Home Жаңалықтар ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ЖАЛҒЫЗ ЖЕЛКЕН» ҚОЙЫЛЫМЫНЫҢ ПРЕМЬЕРАСЫ ӨТТІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ЖАЛҒЫЗ ЖЕЛКЕН» ҚОЙЫЛЫМЫНЫҢ ПРЕМЬЕРАСЫ ӨТТІ

Daismedia.kz

Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрында жаңа қойылымның премьерасы өтті. Драматург Әлдихан Қалдыбаевтың «Жалғыз желкен» пьесасы негізінде сахналанған спектакльді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, режиссер Қуандық Қасымов, Бекболат Құрманқожаев, Бекжігіт Сердәлі, Бақыт Сраилов, Индира Икапова, Пернекүл Нәлтаева, Ардақ Бейсенова сынды зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары тамашалады.

Қойылым алдында мекеме басшысы Арман Алиев БАҚ өкілдеріне театрдың тыныс-тіршілігін таныстырды. Ал спектакльдің қоюшы-режиссері, театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Айдар Наурызбаев қойылым туралы, бастапқы атауы ауысқаны жайлы тарқатты. Басты рөлдерді сомдаушы театр әртістері өз рөлдері туралы баяндады.

Қойылым желісі басты кейіпкер – 49 жастағы облыс әкімінің айналасында өрбиді. Спектакльдің көркемдік идеясы – сыбайлас жемқорлықпен күреске бағытталған. Бұл пьесаны театрдың қоюдағы мақсаты, сахна арқылы қоғамда кең тараған парақорлықты, жемқорлықты көрсету, яғни қоғамға рухани ой салу арқылы жемқорлықтың тамырына балта шабу. Өкінішке орай қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық қоғамымызда кең тараған. Ал театр әрқашанда қоғам ағымымен бірге ағып, қоғамда болып жатқан экономикалық немесе саяси, діни, әлеуметтік құбылыстарға өзіндік бағасын береді. Демек бұл спектакльдің сахнаға шығуы заңды құбылыс.

Драмалық спектакльді қоюға көптеген тәжірибелі мамандар атсалысты. Қойылымның жарық жөніндегі суретшісі – Жанболат Рсимбетов, қоюшы суретші – Қанат Шериев. Композиторы – Қанат Жұмабаев. Тәжірибелі маман, костюм жөніндегі суретші – Меруерт Сейсембекова. Гримм бойынша суретші – Қарлығаш Сапарханова.

Басты рөлдерде Жасұлан Тұрғанбаев, Бағлан Төлендиев, Мұрат Құрманбеков, Шәкен Амантұров, Айдар Наурызбаев, Рауан Шырынбеков, Талғат Қарынбаев, Бақдәулет Шаймахан, Қанат Садықбеков, Нұржан Ізтаев, Жандос Маханов, Ғалымжан Жакипов, Ерқайрат Бимурзаев, Ғалымжан Бейсенбаев, Олжас Сәрсенов, Дәурен Жанәділов сынды таланттар ойнайды.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің жанынан ашылған өнер бөлімі ретінде ұйымдасып, кейін Түркістан қалалық театры болып 2000 жылы 9 наурызда ашылды. Театр ұйымдастырушысы әрі көркемдік жетекшісі — Қазақстанның халық артисі Р. Сейтметов.
2002 жылы театр музыкалық-драма театр болып қайта құрылды.
2017 жылы театрға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Р. Сейтметовтің есімі берілді.
Театр репертуарында 70-ке жуық спектакль бар, оның 18-і балаларға арналған. Б.Вахапзаденің «Көк-Түріктер», С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек», У.Шекспирдің «Асауға-тұсау», Қ.Мырза-Әлидің «Әмір-Темір», С.Ахмад «Келіндер көтерілісі», М.Байджиевтің «Қалыңдық пен күйеу», Т.Жандәулетовтың «Еркек», Ш.Мұртазаның «Домалақ ана», Ж.Жұматтың «Абақты ғұмыр», Ш.Уәли-Ханның «Кадет Шоқан», Д.Исабековтың «Құстар фестивалі», Ә.Қалдыбаевтың «Әкімнің туған күні», Ж.Рахматулланың «Өршіл Рух», С.Оспановтың «Мұңлық – Зарлық», Т.Минулиннің «Диляфрузға төрт күйеу» қойылымдары көрерменге жақсы таныс.

You may also like

Leave a Comment