Бүгін Түркістанда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні аталып өтті. «Бақытты балалық шақ» мерекелік іс-шарасына облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, балалармен бірге көрме мен концерттік бағдарламаны тамашалады.
– Балаларға қамқорлық пен толыққанды тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау – мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі және басым бағыттарының бірі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында балаларға жағдай жасау, олардың сапалы білім алуына қолдау көрсету туралы үнемі айтып келеді. Бүгінгі бала – елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Балаларға жағдай жасау үшін облыста денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау, инфрақұрылым бағытында нақты шаралар қолға алынып, жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Осы жұмыстар нәтижесінде биылғы оқу жылын облыс оқушылары үлкен жетістіктермен аяқтады. Халықаралық, республикалық, ғылыми жоба байқаулары мен пән олимпиадаларында дарынды балаларымыз 23 алтын, 17 күміс, 20 қола медальға қол жеткізіді. Бұл – біздің өңірде талантты, білімді, жігерлі балалар өсіп келе жатқанының белгісі. Қымбатты балалар! Сіздерге мықты денсаулық, бейбіт өмір, бақытты балалық шақ тілеймін. Жазғы демалыстарыңыздың қызықты өтуіне шын жүректен тілектестігімді білдіремін, – деген өңір басшысы халықаралық, республикалық байқаулардың, олимпиадалардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздарын марапаттады. Сондай-ақ қаржылай сыйақы сертификаты тапсырылды.
Еліміз бойынша жаңа мектептер ашу жөнінен де өңір алдыңғы қатарда. Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары біздің өңірде 63 мектептің құрылысын салу жоспарланған. Биылғы жазғы демалысты тиімді өткізу мақсатында облыстық бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлінді. Жазғы сауықтыру лагерлерінде 35 мыңнан астам оқушы бюджет есебінен тегін, «Қазақстан халқына» қоры есебінен 3421 оқушы жазғы сауықтыру лагерлерімен тегін қамтылады. Бұл маусымның тағы бір ерекшелігі алғаш рет лагерінде шатырлы және этно лагер ұйымдастырылады.
«Керуен сарай» туристік кешенінде өткен жиында тақырыптық көрме жасақталған. 500 оқушыдан құралған домбырашылар бір мезетте күй тартты. Балалардың қолданбалы өнер бағытындағы шығармашылық жұмыстарының жәрмеңкесі өтті. «Шымкент-цирк» мекемесі пен Қуыршақ театрының мерекелік қойылымы көрсетілді. «Кітаптар жазы» көрмесі және «Farab» кітапханасының балаларға арналған кітаптар көрмесі жасақталды. «Drone challenge» және «Robo fest» көрмесі де мереке сәнін кіргізді.
Колледж студенттерінің өз қолдарынан жасалған ұлттық киім үлгілерінен үздік «Дефиле» топтамасы көпшілік назарына ұсынылды. Мектеп оқушылары арасында «Интеллектуалды ұлт» шахмат, дойбы ойындарынан көрсетілімдік сайыс өткізілді. «Айбын» әскери-патриоттық қозғалысының оқушыларынан құралған үздік іс-қимылдар көрсетілді. Балалар үшін аквагрим ұйымдастырылды. Аудан, қалалардан келген үздік суретші балалардың «Түркістан балалар көзімен» көркемсурет галереясы ұсынылды.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдараламаға ұласты. Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнерпаздарымен бірге «Ақжайық» музыка мектебінің таланттары өнер көрсетті. Сонымен қатар жалпы облыстың дарынды балалары да кешке атсалысты.
Айта кетейік, облыс халқының 38%-ы балалар, олардың 155-мыңнан астамы бақшада, 520 мыңы мектепте білім алуда. Еліміздегі әрбір 7-ші оқушы Түркістан облысында. Бұл республикадағы ең үлкен көрсеткіш. Өңірде балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасалуда. Балабақша, мектеп, «Оқушылар сарайы», түрлі өнер және спорт үйірмелері жұмыс істеп тұр.
Баланың ең сенімді қорғанысы – дені сау, тату, берекелі отбасы. Балалар біздің үмітіміз, болашағымыз. Қуаныш пен шаттыққа толы балалық шақтан асқан сұлулық жоқ, оны солай ету – отбасының, қоғамның, мемлекеттің міндеті.
Балаларды қорғау күнінің мақсаты – балалардың өмір сүруге, пікір бостандығына, білім алуға және қорғауға құқығы бар екенін еске салу.
Бұл мереке 1949 жылы қарашада Әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясы конгресінің шешімімен бекітілді.
