Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес ерекше күтімді қажет ететін бүлдіршіндердің көңілін көтеру мақсатында Жетісай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен Жетісай қаласында «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне» орай мерекелік іс-шара өтті.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлан Райымбеков, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Бақыт Жаңбырбаев пен үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілетін бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары қатысты.
Аудан бойынша бүгінгі таңда 18 жасқа дейінгі 1373 мүмкіндігі шектеулі бала бар болса, оның 325-і үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілетін бүлдіршіндер. 49 бала І топ, 296 бала ІІ топ, 438 бала ІІІ топ мүгедегі ретінде есепке алынса, 590 балатобы бойынша тіркелмегенімен мүгедектігі барлар.
Одан бөлек, мүмкіндігі шектеулі балаларға сауықтыру, әлеуметтік оңалту шараларын өткізуге бағытталған қажетті арнаулы әлеуметтік қызметтер кешенін ұсынатын арнайы орталықтар жұмыс істеуде.
Іс-шара барысында бүлдіршіндерге демеушілер тарапынан мерекелік дастархан жайылып, сый-сияпат жасалды. Демеушілік жасаған жомарт жандарға аудан әкімі Серік Мамытов пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұрлан Райымбековтың алғыс хаттары табыс етілді. Аудан өнерпаздары мен мерекеге қатысушы бүлдіршіндердің мерекелік концерттік бағдарламалары ұсынылды.
Бүкіл әлемде 1 — ші маусым Балаларды қорғау күні ретінде аталып өтіп, ескі халықаралық мейрамдардың бірі ретінде саналады. Оны өткізу жөнінде шешім 1949 жылдың қараша айында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданды.
Алғашқы халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылы өткізілді БҰҰ аталған бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды.
Балаларды қорғау күні олардың өмірін соғыстан қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек, артық айтқандық емес.
Дәл осы күні болашақта адамгершілікке, әділдікке, баянды өмірге толы қоғам құру үшін оның негізі — балаларға барлық жағдай жасау керектігі тағы да паш етіледі.
БҰҰ-ның жүргізген сауалнамасына жүгінсек, бүгінгі таңда әлемде әрбір оныншы бала үлкендер тарапынан жасалатын зорлық пен зомбылыққа ұшырайды екен.
Әлемде өмірі қатерге толы балалар да баршылық. Аш-жалаңаштық, соғыс өрті, терактілер балалар ғана емес, үлкендердің де психикасына кері әсерін тигізеді. Бұл- қорғансыз балалардың басына түскен үлкен ауыртпалық екендігі шындық.
Жасөспірімдер арасында нашақорлар саны өсуде, олардың жартысынан астамы ішімдік ішуден де кет әрі емес.
Осылайша, Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Адамзаттың алдында тұрған зор міндет — болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру.