Сайрам ауданы аумағындағы Орталық саябақта 9 мамыр — Ұлы Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Жиында ескерткішке гүл шоқтары қойылып, сұрапыл соғыста жанқиярлықпен ерлік көрсеткен батырлар мен бабалар рухына құран бағышталды. Жастарды отаншылдыққа, азаматшылдыққа, Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ардақтауға, өз Отанын сүюге және үлкендерді сыйлауға тәрбиелейтін іс-шара аясында аудан әкімі құттықтау сөз сөйледі.
«Сіздерді 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, батыр бабаларымыздың, әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытты. Біз қашанда ерлік пен батырлықтың көзсіз үлгісін көрсеткен жауынгерлердің рухына тағзым етіп, бас иеміз. Осынау сұрапыл соғыста біздің Сайрам ауданынан 20 195 адам соғысқа аттанып, соның 8 115-і еліміздің бостандығы жолында қаза тапты. Біз ұдайы «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды» деген ұранды ұстанған халықпыз. Бүгінгі жас ұрпақ аға буын ардагерлер көрсеткен қаһармандық пен қайсарлықты, батырлық пен батылдықты үйренеді. Сіздерді Жеңіс күні мерекесімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Ұрпақтарыңыздың қуанышын көріп, бақытқа кенеле беріңіздер! Баршаңызға мықты денсаулық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын!» Арман Сәбитов.