) тексеру (сараптама) жүргізуге жұмсалған шығыстарды, сондай-ақ оны жүргізуге байланысты тауарды тасымалдауға жұмсалған шығыстарды өтеуге міндетті.
Тұтынушы сапаны тексеруге және тауарға сараптама жүргізуге өзі немесе өзінің өкілі арқылы қатысуға, сондай-ақ тауарды тексеруді (оның сараптамасын) өз есебінен жүргізуге құқылы.
Тауар (жиынтықтаушы бұйым) ауыстырылған кезде, егер шартта өзгеше көзделмесе, кепілдік мерзімі оны тұтынушыға берген күннен бастап қайтадан есептеледі.
Тұтынушыларға пайдалы кеңестер!
Чектерді сақтаңыз: Сатып алу кезінде берілген қағаз немесе электронды чекті тауардың кепілдік мерзімі аяқталғанша сақтаңыз.
Жазбаша талап қою: Дау туындаған жағдайда сатушыға екі данада жазбаша наразылық хат (претензия) жолдаңыз (Тұтынушының сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) наразылығы қолма-қол табыс етіледі не табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты пошта жөнелтімі нысанында не сатушының (дайындаушының, орындаушының) электрондық пошта мекенжайы бойынша, егер мұндай мекенжайды сатушы (дайындаушы, орындаушы) бұрын көрсеткен болса, жіберіледі).
Құқығыңызды біліңіз: Сатушылар «сатылған тауар қайтарылмайды» деп қайтаруға жататын тауарлар тұсына плакат іліп қойса да, бұл заңсыз. Егер тауарда ақау болса немесе 14 күн ішінде сапалы тауардың түрі, өлшемі сәйкес келмесе, заң сіздің жағыңызда.
Құрметті тұтынушы тауар сатып алу барысында бұзылған құқықтарыңыз бойынша дұрыс талап қоя білу Сіздің алтын уақытыңыздың кепілдігі!
Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы С.Кенжетайұлы
