Түркістан облысының тұрғындары еліміздің су басқан өңірлеріндегі жағдайға алаңдаушылық танытып, өз көмектерін көрсетіп жатыр. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының тапсырмасымен өңірде гуманитарлық көмекті үйлестіретін штабтар құрылып, жұмыс істеп жатыр. Су тасқыны болған уақыттан бері өңірден Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарына 371 тонна гуманитарлық көмек жөнелтіліп, еріктілер көмекке барды. Ал бүгін Түркістан халқы атынан 9 ауыр жүк көлігі мен қосымша көліктерге тиелген 200 тоннаға жуық кезекті гуманитарлық көмек керуені жолға шықты. Онымен бірге 50 ерікті жас арнайы автобуспен жіберілді. Олар су тасқыны салдарын жою, ұйымдастыру жұмыстарына атсалысады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы аясында Түркістан облысы ҚХА жанындағы Түркістан облыстық өзбек және түрік этномәдени бірлестіктері бірлесе отырып, 5 жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмекті су басқан аймақтарға жөнелтті. Сонымен бірге Сарыағаш, Отырар, Келес, Сайрам, Сауран ауданы мен Кентау қаласы тұрғындары атынан қажетті заттар тиелген жүк көліктері де жолға шықты. Оларға негізінен азық-түлік, көрпе-төсек, киім-кешек және құрылыс материалдары артылған. Іс-шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев атқарылып жатқан шараның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ күрделі жағдай кезінде көмек қолын созған облыс тұрғындарына, кәсіпкерлеріне, жастарына, өңірдегі Ассамблея мүшелеріне, этномәдени бірлестіктерге алғысын білдірді.