Қазақстан Республикасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі негізгі халықаралық құқықтық құжаттарды ратификациялады, оларды жүзеге асыру барысында балалардың құқықтары мен міндеттерін белгілейтін тиісті заңдар мен қаулылар қабылданды.
Негізгі халықаралық шарт – 1989 жылы 20 қарашада Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған Бала құқықтары туралы конвенция.
Бұл күні еліміздің түкпір-түкпірінде мәдени іс-шаралар өткізіліп, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлалады, соның ішінде көрмелер, шығармашылық фестивальдар, спорттық жарыстар және тағы да басқа іс-шаралар бар.
Күллі әлем балаларды қорғау күнін атап өтеді. Бұл бізге ел болашағы – өскелең ұрпақ қолында екенін тағы бір мәрте еске салады. Ересектер әлеміндегі бітпейтін жанжалдар мен соғыстан көп жағдайда балалар жапа шегеді. ХХ ғасырдағы әрбір дүниежүзілік соғыстан кейін, көптеген бала алаңсыз балалық шағынан айырылып, үй-күйсіз, далада қаңғып, жетімдіктің ауыр азабын тартты. Сол себепті бүкіл адамзат қауымы алдында осындай қиындықтарды шешу мәселесі тұрды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін, 1925 жылы Женевада арнайы Дүниежүзілік конференция өткен еді. Онда қаралған басты мәселе – соғыстан жапа шеккен балалардың тағдырына жауапкершілік алып, олардың әл-ауқатын көтеру мәселесі болды. «History of International Children’s Day» мақаласындағы деректерге сүйенсек, осы шақырылымнан кейін бірнеше жылдан соң өзінің жүз жылдық мерейтойын атап өтетін халықаралық балаларды қорғау күні бастау алды. Халықаралық балаларды қорғау күні күнтізбеде 1 маусым болып бекітілген. Бұл күнді таңдауға екі тарихи оқиға себеп болған: 1925 жылы Женева конференциясының өтуі; Сан-Францискода Қытайдың бас консулының жетім балаларға арнап айдаһар-кемелер мерекесін өткізуі. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін күллі әлемге соғыстан кейінгі балалық мәселесін шешуге тура келді. 1949 жылдың күзінде Халықаралық әйелдер демократиялық қауымдастығының конференциясы өтті. Онда балалардың бақытты болуының басты себебі тек әлемнің тұрақтылығында деген ой айтылды. Осылайша аталған конференцияда Балаларды қорғау күні ресми түрде бекітілді. Бұл шешімді сол жылдары енді құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымы да (БҰҰ) қолдады. Бұған қоса БҰҰ балалар құқығын қорғау мекеменің басты бағыттарының бірі болатынын мәлімдеді. 1950 жылдары ондаған елде Халықаралық балаларды қорғау күні атап өтіле бастады. Жүзі бал-бұл жанған балалар. 1940 жылдың соңы адам құқығын қорғау кезеңі ретінде тарихта қалды. Сол жылдары адамзат қауымы балалар құқығын қорғау ісін де қолға алып, бірқатар тиісті халықаралық құжатты әзірледі: 1959 жылы декларация қабылданды. Онда балалардың өмір сүруі, оларды зорлық-зомбылықтан қорғау, мемлекет тарапынан олардың болашағының жарқын болуына атсалысу сынды қаулылар құжат жүзінде бекітілді. Декларация қабылданғаннан кейін 20 жыл өткен соң 1979 жыл — Халықаралық балалар жылы деп жарияланды. Тағы бір онжылдықтардан кейін, 1989 жылы балалар құқығы туралы конвенция қабылданды. Бұл құжаттың мәртебесі жоғары: ол декларациямен салыстырғанда, халықаралық құжат ретінде қарастырылды әрі ол өскелең ұрпақтың мүддесін қорғап, олардың құқықтарының қорғалуының кепілі ретінде бекітілді. Бұл кепілдіктің барлығын әлемнің көптеген елі мен БҰҰ-на мүше елдер қабылдады. 1946 жылы БҰҰ жанында балаларға көмек көрсетуге арналған арнайы ұйым – ЮНИСЕФ құрылды. Ол түрлі елдердің үкіметі мен жеке тұлғалардан қайырымдылық қаражатын жинайды. Аталған қаржының барлығы балалар мәселесін шешуді көздейтін әлем бойынша арнайы қызмет жұмысын құру және оны жүзеге асыру ісіне жұмсалады. Ұйымның негізгі мақсаттары: Балалардың өмірін жақсартуға оңтайлы жағдай жасау әрі оларға өмірдің түрлі қиын жағдайларында көмектесу. Балалардың өмірі мен денсаулығын күту – вакцина салу және алғашқы көмек көрсету. Дамуы артта қалған елдердің балаларына оқу ұйымдастыру, оларға оқу материалдарын ұсыну. Халықаралық балаларды қорғау күні не үшін қажет деген сұраққа келер болсақ, бұл мереке ересектерге балалар әлемі нәзік екенін, оларға үнемі қолдау мен қорғау қажет екенін еске салады. Атаулы күн күллі адамзат баласын жасөспірірімдер мәселесіне бей-жай қарамай, мемлекеттік деңгейде олардың шешілуіне кепілдік бере алу керектігін айғақтайды. Бұл күні барлық балалар мекесі мен отбасы мерекені естен кетпестей етіп өткізуге тырысады. Халықаралық балаларды қорғау күнінің өз нышаны – туы бар. Оның түсі жасыл әрі тудың ортасында түрлі-түсті бояумен салынған балалардың сұлбалары бейнеленген. Олардың барлығы Жер шарына қол тигізіп, баршаның мәңгілік мекені – Жер екенін көрсетеді. мен қy. Балаларды қорғау күнінің мақсаты не және оны қалай атап өту керек? Балаларды қорғау күнінің атап өтілуі – олардың құқықтары қазіргі қоғамда қалай қорғалып жатқандығына назар аударудың басты себептерінің бірі болып табылады. Бұл дүниежүзіндегі балалардың өзекті мәселелерін шешуге арналған мүмкіндік болып саналады. Ал балалар үшін отбасымен қарсы алатын, естен кетпес естеліктерге толы мереке болып есте қалмақ. Балалаларды қорғау күнінің міндеттері Мерекелік күннің негізгі міндеті – Халықаралық конвенцияда бекітілген, балалар құқықтарын қоғамға тағы бір рет еске салу әрі оны насихаттау болып табылады. Олардың қатарына төмендегілер жатады: Өмір сүру құқығы. Балалар өмірі түрлі әскери қақтығыстардан, ауыр сырқаттардан, аштық пен кедейліктен қорғалуы тиіс. Лайықты өмір сүруге, тәрбие алуға, оқуға және физикалық әрі рухани тұрғыда дамуына тең құқылы болу. Балалар құқығын қорғау күнінде сонымен бірге әлем бойынша балаларға қатысты шешілмеген, түйткілді мәселелерге назар аударып, оны шешу жолдарын ұсынуға баса мән беріледі. Мұндай өзекті мәселелердің қатарына мыналар жатады: Кей елдерде халықтың басым көпшілігі, оның ішінде балалар аштықтың зардабын шегеді. Балалар әскери қақтығыстардан, ЖИТС, ВИЧ-инфекциясы және өзге де күрделі аурулардан көз жұмады. Үшінші әлем елдерінде кәмелет жасына толмаған балаларды ауыр еңбекке салып, құлдыққа сатады. Оқу орындарының болмауы салдарынан кей балалар кейде тіпті бастауыш мектепте білім ала алмай жатады. Көптеген дамыған елде теледидар, интернеттің теріс әсері сынды проблемалар да бар. Салдарынан жасөспірімдер арасында интернетке тәуелділік, жағымсыз әдеттерге деген қызығушылық артып келеді. Балалардың күйзелісі көп жағдайда психикалық ауытқушылықтарға, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға әкеп соқтырып жатады. Бұдан бөлек олардың арасында шылым шегу, ішімдік ішу, есірткі сынды күрделі мәселелер белең алып келеді. Қазақстанда балалар құқығын қорғау конвенциясы 1994 жылы қабылданды. Олардың басты талаптары елдегі балалар құқығын қорғау жүйесінің негізіне айналды. Республикада балалардың құқығын барлық деңгейде қорғайтын мынадай заңдар қабылданды: ҚР Конституциясына сәйкес (27 бап) отбасы және балалар мемлекет қорғауында болады. «ҚР балалар құқығы туралы» Заңында балалардың өмірін және денсаулығын қорғау, олардың ар-ожданына қол сұқпау, қажетті өмір сүру деңгейі, білім алу, балалардың мүліктік құқығы, мемлекеттік көмек және демалыс, бос уақытын өткізу сынды құқықтары бекітілген. ҚР «Неке және отбасы туралы» кодексінде кәмелет жасына толмаған балалардың құқығын қорғау баптары енгізілген. Қазақстанда Білім және ғылым министрлігі жанынан Балалар құқығын қорғау комитеті құрылған.
Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Адамзаттың алдында тұрған зор міндет — болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру.